ҚҰДАЙЫ АС, ЖЕТІ ШЕЛПЕК ЖӘНЕ ШАРИҒАТ ҮКІМІ
ҚҰДАЙЫ АС, ЖЕТІ ШЕЛПЕК ЖӘНЕ ШАРИҒАТ ҮКІМІ
27.05.2025
465
0

Қазақ халқының тұрмыс-салты мен дәстүрлерінде қайтыс болған кісінің артынан жасалатын амалдар ерекше орын алады. Солардың бірі – құдайы ас беру мен жеті шелпек тарату дәстүрі. Бұл амалдар халық арасында кең таралғанымен, олардың шариғаттағы орны туралы түрлі пікірлер бар. Бұл мақалада осы мәселеге тоқталып, шариғат тұрғысынан баға беруге тырысамыз.

Құдайы ас деген не?

Құдайы ас – қайтыс болған адамның жетісі, қырқы, жылы сынды күндерде немесе кез келген уақытта оның рухына арналып берілетін ас. Жақындары мен көршілер, туыстар жиналып, Құран оқылады, дұға жасалады.

Халықтық түсінік:

Қазақ халқы бұл амалды марқұмның сауабы үшін, артында қалғандардың бірлігін сақтау және марқұмды еске алу ниетімен жасайды.

Шариғаттағы үкімі:

Ислам шариғаты бойынша, марқұм үшін дұға жасау, Құран оқу, садақа беру – құптарлық, сауапты амал. Алайда, бұл амалдар риядан, ысыраптан, бәсекелестіктен таза болуы керек. Яғни, ас беру мәжбүрлікке, даңғаза тойға айналмауы тиіс.

Жеті шелпек деген не?

Жеті шелпек – бейсенбі және жұма күндері немесе басқа арнайы күндерде, көбінесе жетісі, қырқы, жылы секілді кезеңдерде пісірілетін тағам. Ол таратылып, марқұмға бағышталады.

Қазақ дінмен дәстүді ұштастырған халық болып есептеледі. Исламдағы үлкен кітаптарда садақа мен зекетті алушының мұхтаждығына қарай берген дұрыс болып саналады. Қазақ даласы қаншама ашаршылықты басынан өткеріп, бір үзім нанға мұхтаж болған замандар аз емес. Осы сәтте елдің мұхтаждығы аста болса, оларға жеті шелпек тарату садақаның ең абзал түрі болды.

Бұл тағам тек жанұяда ғана емес, көршілерге, жетім-жесірлерге, мұқтаж жандарға таратылып, қоғамдық байланысты нығайтады.

Шариғаттағы үкімі:

Шариғатта марқұм үшін садақа жасау, яғни ас тарату, Құран оқу – дұрыс. Бірақ жеті шелпек түрінде белгіленген діни талап жоқ. Бұл – жергілікті дәстүр, егер оған ысырап пен ширк ниеті араласпаса, мәкруһ емес. Алайда, «жеті шелпек міндет», «жасамаса, күнә» деген сенімге салудан аулақ болу қажет тіпті бұл нәрсе діни жаңалық болып саналады.

Бірақ, егер жеті шелпек немесе құдайы ас салт ретінде, адамдарды жинап, дұға жасап, садақа беру ниетімен жасалса – рұқсат етіледі. Яғни, ниет пен орындалу мақсаты маңызды.

Қазақтың жеті шелпек пен құдайы ас дәстүрлерінің шариғатқа сай жағы да, қайшы тұсы да бар. Ең бастысы – амалдың негізінде дұрыс ниет пен шариғатқа сәйкес келетін әрекет болу керек. Шариғатта парыз немесе уәжіп етілмеген дүниені міндеттеу – діндегі жаңашылдыққа апарады. Сондықтан әрбір мұсылман осы амалдарды орындай отырып, шариғат өлшемдерін ескергені жөн.

 

 Д.Зиябек

 

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ           

теолог маманы                                                                                         

0 пікір