Қазыбек Келдібекұлының өмір сүрген жылдары, оқыған жерлері туралы нақты дерек жоқтың қасы. Тарихи деректер бойынша Қазыбек би 1667 жылы Сыр бойында дүниеге келген. Тағы бір мәліметте 1665 жылы туғаны жазылған. Орта жүздің арғын тайпасы қаракесек руынан шыққан. Арғы аталары Шаншар абыз, Бұлбұл, өз әкесі Келдібек есімдері елге белгілі әділ билер болған. Қазақ халқының тарихындағы ұлы би, шешен, мемлекет қайраткері Қазыбек бидің мұрасы – ел бірлігі мен әділеттіліктің, парасаттылық пен көрегендіктің жарқын үлгісі. Ол – тек өзінің заманына ғана емес, бүгінгі ұрпаққа да рухани бағдар беретін тұлға. Қазыбек бидің сөздері, билік айту мәнері, әділ шешімдері мен терең пайымы ұлттың болмысын сақтап қалуда үлкен рөл атқарды. Ел аузындағы әңгіме, аңыздар мен биден жеткен шешендік сөздер Қазыбек бидің өз заманында білімді де жетелі, халықтың ауыз әдебиеті мен салт-дәстүр, рәміздерін, ата жолы заңдарын мейлінше мол меңгерген, озық ойлы, әділ де көреген, батыл да батыр адам болғандығын айқын аңғартады. Парасаттылық – Қазыбек би болмысындағы негізгі ұстаным. Парасаттылық – ақыл-парасатпен, сабырлықпен, кемелдікпен, адамгершілік биігімен шешім қабылдау қасиеті. Қазыбек бидің сөздерінде бұл қасиет айқын көрінеді. Ол қандай да бір даулы мәселе, ру арасындағы келіспеушілік болсын, әрқашан ақылға салып, ашуға ерік бермей, ең алдымен әділет пен ынтымақты сақтауға тырысқан. «Билік айту – біреуді жеңу емес, елді татуластыру» деген сөзі – парасаттың терең үлгісі.
Билік пен ақылдың үйлесімі. Қазыбек би билік айтқанда тек заң мен салтқа сүйеніп қана қоймай, адамның ішкі пейіліне, шындыққа және ұлттың болашағына қарап шешім шығарған. Бұл – парасаттың биік көрінісі. Ол ешқашан біржақты үкім шығармаған, қарсы тараптың да сөзін тыңдай білген. Бұл – қазіргі замандағы құқықтық мәдениетке де үлгі боларлық дүние. Қазақ бірлігін сақтау жолындағы парасаты. Бидің өмірлік мұраты – «Бірлік түбі – тірлік» екенін халқына ұғындыру болды. Қазыбек би бір оқ атпай, артық қантөгіссіз ең күрделі мәселелерді шеше алған. Ең мықты хандар мен қасарысқан жаулар да оның сөзіне құлақ асқан, өйткені Қазыбек би оларды сөзі мен даналығымен таң қалдырған. Олардың жүректеріне жеткізіп айта білген. Ол сондай-ақ бытыраңқы қазақ руларын біріктіріп, бейбітшілік пен келісімге шақырды. Өзінен кейін өмір сүрген халқына әділ заңдар қалдырды. Ол ел ішіндегі татулықты сақтап қалу үшін өз сөзін де, беделін де аямаған. Ресей, Қытай, Жоңғар билігімен жүргізілген келіссөздерде қазақтың намысын, жерінің тұтастығын, халқының абыройын терең парасатпен қорғады.
Қазыбек мемлекет істерімен қатар ру аралық, сұлтандар арасындағы кикілжің тартыстарға да әділ билігін айтып отырған. Орыс патшасының өктемдігіне қарсы 1740 жылғы башқұрттар көтерілісінің басшысы Қарасақалдың Қабанбай батырға бармас бұрын Қазыбек биге келіп паналағаны, 1761 ж. Түркістандағы Орта жүз ханы Әбілмәмбет Сәмекенің баласы Есім сұлтаннан теперіш көріп, қаладан қуылғанда өз баласы Әбілпейіз бен Қазыбек биді арқа тұтып Арқаға келіп, ұлы бидің қазылығына жүгінгені тарихтан белгілі. Ал Барақ сұлтан қасастықпен 1748 ж. 24 тамызда Кіші жүз ханы Әбілқайырды өлтіргенде, мұны ел бірлігіне іріткі салатын қылмыс деп бағалаған.
Қорытындылай келе, Қазыбек би мұрасындағы парасаттылық бүгінгі ұрпақ үшін де аса маңызды. Қазыбек бидің артында кейінгі ұрпаққа жарық жұлдыздай жол көрсетіп, жөн-жоба сілтейтін көптеген өнегелі өсиет сөздер қалды. Олар ел жадында құрандай жатталып, қалауы бұзылмаған саф алтындай таза күйінде бүгінгі ұрпаққа жеткен. Күміс көмей кемеңгер бидің шешендік сөздері айтпақ ойының ұшқыр да тапқырлығымен, тап басатын көркем теңеулерінің дәлдігімен, тілінің өткір де айқындығымен ерекшеленеді. Оның тұжырымы терең толғаулары, суырып салма тақпақтап айтқан сөздері тыңдаушы ойында тез сақталатын нақылға толы мақал түрінде өрілген. Сондықтан Қаз дауысты Қазыбек биден бізге жеткен мұра халық қазынасының алтын қорынан лайықты орын алған. Бүгінгі қоғамда түрлі көзқарастар, түсініспеушіліктер орын алуы мүмкін. Осындайда Қазыбек бидей тұлғаның сабырлы да терең пайымы, елдік пен келісімді бәрінен жоғары қоятын парасаты – біздің қоғамға қажет басты құндылықтардың бірі. Қазыбек би – тек шешен, би ғана емес, парасаттылықтың символына айналған ұлы тұлға. Оның мұрасы – ұрпақ санасын оятып, әділет пен адамгершілікке үндейтін рухани қазына. Біз үшін Қазыбек би сөзі мен ұстанымы – дауларда емес, ақылдасу мен парасатта жол бар екенін ұқтыратын өнеге.
Ә.Болат
Түркістан облысының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ– нің
Мақтаарал, Жетісай ауданындағы бөлімінің маманы
Қазыбек би мұрасындағы парасаттылық
