Қыз алып қашу – дәстүр ме, әлде зорлық па?
Қыз алып қашу – дәстүр ме, әлде зорлық па?
27.01.2026
571
0

Қыз алып қашу мәселесі қазіргі қазақ қоғамында ең өзекті әлеуметтік тақырыптардың бірі болып отыр. Бұл құбылысқа қатысты көзқарастар әртүрлі: біреулер оны ата-бабадан келе жатқан дәстүрдің жалғасы деп түсіндіреді, ал басқа біреулер оны зорлық-зомбылыққа, адам құқығын таптауға жатқызады. Осы тұрғыдан қарағанда мәселені тек бір қырынан емес, тарихи, заңдық, діни және психологиялық аспектілер арқылы талдаудың маңызы зор.

Тарихи деректерді сараласақ, қазақ арасында қыз алып қашу екі түрлі сипатта кездескен:

Біріншісі – келісіммен қашу. Бұл жағдайда жігіт пен қыз бірін-бірі жақсы көріп, ата-ананың келісіміне қол жеткізе алмаған кезде немесе қалыңмалдың ауырлығына байланысты өзара ақылдасып, бірге қашатын. Мұнда қыздың еркіндігі сақталады, зорлық жоқ, сондықтан кейбір зерттеушілер мұны дәстүрдің бір қыры деп бағалайды.

Екіншісі – күштеп алып қашу. М. Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» шығармасында қыз алып қашу – басты әлеуметтік трагедияның себепкері ретінде көрсетіледі. Романда Жамал мен Ғали бір-бірін шын сүйеді. Бірақ ата-анасының, әсіресе әкесінің сараңдығы мен дәстүршілдігі олардың бақытын бұзады. Өкінішке орай осы секілді оқиғалар күнімізде кездеседі. Бұл кезде қызды еріксіз көлікке отырғызып әкету, ұстау, қысым жасау сияқты әрекеттер орын алады. Мұндай қылмыстарды бір шығармаға сүйеніп қазақтың дәстүріне телу қате, себебі халықтың салтында адамға зорлық көрсету ешқашан құпталмаған. Керісінше, қыздың намысын қорғау, оның разылығын алу бірінші орында тұрған.

Діни тұрғыдан да еріксіз алып қашу – дұрыс емес. Ислам дінінде неке қиюдың басты шарты – екі жақтың разылығы. Пайғамбарымыз хадисінде «Әйелдің рұқсатынсыз неке жоқ» деп нақты көрсеткен. Бұл қағида қызды зорлықпен алып қашудың діни тұрғыдан да заңсыз екенін білдіреді. Егер қыз өз еркін білдірмесе, ондай неке жарамсыз болып табылады. Исламда зұлымдыққа, біреудің құқығын таптауға жол жоқ. Сондықтан күшпен алып қашу күнә саналады.

Құқықтық тұрғыда қарастырсақ, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде адамды еркінен тыс әкету ҚР ҚК 125-бабы – «адам ұрлау» ретінде қылмыс болып табылады. Қызды күштеп әкету, қорқыту, психологиялық қысым көрсету, еркінен тыс ұстап отыру – 3 жылдан 7 жылға дейін, Егер топтасып жасалса – 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қосымша ҚР ҚК 126-бабы – Бостандықтан заңсыз айыру, ҚР ҚК 123-бабы – жыныстық тиіспеушілікке қол сұғу секілді баптарды ескерсек, кемінде айыппұлмен немесе 5 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы әбден мүмкін. Яғни заң бойынша қызды алып қашу дәстүр емес, нақты қылмыс ретінде қарастырылады.

Әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан алғанда, зорлықпен алып қашу қыздың психикасына ауыр соққы береді. Ол қорқыныш, күйзеліс, кінә сезімі секілді ұзақ мерзімді әсерлер қалдыруы мүмкін. Қызды «ұят болады», «енді қайтесің» деген қысыммен үйде қалдыру – оның бостандығын толық шектеу. Мұндай некеден көбіне бақытсыз отбасылар қалыптасады, ал кей жағдайда отбасылық зорлық-зомбылыққа да жол ашылады. Сонымен қатар бұл құбылыс қоғамда әйел құқығының төмен бағаланатынын көрсетеді.

Қорытындылай келе, қыз алып қашудың тек бір ғана түрі – келісіп қашу – белгілі бір тарихи жағдайда кездескенімен, бүгінгі қоғам үшін қолайлы әдіс емес. Ал қызды еріксіз алып қашу – дәстүр емес, керісінше зорлық, қылмыс және адам құқығын таптау. Дәстүрдің басты мақсаты – адамды қорғау, абыройын сақтау. Сондықтан күшпен алып қашуды дәстүрге жатқызу дұрыс емес. Қазіргі қоғамда әрбір адамның еркіндігі мен құқығына құрметпен қарау – басты талап.

 

Д.Зиябек 

 

Түркістан облысы дін істері

басқармасының «Дін мәселелерін

зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы                                            

0 пікір