Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды. Бұл халық қаһарманы Б.Момышұлының сөзі. Кез-келген қоғам өкілі тіліне, дініне жынысына қарамастан өзі тұрып жатқан елдің заңын сақтап тәртібіне құлдық ұрып, бағынуы тиіс. Қоғам дамуының басты принциптерінің бірі – әрбір қоғам өкілі құқықтық жауапкершілікті сезіне отырып адамдық борышты арқалау. Қазақта жүз жылдығын ойлаған ел ағаш егеді, мың жылдығын ойлаған ел ұрпағының бойына ізгіліктің дәнін егеді дейді. Осы ізгілік бізге қалай келеді. Әрине ұлттық мәдениетімізде қалыптасқан «үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген даналықтан. Осы сөздің астарына үңілген жан қазақ даласындағы құқықтық мәдениет қалай қалыптасып, қалай өрбігенін түсіне біледі. Бұл әрине адамдар арасындағы бауырмалдықты арттырғаны сөзсіз. Бірақ дала заңына бас ұрған жан қоршаған ортаны табиғат ана деп танып, табиғатты ластамауға барынша сақ болған. Көк шөпті жұлма, бұлақ көрсең көзін аш, суға дәрет сындырма, бір тал шапсаң он тал ек. Мұның барлығы дерлік біздің қанымызға сіңіп ұрпақтан ұрпаққа аманат ретінде беріліп келе жатқан этикалық норма. Ортақ үйімізді ластамауға, таза ұстауға біріктірген шара аясында ел бойынша млн даған ағаш көшеттері отырғызылып, млн даған тонна қоқыс шығарылды. Бұл еліміздің экологиялық тұрғыда құқықтық мәдениетті қалыптастырудың жолы. Бірақ ел болған соң тентегі мен телісі болмай қоймасы анық. Қоқысты арнайы орынға тастамау және қоғамдық орындарды сындыру, бүлдіру әрекеттері болып жатады. Бұл да болса құқықтық жауапкершілік мәдениетінің әлі орныға қоймағанының белгісі. Сол себепті ел арасында құқықтық және мәдени іс шараларды көп насихаттап адамдық борыш, арлы адам принциптері алдыңғы орынға шығуы тиіс.
Қазақта мемлекеттік деңгейде қалыптасқан заңдар сонау Оғыз қағаннан бастау алып берісі Жеті жарғы заңдар жүйесі XIX ғасырдың ортасына дейін қазақ арасында қолданылып келді. Қазіргі күнде тәу етіп төбемізге көтереріміз еліміздің ата заңы Конституция. Ата заңның алдыңғы сөзінде «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзімiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз» деп елімізді отан еткен барша этнос өкілдерін бейбітшілікке үндейді. Конституцияның 1-бабында былай деп жазылған:«Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары». Соның бірі дін саласындағы құқықтық бағыттары. Ең біріншісі жоғарыда ҚР Конституциясының 1-бабында жазылғандай Қазақстан зайырлы мемлекет. Заманауи бағытта «зайырлылық» ұғымы төмендегідей мағына береді:
- мемлекеттің кез келген дінге бейтараптық танытуы;
- мемлекеттің кез келген діннен тәуелсіз болуы, сондай-ақ діннің мемлекеттен тәуелсіз болуы;
- ар-ұждан және діни наным-сенім бостандығы, дінді үйрену және оны сынау еркіндігі,
- қандай да бір ресми діннің болмауы, одан соң әрбір тұлғаның өз қалауына орай кез келген дінді ұстану немесе ешбір дінге мойынсұнбау құқығы;
- қандай да бір діннің не конфессияның ықпалынан тыс мемлекеттік мектептердің болуы.
Яғни біздің елімізде дін бостандығы, ар бостандығы, сенім бостандығы бар деген сөз. Кім қалаған дінін ұстануға болады, тек заң шеңберінде өмір сүрсе болғаны. Дегенмен мемлекет құрушы қазақ халқының діни ұстанымы тарихи, мәдени ерекшелігімізге байланысты ислам дінінің ханафи мәзхабы және христиан дінінің православие тармағының орны ерекше. Бұл туралы 2011 жылғы 11 қазанда қабылданған №483-IV Заңы Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңның реамбуласында жазылған. Профессор Д.Кенжетайұлы: «Зайырлылық – «атеизм» немесе «дінді жоққа шығару емес», керісінше адамның ар-ождан бостандығын, діни сенім еркіндігіне кепілдік беруді білдіреді. Бұл анықтама «ар-ождан бостандығы», «төзімділік» және «толеранттылық» сияқты құқықтық, моральдық түсініктермен тығыз байланысты. Зайырлылық мемлекеттің дінге деген қатынасының демократиялық сипатта екендігін танытады. Зайырлылық қоғамның кез келген мүшесіне, оның діні, тегі, нәсіліне қарамастан, әр адамның қандай да бір дінге сену, сенбеу мәселесіне араласпайтын ұстаным. Яғни, бұл ұстаным адамның ар-ожданының, моральдық болмысының еркіндігіне мүмкіндік беретін, мемлекет азаматтарының арасындағы қарым-қатынасты тек құқықтық негізде шешуді қамтамасыз ететін бүгінгі мемлекеттік басқару жүйесінің ең басты тетігі», деп түсіндіреді. Әрине елімізде тіркелген 18 діни конфессия осы Зайырлылық принципі негізінде жұмыстарын жасап жатыр. Ал заңға бағынғысы келмеген қыңыр-қисықтарға заңның алдында жазасын өтері хақ. Бұл дамыған қоғамдағы құқықтық мәдениет көрінісі.
Қ.Қосмаханов
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
маманы

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru