Салт-дәстүрді сақтау зайырлылыққа қайшы ма? деген сұрақ қазіргі Қазақстан қоғамында жиі талқыланатын өзекті тақырыптардың бірі. Бұл мәселе дін, мәдениет, ұлттық болмыс және құқықтық мемлекет қағидаттарының тоғысқан тұсында қарастырылады. Зайырлылық ұғымын діни құндылықтарға қарсы қою немесе салт-дәстүрді тек діни кеңістіктің элементі ретінде қабылдау – ғылыми әрі құқықтық тұрғыдан дәл емес көзқарас. Салт-дәстүр – белгілі бір халықтың тарихи тәжірибесінен, дүниетанымынан, өмір сүру салтынан қалыптасқан әлеуметтік-мәдени құндылықтар жиынтығы. Ал зайырлылық – мемлекеттің дінге қатысты бейтараптығын білдіретін құқықтық-саяси қағида. Осы екі ұғымның арақатынасына терең үңілу олардың бір-біріне қайшы емес, керісінше, өзара үйлесімді өмір сүре алатынын көрсетеді.
Қазақстан Республикасының Конституциясында мемлекет зайырлы деп жарияланған. Бұл норма мемлекеттің ешбір дінді ресми немесе міндетті деп танымауын, сондай-ақ азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз етуді көздейді. Зайырлылық – дінді жоққа шығару емес, дін мен мемлекеттің өкілеттіліктерін айқындап, олардың бір-бірінің ісіне араласпауын қамтамасыз ету. Осы тұрғыдан алғанда, салт-дәстүрді сақтау зайырлылыққа қайшы келеді деу – зайырлылықтың мазмұнын тар аяда түсіндірудің нәтижесі.
Қазақ халқының салт-дәстүрлері ғасырлар бойы қалыптасқан және қоғамның әлеуметтік қатынастарын реттеудің маңызды тетігі қызметін атқарған. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, қонақжайлық, туыстық байланыстарды сақтау, ынтымақ пен бірлікті дәріптеу сияқты дәстүрлер қоғамдық тұрақтылық пен өзара сенімді нығайтты. Бұл құндылықтар белгілі бір діни догмаларға ғана сүйеніп қалыптаспаған, керісінше көшпелі өмір салтының, табиғатпен үндестіктің, тарихи жағдайлардың ықпалымен дамыды. Сондықтан оларды зайырлылыққа қарсы қою қисынсыз.
Зайырлы қоғамда мәдени және ұлттық дәстүрлерді сақтау – мемлекеттің мәдени саясатындағы басым бағыттардың бірі. Өйткені мәдени әртүрлілік пен тарихи сабақтастық қоғамның тұтастығын қамтамасыз етеді. Салт-дәстүрден толықтай бас тарту ұлттық болмыстың әлсіреуіне, тарихи жадының үзілуіне әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда қоғамда құндылықтық вакуум пайда болып, оны түрлі радикалды немесе бөгде идеологиялар толтыру қаупі артады. Осы тұрғыдан алғанда, салт-дәстүрді сақтау зайырлылыққа қауіп емес, керісінше, зайырлы қоғамның ішкі тұрақтылығын күшейтетін фактор.
Кейбір пікірлерде салт-дәстүр діни элементтермен астасып кеткендіктен, оны сақтау зайырлылық қағидаттарына қайшы делінеді. Алайда кез келген дәстүрдің құрамында дүниетанымдық, символдық элементтердің болуы – табиғи құбылыс. Бұл элементтерді құқықтық міндеттеме ретінде емес, мәдени мұра ретінде қабылдау қажет. Зайырлы мемлекет азаматтарды белгілі бір дәстүрді орындауға мәжбүрлемейді, бірақ оны ұстануға тыйым да салмайды. Таңдау еркіндігі – зайырлылықтың басты белгісі.
Қазақстан жағдайында салт-дәстүр мен діннің арақатынасы ерекше назар аударуды талап етеді. Қазақтың көптеген дәстүрлері ислам дінімен тарихи тұрғыда үндесіп дамығанымен, оларды толықтай діни рәсімдермен теңестіруге болмайды. Мысалы, ас беру, бата жасау, беташар, тұсаукесер сияқты дәстүрлерде діни мазмұннан гөрі әлеуметтік-мәдени мағына басым. Бұл дәстүрлер адамдар арасындағы байланысты нығайтып, ортақ жауапкершілік пен сыйластықты қалыптастырады. Зайырлы қоғамда мұндай дәстүрлердің сақталуы қоғамдық келісімге оң әсер етеді.
Зайырлылықты қате түсіну кейде дәстүрге қарсы радикалды көзқарастардың пайда болуына әкеледі. Кейбір топтар зайырлылықты дінді және дәстүрді қоғамдық өмірден толық ығыстыру деп қабылдайды. Мұндай түсінік қоғамды жасанды түрде жіктеп, мәдени қақтығыстарға жол ашуы мүмкін. Ал шын мәнінде зайырлылық – әртүрлі көзқарастар мен өмір салттарының бейбіт қатар өмір сүруін қамтамасыз ететін ортақ ереже. Осы ереже аясында салт-дәстүрді сақтау да, одан бас тарту да жеке адамның еркін таңдауы болып қала береді.
Салт-дәстүрдің зайырлы қоғамдағы тағы бір маңызды қыры – оның тәрбиелік мәні. Дәстүр арқылы ұрпаққа моральдық нормалар, жауапкершілік, еңбекқорлық, адалдық сияқты қасиеттер беріледі. Бұл құндылықтар зайырлы құқықтық нормалармен қайшылыққа түспейді, керісінше, оларды толықтырады. Құқықтық тәртіп тек заң арқылы емес, қоғамдық мораль арқылы да нығаяды. Осы тұрғыдан алғанда, дәстүр – құқықтық мәдениетті қалыптастырудың қосымша тетігі.
Қазіргі жаһандану жағдайында ұлттық салт-дәстүрді сақтау мәселесі ерекше өзектілікке ие. Ақпараттық кеңістіктің ашықтығы, мәдени ықпалдардың күшеюі ұлттық ерекшеліктердің жойылу қаупін арттырады. Зайырлы мемлекет бұл үдерістерге тыйым салу арқылы емес, мәдени саясат пен білім беру арқылы жауап беруі тиіс. Дәстүрді ғылыми, мәдени тұрғыда насихаттау, оның тарихи мәнін түсіндіру – зайырлылық қағидаттарына толық сай келеді.
Салт-дәстүрді сақтау зайырлылыққа қайшы деген пікір көбіне дін мен дәстүрді біртұтас құбылыс ретінде қарастырудан туындайды. Ал шын мәнінде зайырлылық дінге ғана қатысты қағида, ал дәстүр – мәдени категория. Мемлекет дін істеріне араласпайтыны сияқты, мәдени мұраны қорғау мен дамытуға жауапты. Қазақстанда ұлттық мәдениетті қолдау, дәстүрлі мерекелерді атап өту, тарихи құндылықтарды дәріптеу мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылып келеді. Бұл саясат зайырлылыққа қайшы емес, керісінше, оның мәдени өлшемін айқындайды.
Салт-дәстүрді сақтау мен зайырлылықтың арасында түбегейлі қайшылық жоқ екенін байқауға болады. Қайшылық тек осы ұғымдарды үстірт немесе идеологиялық тұрғыда қате түсінуден туындайды. Зайырлы қоғамда салт-дәстүр – азаматтардың мәдени мұрасы, ал оны сақтау немесе сақтамау – жеке таңдау. Мемлекет үшін маңыздысы – осы таңдаудың еркіндігі мен заң шеңберінде жүзеге асуы. Осы тепе-теңдік сақталған жағдайда салт-дәстүр де, зайырлылық та қоғамның дамуына қатар қызмет ете алады.
Ұ.Перден
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
бөлім маманы
Салт-дәстүрді сақтау зайырлылыққа қайшы ма?

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru