Халқымызда адам жасымен емес, ұрпағымен мың жасайды деген нақыл сөз бар. Себебі ұрпақ- өмірдің жалғасы. Ата-ананың тірегі, сүйеніші. Жақсы бала ата-анасын төрге сүйрейді, жаман бала ата-анасын көрге сүйрейді. Баланың жақсы болуы да, жаман болуы да отбасыдағы діни тәрбиенің маңыздылығында. Діни тәрбие жамандық атаулыдан тыйып, ізгілікке бастаушы құдайлық жүйе. Дін тек қана 5 уақыт намаз, ораза немесе діни атрибуттық киімдерді киюмен шектелмейді. Дін - қоғамдық тәртіпті реттеп, барша адамзаттың өміріне рухани нәр береді. Әдептілік, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілік, тазалықты, үлкенге құрмет көрсетуді, кішіге ізеттілікті, айналасына мейірімділікпен қарауға баулиды. Бала туылған кезден бастап мұсылманшалап азан шақырып, ат қойып алғашқы діни жоралғылар жасала бастайды. Бесікке бөлерде бесік жырын айтудың өзінде қаншама хикмет жатыр. Олай дейтінім, әжелеріміз бен аналарымыз ғасырлар бойы аталарымыздың бойына, сол бесік жырын айтып, отырып-ақ ұлтжандылықтың ұрығын еккен. Себебі, ұлттың анасы болған бұл абзал жандар жай ғана ыңылдап қоймай, керісінше бабаларымызды рухты етіп тәрбиелейтін жыр-дастандарды жадына сіңіріп, діні мен тілін, дәстүрі мен тарихын жөргегінде жатып жақсы көруге үйретті. Нәтижесінде, Атырау мен Алтайдың арасына созылып жатқан ұлан-ғайыр атырапты бізге найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, аманаттаған хандар мен бектер, батырлар мен билер тарих сахнасынан орын алды. Ел боламын десең – бесігіңді түзе деп бекерге айтпаса керекті. Сол үшін де халық қаһарманы Б.Момышұлы: «Мен бесік жырын айтатын әжелердің азайып бара жатқанынан қорқамын»,- деген екен. Себебі бесікте жатқанда-ақ баланы имандылыққа тәрбиелей бастаған.
Діннің негізі әлбетте иман етуден тұрады. Шәкәрім атамыздың тілімен айтсақ: Иман – Алла тағаланың барлығына, бірлігіне, Мұхаммед ғаләйһис-сәләмнің пайғамбарлығына, Құран сөзінің бәрі шындығына анық ықыласпен нанбақ. Қазақ баласына иман түсінігін «ұят болады» сөзімен жастайынан бойына сіңдіре білген. Өлімнен ұят күшті деп ұятты барлығынан жоғары қойған. Ардақты пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с) хадисінде де: «Ұяты бардың иманы бар» -деу арқылы ұят пен иманның бір екенін білдірген. Қазақтың ұлы ақыны А.Құнанбаев атамыз 36 қара сөзінде «ұят деген - адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіс қылған қысымның аты. Ол уақытта тілге сөз де түспейді, көңілге ой да түспейді. Көзіңнің жасын, мұрныңның суын сүртіп алуға да қолың тимейді, бір ит боласың. Көзің кісі бетіне қарамақ түгіл, ешнәрсені көрмейді. Мұндайлыққа жетіп ұялған адамға өкпесі бар кісі кешпесе, яки оның үстіне тағы аямай өртендіріп сөз айтқан кісінің өзінің де адамшылығы жоқ десе болар»-деп ұяттың өлшемін көрсетті.
Ұлы даланы мекен еткен ата-бабаларымыз ұрпақ бойына отанға деген махаббат, ұлтына деген құрмет, әдеп-инабаттылықты - отбасында, ошақтың қасында отырып берген. Қыз баласын ұлтының айнасы, намысы санағандығы себепті, қызға қырық үйден тыйым салып отбасы тазалығын сақтаған. «Сендердің бәрің де бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар. Әмірші адамдарға бақташы, ол сол отарына жауапты, ер кісі өз отбасына бақташы, сол отарына жауапты, ал әйел күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі соларға жауапты...» – деп өсиет еткен Пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с) жолын бек ұстанған.
Еккенің тікен болса, орғаның балауса болмас деген. Алаштың ардақтысы М.Жұмабаев былай депті: Ата-аналар баланы тәрбиелегенде дәл өзіндей етіп тәрбиелеуге тырыспау керек, олар баланы өзінен күшті етіп тәрбиелеуі тиіс. Өйткені олардың заманы ата-аналарының өмір сүріп отырған заманына қарағанда анағұрлым күрделі талабы жоғары болатынын ұмытпаған жөн. Әрбір ата-ананың алдындағы міндет ұрпақ тәрбиесі. Себебі ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы.
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Созақ ауданындағы теолог маманы Қ.Қосмаханов