Татулық – бірлік бастауы
Татулық – бірлік бастауы
30.04.2025
177
0

 

Қазақ халқы қашаннан татулық пен бірлікті ту еткен ел. Сан ғасырлық тарихымызда бірлігін сақтаған жұрт – жойылмаған, керісінше, өсіп-өркендеген. Бүгінгі таңда еліміздің көпұлтты, көпконфессиялы қоғамы үшін татулық – тек рухани құндылық қана емес, ол – тұрақтылық пен даму кепіліне айналып отыр.

Татулық – адамдар арасындағы өзара сыйластық, түсіністік пен келісім. Бұл ұғым отбасынан басталып, қоғамға, мемлекетке дейін жалғасады. Егер отбасы мүшелері арасында татулық болмаса, ол шаңырақ шайқалады. Сол сияқты, бір ел ішінде алауыздық орын алса, халықтың ынтымағы бұзылып, елдің іргесі сөгілері анық.

Қазақстан – 130-дан астам ұлт пен ұлыстың ортақ Отаны. Түрлі тілде сөйлейтін, әртүрлі дінді ұстанатын азаматтардың бейбіт, қатар өмір сүруі – татулықтың нақты көрінісі. Бұл – кездейсоқ жетістік емес, бұл – саналы саясаттың, сабырлы халықтың жемісі.

Бірлікке бастар жол – татулық. Ел ішінде тұрақтылық сақталса ғана білім, ғылым, экономика және мәдениет дами алады. Бұл – өркениетті қоғамның басты шарты.

Бүгінгі жастар – ертеңгі ел болашағы. Сол себепті жас буынның бойына татулықтың қадірін сіңіру – аса маңызды міндет. Бұл ретте білім беру орындары, БАҚ, дін өкілдері, қоғамдық ұйымдар үлкен рөл атқара алады.

Қазақ халқының тарихында татулық пен бірлік – елдігіміздің, мемлекеттігіміздің іргетасы саналған. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген халық нақылдары ел ішіндегі татулық пен ауызбіршіліктің аса жоғары бағаланғанын көрсетеді. Бұл тек әлеуметтік қатынастарға ғана емес, рухани өмірге, дінге де тікелей байланысты.

Әлемдік діндердің барлығы татулық пен бірлікке үндейді. Ислам діні, әсіресе, адамдар арасындағы келісімді, өзара сыйластықты, әділдікті басты құндылық етіп ұстанады.

Қазақстан – көпұлтты ғана емес, көпконфессиялы мемлекет. Елімізде ислам, христиандықтың бірнеше тармағы, иудаизм, буддизм және өзге де діни сенімдер қатар өмір сүріп келеді. Осындай алуан түрлі діни сенімдер мен мәдениеттердің бейбіт қатар өмір сүруі – еліміздің татулық пен түсіністікке негізделген саясатының жарқын жемісі.

Алайда соңғы жылдары елімізде кейбір деструктивті діни ағымдардың таралуы байқалды. Бұл ағымдар дінді саясиландырып, қоғамда алауыздық туғызуға тырысады. Олар жастардың діни сауаты болмағандықтан оңай арбауға түсіреді, отбасынан, қоғамнан бөліп, өз идеологиясына бағындырады. Мұндай радикалды ағымдар ең алдымен ұлттың рухани тұтастығына, ел ішіндегі татулыққа қауіп төндіреді.

Қазақстанда қабылданған мемлекеттік діни саясат бұл қауіптермен күресуге бағытталған. Дін істері комитеті, жергілікті басқару органдары, теологтар, имамдар мен дінтанушылар бірігіп, деструктивті діни идеологияның таралуына жол бермеу бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда.

Татулық – бұл тек тыныш өмір сүру ғана емес, бұл – ортақ мүддені бөлісе білу, бірін-бірі түсіну, өзгеге құрметпен қарау. Бұл – дінге деген көзқараста да, ұлттық ерекшелікте де, өмір салтында да көрініс табуы тиіс. Бірлігі мен татулығы жарасқан елде бөлінушілікке, радикалды идеологияларға, қоғамды іштен ірітуге бағытталған әрекеттерге жол берілмейді.

Бүгінгі күні жастар жат ағымдардың басты нысанасына айналып отыр. Сондықтан жастардың діни сауаттылығын арттыру, дін мен дәстүрдің арақатынасын түсіндіру, ұлттық рухани кодқа сай тәрбиелеу – ең өзекті міндеттердің бірі.

Білім беру мекемелерінде, мешіттерде, қоғамдық ұйымдарда жастар арасында түсіндіру, ағарту жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуі қажет. Бұл бағытта ата-ананың, мұғалімнің, имамның, теологтың орны бөлек.

Татулық – ұлтты ұйыстыратын ұлы күш. Бірлігі бекем елдің іргесі берік болады. Біз үшін басты мақсат – тұрақтылықты сақтау, дін мен дәстүрді ұштастыра отырып, рухани қауіптерге қарсы тұру. Ел ішіне іріткі салатын кез келген жат ағымға қарсы тұрудың ең тиімді жолы – халықтың бірлігі мен татулығы.

Осы орайда, әр азамат өз орнында елге адал қызмет етіп, айналасындағыларға құрметпен қарап, қоғамда бейбітшілік пен келісімнің нығаюына атсалысуы қажет. Татулықты сақтау – сөзбен емес, іспен дәлелденетін қасиет.

 

 

Г.Бекжан

 

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ           

теолог маманы                                                                

 

0 пікір