Құнанбай қажы кім еді?
Құнанбай қажы кім еді?
20.12.2024
172
0

Осы бір аңызға бергісіз тұлға туралы тарихта түрлі нақақ кінә арту бар. Кеңес үкіметінің тұсында «Абай жолы» романы Абайды көтеру арқылы Құнанбайды төменшіктетіп асқан қатыгез етіп көрсетті. Бірақ бұл әдеби шығарма болатын. Ал бізге жеткен тарихи мәліметтерде Құнанбай Өскенбайұлының елдік, ерлік, тұлғалық қасиеттерін көреміз. Арғы атасынан жалғасқан қаракөк сипатқа (ата-бабасынан жалғасқан бекзадалық, мырзалық, тектілік) адал болған. Қарадан шығып ел тізгінін ұстаған ұлы тұлға өз елінінің адал ұлы бола білді. Бұл туралы Ахат Шәкәрімұлының жазуына қарағанда Құнанбай 1804 жылы Шыңғыс тауының бауыр жағына құлай ағатын «Хан өзені» деген өзеннің таудан шыға беріс жағасында күнбатыс жағындағы «Би биігі» деген биіктің күнгей бетіндегі тастан салған қой қораның қасында қазақ үйде дүниеге келеді. Ол туғанда өте ірі, толық, зор болады. Бұл туарда анасы түс көреді. Ол түсінде: ері Өскенбай алтын сақаны үйіріп отырғанын көреді. Анасы ол алтын сақа – Құнанбай деп жориды. Оны бір күн дәретсіз емізбейді. Зеренің өзі бертінде айтыпты: «Мен Құнашты бір күн дәретсіз емізіп көргем жоқ және омырауымды тазалап жумай, бісмілла айтпай емізген мезгілім болған жоқ»,- деп. Құнанбайдың денесі өте сымбатты, толық, бойы зор, жүзі нұрлы, бота көз, маңдайлы қыр мұрын, сұлу болған. Балғын зор денесі балуандыққа өткір көзі ерлікке, басы ақылдылыққа сәйкестене біткен. Әкесі молдадан оқытып, Құнанбай шала хат танып қалса да әкесі Өскенбайға келген хаттарды біріне-бірін салыстырып, өз талабымен хатты толық танып, түрікше жазылған кітаптарды еркін оқи алатын болған.

Тура биде туған жоқ туғанды биде иман жоқ деген аталы сөзді әкесі Өскенбай мен атасы Ырғызбайдан бойына жастай сіңірген қажы өзі де өмірінде қара қылды қақ жарған әділдігін орнатқан. Сонымен қатар елінің Атымтай Жомарты да бола білген екен. Бұл туралы деректерде: «Құнанбай билік айтқанда мынау би, мынау жуан, мынау аталы деп, олардың ажарына мансап - дәрежесіне қарамайды, тек істің ағына қарайды. Сондықтан, ел Құнанбайды әділ мырза деп атандырады. Құнанбайды қашан қажыға барғанша халық «Мырза» деп атаған. Оның екі түрлі жайты болды дейді ел: «Ол басында бай болған жоқ, малы аз болған. Бірақ шын мұқтаж адамнан мал аяп көрген жоқ. Тай-жабағысымен әкесінен он екі жылқы енші алған, солардың мінуге жарайтындарының бәрін аты жоқ кедейлерге май ғып беретін болған. Тамағы жоқтарға асынан бөлгізіп беріп, жалаңаш адамдарға екі киімнің бірін беретін болған»,- дейді. Екінші мырзалығы: «Дауласып келген адамдарға адал билігін айтып, ақыл сұрағандардан таза кеңесін аямайтын еді»,- деседі.

Құнанбай қажы иманына берік адам болған екен. Бақсы құшынаштарға, қисынсыз ырымдарға нанбаған. Пара алуды, пара беруді, өтірік айтып, ұрлық қылуды, адамға табынуды жаны түршігіп жек көрген. Ол тек құдаймен көпке ғана бағынуды лайық деп санаған. Бұрын зекет беруді білмейтін байларға малынан зекет беруді орындатып, оларды нағыз нашар, кемтар, жетім-жесірге бергізген. Арам өлген мал етін, қан, безді жейтіндерді де тыйған. Тобықты елінің ұрлығын пышақ кескендей тыйған. Осының өзі елді мұсылман ісімен ар ожданына сүйеніп басқарғандығын көрсетеді. Дұшпандарының өзі: «Мырзамыз – Құнанбай! Шешеніміз – Құнанбай! Жақсымыз – Құнанбай!» десетін болған.

