Қазақ халқы ерте заманнан бері қыз баланы ерекше құрметтеп, оны отбасының көркі, шаңырақтың шырайы деп бағалаған. Халқымыздың салт-дәстүрі мен тәлім-тәрбиесінде қыз баланың орны айрықша. Себебі бүгінгі тәрбиелі қыз – ертеңгі мейірімді ана, парасатты жар, ұрпаққа өнеге болатын тұлға. Сондықтан ата-бабамыз қыз баланың тәрбиесіне үлкен мән беріп, оның бойына әдептілік, инабаттылық, кішіпейілділік, сабырлылық сияқты асыл қасиеттерді сіңіруге тырысқан.
Қыз бала дүниеге келген күннен бастап ол ата-анасының қуанышы мен үмітіне айналады. Қазақ «қыз өссе – елдің көркі» деп бекер айтпаған. Қыз бар үй әрдайым жинақы, әсем, мейірімге толы болып тұрады. Оның нәзік мінезі, жылы сөзі, әдепті жүріс-тұрысы үй ішіне ерекше көрік береді. Сондықтан халқымыз қызды аялап өсіріп, оған бар жақсыны үйреткен. Қыз баланың тәрбиесі тек бір отбасының ғана емес, тұтас қоғамның болашағымен байланысты екенін жақсы түсінген.
Қазақ қоғамында қыз баланың тәрбиесі көбіне анасының өнегесі арқылы қалыптасқан. Ана – қыз үшін ең үлкен ұстаз, ең жақын сырлас. Қыз бала анасына қарап бой түзейді, оның іс-әрекетінен үлгі алады. Анасы қызына тек үй шаруасын ғана үйретіп қоймай, өмірдің түрлі жағдайында өзін қалай ұстау керектігін, адамдармен қалай қарым-қатынас жасау қажеттігін де үйреткен. Осындай тәрбиені бойына сіңіріп өскен қыз ертең өз шаңырағын құрғанда да сол тәлімді жалғастырып, ұрпағына жеткізеді.
Халқымыз қыз баланың абыройы мен намысын ерекше қорғаған. «Қызға қырық үйден тыйым» деген нақыл сөз соның айқын дәлелі. Бұл сөз қызды шектеу үшін емес, оның қадір-қасиетін сақтау үшін айтылған. Әрбір тыйымның астарында үлкен тәрбие, терең мағына жатыр. Қыз балаға айтылған әрбір ескерту оның болашағы жарқын, өмірі абыройлы болсын деген ниеттен туған.
Қазақ қыздары ежелден ақылдығымен, сабырлылығымен, тапқырлығымен танылған. Тарихта елге үлгі болған талай батыр қыздар мен дана аналар бар. Олар тек отбасының ғана емес, тұтас елдің абыройын көтерген. Қажет кезінде елін қорғап, қажет кезде ақылымен жұртқа жол көрсеткен арулар қазақ тарихында аз емес. Бұл қыз баланың тек нәзік жаратылыс иесі ғана емес, рухы мықты, ерік-жігері берік тұлға бола алатынын көрсетеді.
Отбасында қыз бала көбіне мейірім мен қамқорлықтың символы болып саналады. Ол үйдегі кішілерге қамқор болып, үлкендерге құрмет көрсетіп өседі. Анасына көмектесіп, үйдің берекесін арттыруға тырысады. Мұндай тәрбиемен өскен қыз бала ертең барған жерінде де сол үйдің ырысын көбейтетін келін, аяулы ана болары сөзсіз. Қазақта «жақсы қыз – ырыс» деп айтылуы да тегін емес.
Бүгінгі таңда қыз балалар қоғамның әр саласында белсенді еңбек етіп жүр. Олар ғылымда, білімде, мәдениетте, спортта және басқа да көптеген салаларда үлкен жетістіктерге жетіп келеді. Қазіргі қазақ қыздары білімді, еңбекқор, алға ұмтылатын, өз мақсатына жете білетін жандар. Дегенмен қандай биікке көтерілсе де, қыз баланың бойындағы әдептілік, қарапайымдылық, мейірімділік сияқты қасиеттер әрқашан оның ең үлкен көркі болып қала береді.
Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі. Егер қыз бала жақсы тәрбие алып өссе, ол ертең саналы ұрпақ тәрбиелейтін ана болады. Ал тәрбиелі ана – тәрбиелі қоғамның негізі. Сондықтан қызды құрметтеу, оған дұрыс тәрбие беру – әрбір ата-ананың басты міндеттерінің бірі. Қыздың жүрегіне мейірім, бойына адамгершілік, санасына білім ұялату – болашақтың жарқын болуына жасалған үлкен қадам.
Қазақ халқы қызды әрқашан қастерлеп, оған ерекше ықылас танытқан. Қыз – тек ата-ананың қуанышы ғана емес, бүкіл әулеттің мақтанышы. Ол өскен ортасына жылулық сыйлап, айналасына нұр шашып жүреді. Оның тәрбиесі мен көрегендігі кейінгі ұрпақтың болашағына әсер етеді. Сондықтан халқымыз қыз баланы ардақтап, оны шаңырақтың шырайы деп атаған.
Шынында да, қыз бар жерде көрік бар, қыз бар жерде мейірім бар. Қыз – отбасының жылуы, шаңырақтың сәні, өмірдің нәзік әуені іспетті. Оның күлкісі үйге шаттық сыйлап, оның ақылы мен парасаты айналасына жарық береді. Осындай асыл қасиеттері арқылы қыз бала әрқашан отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның қадірлі мүшесіне айналады.
Сондықтан қыз баланы сыйлау, оны тәрбиелеу, оның болашағына жауапкершілікпен қарау – әрбір адам үшін маңызды. Қызды қадірлеген ел ешқашан құндылықтарын жоғалтпайды. Себебі қыз – ұлттың намысы, отбасының шырағы, өмірдің жалғасы. Халқымыздың «Қыз – шаңырақтың шырайы» деп айтуының мәні де дәл осында.
Қ.Молдабек
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
теолог маманы
Қыз – шаңырақтың шырайы

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru