Қоршаған орта – аманат
Қоршаған орта – аманат
11.11.2025
18
0

Қоршаған орта – адам өмірінің табиғи негізі, тіршіліктің тұғыры. Ауа, су, топырақ, өсімдіктер мен жануарлар әлемі – бәрі де адамзатқа Жаратушының берген баға жетпес аманаты. Бұл байлықты сақтау – әрбір адамның, әр ұрпақтың қасиетті міндеті. Алайда бүгінгі күннің экологиялық ахуалы, табиғатқа деген бейқам көзқарас адамзат баласын үлкен жауапкершілікке жетелеп отыр. Қоршаған ортаны аялау және оған бұзғыншылық пен бұзақылық жасамау әрбір адамзаттың – міндеті. Адам баласы табиғаттың бір бөлшегі. Қоршаған орта – біздің өмір сүру ортамыз, тыныс алатын ауамыз, ішетін суымыз, өсіп – өнетін жеріміз. Сондықтан оны қорғау – тек бір мекеменің немесе үкіметтің ғана емес, әрбір адамның басты міндеті. Бүгінгі таңда қоршаған ортаға төнген қауіп күн санап артуда. Ауаның ластануы, ормандардың оталуы, өзен – көлдердің тартылуы, жануарлар мен өсімдіктердің жойылуы – мұның бәрі адам әрекетінің салдары. Табиғаттың тозуы – адамзаттың да тозуы. Егер біз табиғатқа жанашырлықпен қарамасақ, болашақ ұрпаққа таза ауа, тұнық су, құнарлы жер қалмайды. Қазақ халқы ежелден табиғатты құрметтеп, оны киелі санаған. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген нақыл сөз соның дәлелі. Табиғатқа зиян келтірмеу – имандылықтың нақ белгісі.

Ислам дінінде қоршаған ортаны қорғау – сауапты іс. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Кімде – кім тал отырғызатын болса, яки егін ексе, оның әрбір жемісін құс, адам немесе жануар жесе, ол адамға садақа (сауап) жазылады», – деген (имам Бұхари).

Мұсылман баласына әрбір жасаған пайдалы ісі үшін Алла Тағала міндетті түрде оған сауап жазады. Осы хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ағаш отырғызу мен егін егу ісінің қадірі мен артықшылығына назар аудартады. Яғни, мұсылман адам бір нәрсе ексе, ал оның пайдасы басқаға тиіп, сол еккен өсімдіктен адам, құс, жануар, тіпті құрлықтағы не теңіздегі тіршілік иелері жейтін болса, ол үшін әлгі мұсылманға жақсылық жазылады.

Табиғатты аялау – тек сөзбен емес, іспен де көрінуі тиіс. Қоқысты көшеге тастамау, су мен электр энергиясын үнемдеу, ағаш отырғызу, жануарларға қамқор болу – осының бәрі қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесіміз. Яғни, қоршаған ортаны қорғау – бүгінгі және болашақ ұрпақтың жарқын өмірінің кепілі. Табиғатты аялау – біздің парызымыз, адамдық борышымыз. Аманат – орындалуға тиіс уәде, сенім. Қоршаған ортаны аманат деу – келешек ұрпаққа таза табиғат қалдыру деген сөз. Табиғатты бүлдірмей, орман-тоғайды, көл мен өзенді, жануарлар әлемін сақтау – ұлттың мәдениеті мен болмысының айғағы. Әр адам экологиялық мәдениетті бойына сіңіріп, қарапайым әдеттермен – ақ табиғатты қорғауға үлес қоса алады: қоқыс тастамау, суды үнемдеу, ағаш отырғызу, қайта өңделетін заттарды пайдалану сияқты әрекеттер – үлкен экологиялық жауапкершіліктің көрінісі.

Қоршаған орта – ата-бабадан қалған мұра емес, келешек ұрпаққа берілетін аманат. Табиғатты сақтау – бұл тек мемлекетке жүктелген міндет емес, әр азаматтың борышы. Егер біз табиғатты қорғай білсек, ол да бізге жылуын, байлығын, тыныштығын аямайды. Таза табиғат – сау қоғамның кепілі, ұлт болашағының негізі.

Табиғат – өмірдің негізі, оны сақтау – әр жүректе болуы тиіс аманат!

 

 Ә.Болат

 

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ– нің

Мақтаарал, Жетісай ауданындағы бөлімінің маманы                                 

0 пікір