Бірде найман Барақ төремен Құнанбай екеуі көп жолдас болып, ұлы жиын съездерде билік айтып, жиі кездесіп жүрген. Және тату құрбы, қатты қалжыңдасатын болған. Бір күні Құнанбай имам болып, Барақ оған ұйып, екеуі намаз оқыпты. Намаз оқып болған соң, Барақ Құнанбайға: «Құнанбай, сен осы намазыңды қайта оқы, сен намаздың шартын бұздың, қусырған қолыңды кіндіктен төмен ұстамай, әйелдерше кіндігіңнен жоғары ұстап тұрдың, бұл намазың болған жоқ»,- дейді. Сонда Құнанбай: «Барақ, сенің оқып жүрген намазыңның бәрі анық ынтаңмен оқып жүрген намаз емес екен. Сен құдайды, жұртты алдау үшін ғана оқиды екенсің. Намаз оқығанда ниетіңді дүниеге аударып тұрады екенсің. Сен шын ниетіңді құдайға аудармай, менің қолымның қалай тұрғанына ниетіңді аударыпсың. Мен намаз оқығанда бар ниетімді құдайға аударамын, шын тілек тілеймін. Ал сен намаз оқығанда бар ойың дүниеде болады екен. Сондықтан, менің бір намазым қаза болса, сенің жасыңнан оқыған бар намазың қаза екен»,- депті.

Халық Құнанбайдың оң сапарын тілеп, аман келуін сұрасады. Құнанбай Меккеге барған соң, ондағы жалпы жағдаймен танысады. Онда нашар, кедей адамдар келсе түсетін, тегін жататын орынның жоқтығын байқайды. Осы оймен ол Меккеге барған қазақ байларының басын қосып: -«Біз осында Құдай жолы деп келдік бәріміз нашар емеспіз, жететін қаражатымыз бар. Ал, осында қаражаты жоқ, кемтар келсе қайда жатпақ, пұл төлеп жатуға шамасы келмесе не істемек? Сондықтан, біз ортамыздан ақша жинап, бір жатақхана салдырып, құдайы қылсақ, оған нашар кемтарлар келсе, үлкен сауап болмай ма? Және құр қажы болып қайтқанға мәз болмай, халыққа оның ішінде нашарларға жәрдемі тиетін іс істеп қайтқанымыз жөн емес пе? Бізді көріп тағы біреулер осындай игілікті істі істеп, бірте-бірте үлкен сауап істер істеліп жатпай ма?» –дейді. Осыны айтқан соң, қазақ қажылары орталарынан ақша жинап, бұл істі басқарып орындауды Құнанбайға тапсырады. Құнанбай ағаштан астылы-үстілі үлкен жатақхана салдырып, құдайы қылып, оған Қанатбай деген адамды күзетші, басқарушы етіп тағайындап қайтады. Меккеден келген соң Құнанбай ел ісіне кіріспей, үйде отырып қалады. Ел ісіне оның балалары араласады. Қайратты Құнанбай дүние ісіне көз салып, көңіл аудармай, 1885 жылы тамыз айында 81 жасында қайтыс болады. Денесі өзі Халилолла деген баласына салдарған, өз қорасы қасында Ақшоқыдағы зиратқа жерленеді. Осылайша аңыз тұлға бұл дүниемен қош айтысқан.

Құнанбай жайлы естелік көп. Соның бірі поляк Янушкевич былай дейді: «Құнанбай би Барақтан бір-екі жас қана үлкен, бұл да бүкіл әлемге әйгілі адам. Құнанбай қара халықтан шыққан, жаратылыстан ақыл-парасаты дарыған, керемет зерек, қара тілге шешен, байыпты, тыңғылықты кісі. Халқының қамын ойлайды, оған жақсылық қылсам дейді. Елінің ежелгі жол-жобасына, әлқұранда жазылған шариғат жолына аса жүйрік, Россия өкіметінің қырғыздар жөніндегі заң ережесіне жетік. Қара қылды қақ жаратын әділ, адал азамат. Құнанбай халқының қамқоры, оны жұрт пайғамбарындай көреді. Сондықтан, одан ақыл кеңес алуға тіпті бір қиырдағы ауылдардан жас пен кәрі, бай мен кедей ағылып келіп жатыр. Тобықты деген мықты рудың қалауымен ол болыстық қызметке сайланып койылған. Елден ерек білгіштігінің арқасында, бұл қызметті тасаяқтай қағыстырып, тамаша, жақсы атқарады, оның айтқаны екі болмайды, кабағын қақса іс орнына келіп жатады.

Бәрін айтта, бірін айт әдеби шығармадағы ел тізгінін ұстаған дала көкжалы Құнанбай қаталдығымен қоса өте әділ басшы бола білді. Ал қаталдығы сол заманның қылмыстарын тоқтатқаны. О заманда ел ішіне орыстың үстемдігі орнап ел ішінде түрлі қылмыс тарағанда қаталдық танытпаса Құнанбайдың ел тізгінін ұстағанынан не пайда, не зауал?. Ал халқына қазіргі әлем жұрты танитын ұлы дана қазақ халқының жол көрсетушісі Абай ақынды қалдырды.

    Қ.Қосмаханов

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

 теолог  маманы                                                                               

0 пікір