Сүтпен сіңген тәрбие – ұлт болмысының негізі
Сүтпен сіңген тәрбие – ұлт болмысының негізі
25.08.2025
206
0


Қазақ халқы ұрпақ тәрбиесіне ешқашан жеңіл қарамаған. «Баланы бастан» деген қанатты сөзден бастап, бесік жырынан бойға дарыған тәлім-тәрбиенің ізі – ұлттың тұтас болмысын қалыптастырады. Әсіресе, ананың сүтімен, әлдиімен даритын тәрбиенің орны – ерекше. Бұл – ұлттық сананы оятатын, рухани өзегімізді мықты ететін басты негіздердің бірі. Ананың сүті – рухани кодтың бастауы. Әр халықтың болмысын ұрпақ тәрбиесіне деген қатынасынан тануға болады. Қазақ халқы үшін ана – тәрбие мектебінің іргетасы. Ол – баланың алғашқы ұстазы, ең сенімді бағыт беруші, көзге көрінбейтін рухани бағдаршам.
Ана сүтімен даритын алғашқы тәрбие – баланың болашақ тұлғалық бейнесіне негіз болады. Бесік жырындағы әрбір жол, апасының берген батасы, әженің ертегі-жырлары – ұрпақ санасына ұлттық рухты сіңіріп, тектілік пен тәртіпті, шынайылық пен сабырды ұялатады. Мұндай құндылықтар – уақыт өте келе тұлғаның ішкі өзегін қалыптастырады. Сүтпен сіңген тәлім – ұлт мәдениетінің діңгегі. Тәрбие – ұлт мәдениетінің іргетасы. Қазақы танымда бала тек отбасының емес, елдің аманаты ретінде қаралған. Сондықтан да «Ж еті атасын білген ұл – жеті рулы елдің қамын жейді» деп, тек биологиялық емес, рухани жалғастық та алдыңғы орынға қойылған. Сүтпен сіңген қасиеттер – тектіліктің, ар-ұяттың, елдік сана мен отансүйгіштіктің қайнар көзі. Мұндай қасиеттер кейін болашақ басшының, ұстаздың, азаматтың, ананың бойында көрініс табады. Қоғамда жауапты, парасатты, әділетті тұлғалар тәрбиелеу үшін тәрбиенің осы бастауын құрметтеуіміз қажет. Жаһандану дәуіріндегі ұлттық тәрбиенің маңызы. Қазіргі заманда ұрпақ тәрбиесі күрделі кезеңге қадам басты. Технологияның қарқыны, ақпараттың шексіздігі, шетелдік мәдениеттің үстемдігі – қазақы танымға жат көзқарастардың таралуына жол ашып отыр. Мұндай заманда ұлттық негізге сүйенген тәрбие – жалғыз қорғанымыз.
Егер бала жастайынан қазақы құндылықпен тәрбиеленсе, ол өз болмысын, өз ділін жоғалтпайды. Саналы түрде әлемдік білімді меңгере отырып, ұлтына қызмет ететін тұлғаға айналады. Міне, осы – сүтпен сіңген тәрбиенің ұзақ мерзімді жемісі.
Қорытындылай келе сүтпен сіңген тәрбие – бұл ұлттың рухани генетикасы. Ол – адамның болмысына бала кезден даритын тәрбие үлгісі ғана емес, тұтас ұлттың мінез-құлық, мәдениет, көзқарас, дүниетаным қалыптастыратын рухани өзегі. Оны жоғалтсақ – тамырымыздан ажыраймыз, сақтасақ – болашағымыз бекем болады. Сүтпен сіңген тәрбие – ұлттың рухани діңгегі. Ол – ұрпақтың бойына ел мен жерге деген махаббатты, адамдық пен кісілікті, иман мен инабатты дарытатын сарқылмас қазына. Тәрбие ұлттың өміршеңдігін қамтамасыз ететін басты құндылықтардың бірі екенін ұмытпауымыз керек.

Ұлт ретінде ұлық болғымыз келсе, ұрпақты тәрбиелеуге келгенде ұсақталып қалмауымыз қажет. Тектілік – сөзде емес, тәрбиеде. Ұлттың болмысы – ана сүтінен басталады. Сол себепті:
- Бесіктен бастап ұлттық тәрбие беру – маңызды мемлекеттік саясатқа айналуы тиіс;
- Аналар мектебін, әже мектебін жаңғырту – рухани жаңғырудың бір жолы;
- «Сүтпен сіңген тәрбие» ұғымын тек поэтикалық тіркес емес, ұлттық стратегия деп қарау қажет.
Ұлт тәрбиесі – ұлт болашағы. Сүтпен сіңгенді жүрекпен сіңіре алсақ – Мәңгілік Елдің іргесі сөгілмейді.

 

Қ.Салықбаев

 

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын

ұйымдастыру бөлімінің басшысы                                     

0 пікір