Әрбір адамның табысқа жету жолы – оның алғашқы ізденісі мен еңбегінен бастау алады. Шәкірттік шақ – арман мен білімнің тоғысқан, өмірлік ұстаным қалыптасатын ең маңызды кезең. Бұл уақыттағы шабытты қадамдар – болашақтағы жетістіктің алғашқы баспалдағы. Жаңа оқу жылын дұрыс бастау үшін шәкірт алдына мақсат қойып, уақытын тиімді пайдаланып, білімге құштар болуы тиіс. Мұғалім мен ата-ананың қолдауы – мотивацияның ең үлкен қайнар көзі. Ең бастысы – әрбір оқушы өзінің білім алуы тек бүгінгі күн үшін емес, болашақтағы жарқын өмір үшін қажет екенін түсінуі керек.
Адамзат дамуының негізі – білім. Білімсіз қоғамның өркениетке жетуі, ғылым мен мәдениетте алға басуы мүмкін емес. Дегенмен, білім әрқашан ізгілікке бастайды деп ойлау қате. Егер ол дұрыс жолмен, белгілі тәртіппен берілмесе, пайдасынан гөрі зияны басым болуы ықтимал. Осы тұрғыдан алғанда, «тәртіпсіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген ойдың маңызы зор. Білім – адам ақылын жетілдіретін құрал. Бірақ оны қалай пайдаланатынымыз шешуші рөл атқарады. Мысалы, бір адам алған білімін жаңа технология жасауға, қоғамға пайда келтіруге жұмсаса, екінші біреу дәл сол білімді соғыс қаруын жетілдіруге қолдануы мүмкін. Сондықтан да білім міндетті түрде тәрбие, адамгершілік қағидаларымен ұштасуы тиіс.
Адамды алға жетелейтін ең үлкен күш – оның арманға деген сенімі мен нақты жоспары. Шәкірттің қолына қалам алып, білім жолына түсіп, үлкен мақсатқа ұмтылуы – жай ғана қадам емес, өмірлік белес. Кітап парақтап, жаңа сөз үйреніп, ой түюдің өзі – ертеңгі жетістіктің іргетасы.
Тарихқа көз жүгіртсек, ұлы тұлғалардың барлығы да шәкірттік кезеңнен өткен. Әл-Фараби, Абай, Жүсіп Баласағұн секілді даналардың алғашқы ізденістері, талаптары – кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық істердің бастауы еді. Олардың табысқа жетуі бір күнде келген жоқ, жылдар бойы төккен тер мен үздіксіз ізденістің жемісі болды.
Әр шәкірттің қадамы ұстаздың ақылымен нұрланады. Ұстаздың айтқан бір ауыз жылы сөзі, берген батасы жас жүрекке шабыт сыйлап, болашаққа деген сенімді еселейді. Ұстаз – бағыт беруші, ал шәкірт – сол бағытпен болашаққа қадам басушы. Білім аламын деген кез келген адам уақытын тиімді пайдалана алуы керек, кітап оқуды әдетке айналдыру және білмегенін әдеппен сұрау да маңызды. Тәртіп пе әдепті сақтау, үздіксіз ізденіс жаңа нәрсені үйренуден жалықпау – табысты оқушының басты қасиеті. Ғаламторды пайдасыз нәрселерге емес, дұрыс ақпарат іздеуге пайдалану – болашағы жарқын жастың дағдысы.
Қазақ халқы «Ұстазыңды сыйласаң – ұрпағың өнегелі болады» деп бекер айтпаған. Әрбір шәкірт ұстазын құрметтеу арқылы өзіне де, болашағына да жол ашады. Ұстазға құрмет – шәкірттің кісілік қасиетін танытады. Шәкірт ұстазын сыйласа, алған біліміне береке қонады, өмір жолы да нұрлы болады. Шәкірттің алғашқы жетістігі ұстаз үшін де, ата-ана үшін де зор қуаныш. Сондықтан әрбір жас өзінің ұстазын құрметтеп, сол жолда еңбек етуден тайсалмауы қажет.
Болашақ табыстың бастауы – бүгінгі ізденісте: Әлемнің дамуы да, қоғамның ілгерілеуі де жастардың талпынысына тікелей байланысты. Бүгінгі шәкірт ертеңгі ел тұтқасы. Оның бүгінгі ізденісі – болашақтың іргетасы. Шәкірттің арманға толы жүрегі мен адал еңбегі – ел ертеңінің кепілі. Бүгінде түрлі мүмкіндік бар – білім беру орталықтары, кітапханалар, онлайн сабақтар, ұстаздық дәрістер. Шәкірт соларды тиімді пайдалана білсе, ертеңгі күні қоғамға пайдасын тигізетін, елінің мақтанышы болатын азаматқа айналары сөзсіз.
Қ.Мырзабай
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің бөлім маманы
Шәкірттің шабытты қадамы – болашақ табыстың бастауы
