Салтқа берік ел – санасы сергек ел
Салтқа берік ел – санасы сергек ел
19.12.2025
529
0

Бүгінгі жаһандану заманында қоғам түрлі идеологиялық ағымдар мен ақпарат тасқыны ортасында өмір сүріп жатыр. Дәстүрлі рухани тіректері әлсіреген қоғам өзге мәдениеттердің жетегінде кетуге бейім болады. Мұндай жағдайда ұлттық салтқа беріктік - тек өткенді құрметтеу емес, болашақты сақтау тетігіне айналады. Себебі салт-дәстүр – бұл ұлттың өзін-өзі тану, өзін-өзі қорғау тетігі. Ол ұлтты адасудан, мәңгүрттенуден, жат пиғылды идеялардан қорғайтын рухани қалқан.                                        

Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы – ұлттық рухымыздың, мәдени болмысымыздың айқын көрінісі. Ұлттық салт – ұлттың рухани тірегі. «Салтқа берік ел – санасы сергек ел» деп айту тегін емес. Салт-дәстүрін құрметтеген ел ғана рухани азғындаудан, адасудан, жат пиғылды идеологиядан қорғана алады.                            

Қазақ халқы ата-бабадан келе жатқан тәрбиелік құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп қалдырды. Тектілік пен тәртіпті, имандылық пен инабаттылықты дәріптеген дәстүрлердің бәрінде терең мағына, өмірлік ұлағат жатыр. «Бала тәрбиесі – бесіктен» деп, адам баласына адамгершілікті кішкентайынан сіңіріп отыру – халқымыздың ұлы өнегесі.              

Жастардың бойына рухани иммунитет қалыптастыру үшін ұлттық тәрбие мен салт-сананы күшейту – басты міндет. Санасы сергек ұрпақ – елдің ертеңі. Ал сананың сергектігі – ұлттық тәрбиемен, салтқа беріктікпен келеді.  Сондықтан қай кезеңде де елдігіміздің тірегі – салтымыз бен дәстүріміз. Оны сақтау – әрбір азаматтың парызы, ұлт алдындағы борышы. Ұлттық тамырынан ажырамаған елдің болашағы жарқын, іргесі берік болады.      Қазақ халқының мыңдаған жылдық тарихында ұлттың ұлы коды – оның салт-дәстүрі мен рухани мәдениетінде сақталды. Халықтың дүниетанымы, өмір сүру дағдысы, әлеуметтік қарым-қатынасы мен адамгершілік ұстанымы - осы әдет-ғұрып пен салттың негізінде қалыптасты. Ұлттың санасы - оның өткенінен нәр алып, бүгінін бағамдап, болашағын болжай алу қабілеті. Ал бұл қабілет тамыры тереңде жатқан рухани құндылықтарға сүйенгенде ғана өміршең болмақ. Қазақтың кез келген салт-дәстүрін алып қарасаңыз, оның астарында тәрбие, ізгілік, шынайы мұрат жатыр. Текке құрылған ешнәрсе жоқ – беташардан бастап, бесікке салу, тұсау кесу, келін түсіру, наурыз көже, атаға тағзым, үлкенге ізет, кішіге қамқорлық – мұның бәрі ұлттың ішкі мәдени иммунитетін құрайтын жүйе.

Салтқа берік болу - ескіше өмір сүру емес. Бұл – тарихи жадыны жаңғырта отырып, қазіргі заман талабына бейімделген ұлттық тәрбие үлгісін қалыптастыру. Санасы сергек ұрпақ тек технология мен ғылымда ғана емес, руханиятта да сауатты болуы керек. Ал рухани сауаттылық ұлттық негізден басталады. Батыстың озық техникасын меңгеріп, шығыстың терең даналығын бойына сіңірген ұрпақ – елдің жарқын болашағы.          

Сондықтан әрбір азамат салт-дәстүрге селқос қарамай, оны күнделікті өмірде ұстанып, ұрпағына үйретуі – ұлтқа қызмет етудің үлкен үлгісі. Мектеп пен медиа, мешіт пен отбасы - барлығы бір мүддеде жұмыс істеуі тиіс: ұлттың болмысын сақтау!                                                                       

Салтқа берік халық – тамырын таныған халық. Тамырын таныған елдің танымы биік, санасы сергек, болашағы берік. Елдігіміздің, егемендігіміздің, еңсеміздің биік болуы - осы рухани мұраларымызға деген шынайы құрмет пен жауапкершілікке тікелей байланысты. Салт дәстүрімізді ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп дәріптейік.

 

Е.Ештай 

 

Түркістан облысының дін істері басқармасының                      

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің      

теолог маманы                                                                                                  

 

0 пікір