Сақтықта қорлық жоқ!
Сақтықта қорлық жоқ!
28.01.2026
703
0

Деструктивті діни ағым – бүгінгі қоғам үшін көзге көрінбейтін, бірақ әсері терең әлеуметтік құбылыстардың бірі. Ол бір күнде, бір әрекетпен пайда болмайды. Керісінше, ол адамның санасына біртіндеп, байқалмай сіңеді. Көп жағдайда бұл процесс қарапайым сұрақтан, «рухани ізденістен» немесе өмірлік дағдарыстан басталады. Осындай тұста сақтық танытпау жеке адамға ғана емес, тұтас қоғамға қауіп төндіруі мүмкін.

Деструктивті діни ағымның басты ерекшелігі – оның жергілікті мәдениетке, ұлттық құндылықтарға және дәстүрлі дүниетанымға қайшы келуі. Ол өзін «таза дін», «шын жол» ретінде көрсетіп, қоғамда қалыптасқан рухани жүйені жоққа шығарады. Мұндай ағымдар үшін ұлттық салт-дәстүр – «бидғат», ата-баба жолы – «адасу», ал зайырлы қоғам – «дінсіздік» ретінде сипатталады. Бұл көзқарас адамның дүниені қабылдауын тарылтып, оны қоғамнан оқшаулануға итермелейді.

Жастар – деструктивті діни ағымның негізгі нысанасы. Себебі бұл кезеңде тұлға әлі толық қалыптаспаған, өмірлік ұстанымдары тұрақсыз болады. Әлеуметтік әділетсіздік, жұмыссыздық, отбасындағы түсініспеушілік немесе рухани бос кеңістік – мұның барлығы радикалды көзқарастардың енуіне қолайлы орта қалыптастырады. Деструктивті діни ағым өкілдері дәл осы әлсіз тұстарды пайдаланып, «сен жалғыз емессің», «біз сені түсінеміз», «шындық бізде» деген сияқты психологиялық тәсілдер арқылы адамды өз ықпалына алады.

Деструктивтің діни ағымның алдын алуда сақтық ұғымы ерекше маңызға ие. Сақтық – тыйым салу немесе үрей туғызу емес, ақпаратты сүзгіден өткізе білу, сұрақ қоя алу және күмәнданудан қорықпау. Діни сауаты жеткіліксіз адам кез келген әсерлі уағызға, әлеуметтік желідегі діни контентке немесе «рухани ұстаз» бейнесіндегі тұлғаларға оңай сеніп қалуы мүмкін. Сондықтан діни ақпаратты тексеру, оның қайдан шыққанын, қандай мақсат көздейтінін түсіну – сақтықтың алғашқы қадамы.

Қазіргі таңда интернет пен әлеуметтік желілер деструктивті діни ағымдардың таралуындағы ең негізгі құралдардың біріне айналды. Онлайн уағыздар, жабық чаттар, қысқа видеолар арқылы радикалды идеялар жылдам әрі бақылаусыз таралады. Бұл жерде мәселе технологияда емес, оны қалай қолдануда. Сақтық дегеніміз – әр көрген ақпаратты ақиқат деп қабылдамау, эмоцияға емес, ақылға жүгіну. Әсіресе дін мәселесінде «жылдам шешім» болмайтынын түсіну маңызды.

Деструктивті діни ағым көбіне дінді саясаттандырады және оны қарсы қою құралына айналдырады. «Біз және олар» деген бөлініс қалыптастырып, қоғам ішіндегі бірлікті бұзады. Мұндай көзқарасқа түскен адам үшін отбасы, мемлекет, заң, білім екінші орынға ығысады. Бұл – радикалданудың ең қауіпті кезеңі. Сондықтан алдын алу шаралары тек тыйым салумен шектелмеуі тиіс, ең алдымен түсіндіру, диалог және сенімді ақпарат арқылы жүзеге асуы қажет.

Университет – деструктивті діни ағымның алдын алуда маңызды алаң. Себебі ЖОО тек маман даярлайтын орын емес, сонымен қатар дүниетаным қалыптастыратын орта. Діни сауаттылықты арттыру, дәстүрлі дін мен радикалды ағымдардың айырмашылығын нақты мысалдармен көрсету, сыни ойлау қабілетін дамыту – бұл бағыттағы негізгі тетіктер. Студент өз сұрағына жауапты жасырын топтан емес, ашық әрі сенімді ақпарат көзінен таба алуы керек.

Сақтықтың тағы бір маңызды қыры – жауапкершілік. Деструктивті діни ағымға қарсы күрес тек мемлекеттің немесе арнайы органдардың міндеті емес. Бұл – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Досыңның, туысыңның немесе курстасыңның мінез-құлқындағы күрт өзгерістерге бейжай қарамау, қажет кезде маманға жүгінуге кеңес беру – үлкен қайғының алдын алуы мүмкін.

Деструктивті діни ағыммен күресте ұлттық құндылықтардың рөлі ерекше. Қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымы – төзімділікке, сабырлылыққа, орта жолды ұстануға негізделген. Бұл қасиеттер радикализмге табиғатынан қарсы. Дінді ұлттық мәдениетпен, тарихпен және адамгершілікпен сабақтастыра түсіндіру – алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі.

Қорытындысыз-ақ бір ақиқат анық: деструктивті діни ағымға қарсы тұру үшін айқай емес, ақыл керек, тыйым емес, түсінік керек, қорқыту емес, сақтық керек. Сақтықта қорлық жоқ. Керісінше, сақтық – қоғамның рухани қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басты құрал. Асығыстық пен үстірт сенім орнына байыпты ой мен саналы таңдауды қалыптастыра алсақ, жат идеологияға қарсы ең мықты иммунитетті өзіміз жасай аламыз.

 

 М.Серікұлы

 

Түркістан облысы Дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ маманы                                                           

 

0 пікір