Қазіргі заман қоғамы үнемі өзгерістер мен жаңашылдықтарға толы. Бұл жағдай адамның жеке басының даму қажеттілігін күшейтеді. Рухани және зияткерлік даму – жеке тұлғаның әлеуетін арттырып, оны толыққанды өмір сүруге ынталандыратын маңызды факторлар. Рухани даму – адамның өзін-өзі тануы, ішкі жан-дүниесін жетілдіруі және өмірдің мәнін түсінуі. Бұл процесс адамның құндылықтарын анықтап, өзіндік жеке сенімдерін қалыптастыру арқылы жүзеге асады. Адамның өз қабілеттері мен мақсаттарын түсінуі яғни өзін-өзі тануы және адамгершілік, әділеттілік, адалдық сияқты құндылықтарды бойына сіңіруі арқылы қоғамға пайдасын тигізе алады. Рухани дамыған адам өзгелерге көмектесуді және қоршаған ортаға қамқорлық жасауды өзінің міндеті деп біледі. Рухани даму адамның эмоциялық тұрақтылығын арттырып, стресске қарсы тұру қабілетін күшейтеді. Сонымен қатар рухани байлық жеке тұлғаны әлеуметтік жауапкершілікке жетелейді.
Ислам дінінде даму тек дүние тіршілігін ғана жақсарту емес, адамның ішкі жан дүниесі мен ақыреттік жетістігін қамтитын кең ұғым. Дінімізде де осы тақырып аясында көптеген мағлұматтар бар, құран мен хадис рухани дамуға жету үшін бізге бағыт-бағдар береді. Адам баласы Алланы зікір етіп, жүрегін тазалап, тақуалық жолын ұстанса, рухани кемелдікке қол жеткізеді.
Зияткерлік даму адамның танымдық қабілеттерін жетілдіру, білімін арттыру және шығармашылық ойлау қабілетін дамыту. Бұл үдеріс адамның өмір бойы үздіксіз білім алуы мен өзін-өзі жетілдіруіне негізделеді. Ғалымдарымыз егер дүниені қаласаң -білім ал, егер ақыретті қаласаң-білім ал, дүние мен ақыреттік бақытты бірдей қаласаң білім ал деген. Ислам әлемінің атақты ғалымы Имам Ғазали Алла ол кісіге разы болсын – білім адамды қараңғылықтан жарыққа шығарады. Нағыз даму – рухани жетілу мен ғылымға ұмтылуда деген.
Зияткерлік дамудың негізгі аспектілері - жаңа ақпаратты меңгеру яғни білім алу және оны өмірде қолдану ақылы жадымызға бекіту.
Сыни ойлау – белгілі бір мәселе бойынша терең және жан-жақты ойлауды, логикалық қорытындылар жасауды мәселені жан-жақты қарастыруды қамтитын қабілет. Қазіргі таңда ақпараттың көлемі артып, оның ішінде шынайы деректерді жалған мәліметтерден ажырату қажеттілігі туындады, осы кезекте ақиқатты анықтау үшін сыни ойлаудың рөлі маңызды. Зияткерлік дамуға оқудың, зерттеудің және тәжірибе жинақтаудың маңызы зор. Білім тек жеке адамның емес, бүкіл қоғамның прогресіне ықпал етеді. Бүгінгі таңда зияткерлік даму инновациялар мен технологиялық жаңашылдықтардың қозғаушы күші болып отыр
Рухани және зияткерлік даму бір-бірімен тығыз байланысты. Рухани байлық адамға ішкі үйлесімділікті, ал зияткерлік даму жаңа идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл екі бағыттың үйлесімділігі адамды жан-жақты және үйлесімді тұлға ретінде қалыптастырады. Рухани дамыған адам өзінің зияткерлік қабілеттерін тек жеке пайдасы үшін емес, қоғамның игілігі үшін пайдалануға ұмтылады. Ал зияткерлік тұрғыда дамыған адам рухани құндылықтарды басшылыққа ала отырып, адамгершілік қағидаларын сақтайды.
Рухани және зияткерлік даму – адамның өмірін мағыналы және толыққанды ететін маңызды үрдіс. Бұл бағыттар жеке тұлғаның ғана емес, бүкіл қоғамның дамуына тікелей әсер етеді. Рухани байлық ішкі үйлесімділікке жеткізсе, зияткерлік қабілет әлемді өзгертетін күшке ие. Осы екі бағытты қатар алып жүру – болашаққа сенімді қадам басудың кепілі. Білімге ұмтылған адам ғана дамуға қол жеткізеді. Білім – адамның ең үлкен байлығының бірі.
Сондықтан рухани және материалдық тепе-теңдікті сақтап, ілім мен ізгілікке ұмтылу және де әрдайым шүкір етіп, күн сайын денсаулығыңызға, біліміңізге, рухани дамуыңызға көңіл бөлуіңіз өте маңызды.
Қ.Мырзабай
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің бөлім маманы