Жас мұраты, білім, тәлім – талабы...
Өнер, оқу – жастықтың қару жарағы.
І.Жансүгіров
Елімізде өткен жыл жастар жылы деп жариялануына орай, бұдан бұрынғы жастарға бөлінген көңіл ерекшелене түсті. Еліміздегі жастардың – елдің ең басты байлықтарының бірі екендігін де ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев те айтты. Мемлекетіміздің зайырлы және толерантты болып одан әрі нығая беруі жастарға байланысты болғандықтан оларға үлкен үміт пен жауапкершілік артылып отыр.
Жылдағыға қарағанда 2019 жылы ауылдағы жастардың өзіндік кәсіпкерлікпен шұғылдануына, сонымен қоса өмірі мен жұмысына қолайлы жағдай жасаудың серпілісі болатын. Жиырма бес жыл бұрын қаладан ауылға қоныс аударған, бүкіл кәсібін жоқтан бастаған жастар қазіргі таңда шағын немесе ауқымды шаруа қожалық иесі. Мемлекетіміздің тұрақты дамып отыруының кепілі – бәсекеге қабілетті жастар екендігін ұмытпағанымыз жөн. Бұл, ең алдымен, тікелей жас қазақстандықтардың білім мен біліктілігіне, ұмтылысына, жігеріне және ынтасына байланысты дүние.
ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауында қоғам және экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыруы жайында айтқан. Дәл осы жаһандық бәсекенің қозғаушы күші – жастар. Білімді және білікті жастар. Осы бір мақсатты жүзеге асыру үшін қойылған міндет – жастарға көңіл бөлу. ХХІ ғасырдың озық технологияларын игеретіндер де, үйрететінде – жастар. Онлайн сатылым, онлайн немесе мобильді банкинг, сандық қызметтер жедел түрде жастардың септігімен ауқымды түрде дамуда. Өйткені жаңашылдыққа ұмтылатын, бәсекеге қабілетті бола алатын тек жастар ғана.
Елбасы тапсырмасының негізінде 2016 жылы жастардың саясаты бойынша ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылған болатын. Аталмыш арнайы уәкілетті органның бекіткен бес негізгі міндеті бар. Әрқайсына тоқталып өтсек, біріншіден – ауыл жастары мен қала жастарының арасындағы өмірі мен демалысты ұйымдастыруда әлдебір тарапқа басымдылық берместен жүзеге асыру. Екіншіден, «әлеуметтік жеделсатыны» дамыту. Елдегі жастар саясаты тек жастардың арасындағы жеке тұлғаға ғана емес, сонымен қатар жас отбасына назар аударатын болады. Үшіншіден, жастармен жұмыс жасау құрылымдары белсенділік танытады. Төртіншіден, жастардың мәселесімен айналысатын ведомствоаралық жұмыс қатаң бақылауға алынып, күшейтіледі. Бесіншіден, жоғарыда аталған тармақтардың барлығы өз жемісін беретін болса жастар саясаты белгілі бір нәтижелерді көрсететіні хақ.
Әлемде кез келген мемлекетте әрбір адамның өмір сүруі мен дамуына 3 үлкен күш мүмкіндік береді. Олар: білім, жұмыс пен баспана. Президентіміз Қ.Ж.Тоқаев дәл осы негізгі қағидаларға назар аудара отырып, өзектілігіне тоқталған болатын. Еліміздегі үш ірі шаһарында жұмыс жасайтын жастарды жылына мыңға жақын пәтермен қамтамасыз ету, жастардың арасындағы кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 20 мыңға дейін грантты көтеру, жастардың арасында жоба, Startup секілді бастамаларға қолдау көрсетіп, жобаларын қаржыландыру көзделіп отыр.
Ағымдағы жыл – еріктілер жылы. Жастардың қоғамда белсенділік танытып, қоғамның қазіргі таңда кезіккен қиыншылықтарды жеңуде көмек көрсетіп жатқанына куәгер болудамыз. Төтенше жағдай болған Мақтааралдағы су тасқыны, індеттің таралуы немесе бұдан басқа да оқыс оқиғаларда жапа шеккендердің арасында табылған жастар болды. Шынында да еліміздегі әрбір өскелең ұрпақ І. Жансүгіров бабамыз айтқан «қарулармен» жасақтанатын болса, сырттан келетін қауіп-қатер, сын, қоғамға зарар келтіретін бүкіл дүниелерге қарсы тұра алады.
«Қоғамдағы дін қатынастарын
зерттеу» бөлімінің маманы Н.Әмзеев