Құрметтің ең жақсысы – ата-анаға жасалғаны
Құрметтің ең жақсысы – ата-анаға жасалғаны
15.10.2025
295
0

 

Қоғамның айнасы – отбасы. Ал отбасының жүрегі – ата-ана. Қай дәуір, қай заманды алсақ та, ата-анаға құрмет көрсету – адамгершіліктің биік өлшемі, ұлттық тәрбиенің өзегі. Қазақ халқы ежелден «Анаңа сәлем бер, құрметің сонда білінер» деп баланың тәрбиесін ата-анаға деген көзқарасынан бастаған.

Ата-ананың бала үшін төккен тері мен берген мейірімі шексіз. Олар ешқашан «қайтарып бер» демейді, тек жақсы адам болуын қалайды. Сондықтан да ата-анаға көрсетілетін құрмет – адам баласының парызы ғана емес, оның адамгершілік деңгейінің көрінісі.

Бүгінде жаһандану заманы жастарды түрлі бағыттарға бұрып барады. Алайда, қандай жетістікке жетсе де, адам баласы өзінің түп негізін, ата-анасын ұмытпауы тиіс. Қартайған шағында ата-ананың жанында болып, қамқорлық таныту – нағыз құрметтің үлгісі.

Қазіргі қоғамда кейбір жастар ата-анасын қарттар үйіне тапсырып жатқаны – жүректі ауыртатын жағдай. Бұл – ұлтқа тән емес мінез. Перзенттің ата-анасына жасаған құрметі – болашақта өзіне қайтып келетін айнасы.

Ата-ана – Алланың адам баласына берген ең ұлы аманаты. Қай заманда, қай қоғамда болмасын, ата-анаға құрмет көрсету – адамгершіліктің, имандылықтың басты өлшемі. Қазақ халқы бұл қағиданы терең ұстанып, ұрпағын кішкентайынан «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» деп тәрбиелеген.

Ислам дінінде ата-анаға құрмет ерекше орын алады. Қасиетті Құран Кәрімнің «Исра» сүресінің 23-аятында Алла Тағала:

«Раббың Өзіне ғана құлшылық етулеріңді және ата-анаға жақсылық істеулеріңді бұйырды...».

Бұл аятта Аллаға құлшылық етуден кейін бірден ата-анаға жақсылық жасау әмір етілген. Бұл – ата-анаға құрметтің діндегі орнының қаншалықты жоғары екенін көрсетеді.

Сондай-ақ, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.ғ.) хадисінде:

«Жәннат – аналардың табанының астында» - деген. Бұл хадис ананың орны мен мәртебесін нақты айқындайды. Анаға көрсетілген құрмет – тек ананың емес, жәннатқа апарар жолдың кілті.

Тағы бір хадисте бір адам Пайғамбарымыздан: 

– Ең алдымен кімге жақсылық жасайын? - деп сұрағанда, 

Пайғамбарымыз үш рет: 

– Анаңа, - деп жауап берген, содан кейін ғана:

– Әкеңе, - деген.

Бұл – діндегі теңдессіз тәрбие мектебі.

Бүгінгі таңда технология дамып, өмір қарқыны жылдамдаған сайын кейбір жастар ата-ананы ұмытып, көңіл бөлмей жатады. Бірақ қанша биікке шықса да, адам баласы өзінің түп-тамырын ұмытпауы керек. Ата-ана – сол тамыр. Олардың разылығы – Алланың разылығы.

Ата-анаға құрмет – тек мейрамда еске алу емес, күнделікті өмірде мейіріммен қарап, жандарынан табылып, уақыт бөліп, жылы сөз айту. Бұл – Алланың разылығына жетелейтін амал.

Қазақ халқының тәрбиелік ұстанымдарының өзегі – ата-анаға деген құрмет. Бұл – ұлттың рухани байлығы, дінмен астасқан асыл қасиет. Бабаларымыз «Ата-анасын сыйламағанның – ары жоқ» деп, ұрпақты ата-анаға құрмет көрсетуге баулыған.

Ата-баба сөзінен:

- «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, ақ сүтін өтей алмайсың».

-«Анаға ауыр сөз айтпа, қарғыс аларсың, әкеге қарсы келме, қайғырарсың». 

Қазақы дүниетанымда да Жәннаттың кілті – ананың батасында, ал абыройдың бастауы – әкенің разылығында деп есептелген.

Қорыта айтқанда, ата-анаға деген құрмет – адам болмысының терең тамыры. Қанша білім алып, биікке шықсаң да, олардың алдында әрдайым бала екеніңді ұмытпау – нағыз парасат. Сондықтан құрметтің ең асылы – ата-анаға жасалған құрмет.

 

 

Түркістан облысының дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы Д. Аманов

0 пікір