Қандай да бір болмасын мемлекеттің қалыпты өмір сүруінің маңызды және міндетті элементтерінің бірі қоғамдық тәртіп болып табылады. Бұл элементтің тұрақтылығын қалыптастырмай мемлекеттің, қоғамның тыныс-тіршілігін елестету мүмкін емес.
Жазушы Мұхтар Әуезов: «Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек» деуінде үлкен мән-мағына бар. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды», – деген.
Қоғамдық тәртіпті сақтауға заңға бағыну, адамдардың құқығына құрметпен қарау, жол ережесін бұзбау, өзгелерге зиян бермеу, табиғатты ластамау сияқты т.б. істер жатады.
Қандай да бір қоғамда адами құндылықтардың жоғалуының басты себептерінің бірі – адамдар бір-бірінің қадірін бағаламау екені анық. Ағайынның, достың, әріптестің, тіпті бауырының сыртынан ғайбат айтып, күндеу, көре алмау, қызғану секілді жағымсыз әрекеттер қоғам тыныштығын бұзатыны сөзсіз. Қоғам дұрыс болу үшін әрбір адам тілімен де, қолымен де ешкімге зиян тигізбеуі керек. Дәстүрлі ислам дініде, өзге діндерде адам баласының бір-біріне бауыр екендігін жадына салып, өзара сүйіспеншілікті терең нығайтуға шақырады. «Тәртіп – тәрбие бастауы, тәртіпсіздік – өміріңнің қас жауы» деп айтылғанындай қоғамдық тәртіпті сақтауды діннің талабы деп білуі тиіс. Адамдардың дұрыс өмір сүруі үшін әрбір адам қоғамдық тәртіпті сақтауы маңызды. Қоғамдық тәртіпті сақтамай, өзгелерге зиян тигізу күнәлі іс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ахзаб» сүресі, 58-аятында: «Сондай мүмин ер, мүмин әйелдерге жазықсыз зиян тигізгендер, әрине олар: жала жауып, ашық күнә арқалап алды», – деп айтқан.
Ислам тарихында орын алған Ухуд шайқасында садақшылардың Алла Елшісі (с.а.с.) айтқан тәртіпке бағынбай, таудан түсіп кеткені үшін мұсылмандардың жеңіліске ұшырауы баршамызға үлкен ғибрат.
Ислам діні біздерге Жаратушы Аллаға қатысты міндеттерімізді үйретіп, оның бұйрықтарын орындап, тыйыл дегендерінен тыйылуымызды баян етумен қатар қоғамда өзге адамдарға деген жауапкершілік міндеттерімізді де жүктейді.
Қоғам деп – мәдениеті ортақ, белгілі бір аумақта тұратын және өздерін біртұтас деп білетін адамдар тобын айтамыз. Мұсылман адам қоғамда өмір сүргендіктен өзге адамдардың алдындағы жауапкершілігі мен міндеттерін білуі қажет.
Қазақ халқында: «Кекшіл болма, көпшіл бол», «Туысы бірдің уысы бір», «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» деген көптеген мақал-мәтелдерінде қоғаммен бірге жүретін көпшіл болуға, ағайынның қадірін білуге, сыйлап-құрметтеуге шақырған.
Қоғамдық міндеттерімізді орындау сол қоғамда тәртіптің, тазалықтың, береке-бірліктің сақталуына кепіл болмақ.
Қазақ халқы ежелден ынтымақ, татулық, бірлік ұғымдарын қастер тұтқан халық. Ру мен рудың, ағайын мен туыстың, көрші-қолаң мен жақын-жаранның бір-бірімен тату, сыйлы, бауырмал болуына аса мән берілген. Елдің үлкендері мен құрметті адамдары айналасына ақыл-насихатын айтып, ұрпақтарына өсиет қалдырып, елдің тыныштығы мен бейбітшілігін сақтауға тырысқан.
Қоғамның бірлігі: «бірлікте болайық!» деген бір сөзбен бола қалатын іс емес. Қоғамда бірлік болуы үшін сол қоғамдағы әрбір адам бірлікке себеп болатын істерді жасап, қоғамның бөлінуіне алып келетін істерден сақтануы қажет.
Қорыта келе әрбір адамның қоғамдық жауапкершілік пен міндеттерді сақтауы өте маңызды. Бұл істерді атқаруға қаншалықты тиянақты болсақ, соншалықты қоғамымыз да берік әрі тұрақты болмақ.
Д. Аманов
Түркістан облысының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы