Қазақ халқының қонақжайлылығы – ғасырлар бойы қалыптасқан ерекше дәстүр. Ол тек жай ғана қонақ күту емес, бұл – адамгершілік пен ізгіліктің, кеңпейілділік пен бауырмалдықтың жарқын көрінісі. Бүгінде жаһандану дәуірінде көптеген ұлттар ұлттық құндылықтарын сақтап қалуға тырысып жатқанда, қазақтың қонақжайлық дәстүрі әлемге үлгі боларлық деңгейде өз маңызын жоғалтпай келеді.
Қазақта «Қонақ келсе – құт келеді» деген нақыл бар. Бұл сөздің астарында терең мән жатыр. Қонақты төрге шығарып, дастарқан жайып, барын алдына қою – қазақ үшін бұлжымас қағида. Ерте замандарда көшпенді өмір салтымен күн кешкен қазақтар үшін жолаушыға есікті ашу, оны ас-сусынмен күту – міндет саналған. Өйткені сахарада жол жүрген адамға демалу, тамақтанып алу өте маңызды еді.
Қазақ халқында асты қастерлеу, дәмді құрметтеу ерекше орын алады. Асты дастарқанға жайып, барын қонақпен бөлісу – қазақтың қай кезде де ең үлкен дәстүрі. Қазақтар «Астан үлкен нәрсе жоқ» деп, асты ерекше қастерлейді. Сол себепті құдайы қонақтың шаңыраққа бұйырған несібесін, дәмін қызғану күнә деп саналады. Қонаққа ас ұсыну – сый-құрмет көрсетудің, ырыс-берекені, достық пен мейірімділікті дәріптеудің бірден-бір жолы. Қонақ разы болып, қуанып аттанса, шаңыраққа құт қонады, ырыс артады деген сенім бар.
Қазақ дәстүрінде қонақтың бірнеше түрі бар:
1. Арнайы қонақ – той, ас, мереке үшін арнайы шақырылған жандар.
2. Құдайы қонақ – жол жүріп келе жатып, күтпеген жерден үйге түскен жолаушы.
3. Қыдырма қонақ – туған-туыс, жақын-жұрағат аралап жүрген кісі.
Қай түріне жатпасын, әрбір қонаққа лайықты құрмет көрсетіліп, оған сый-құрметпен қарау – қазақтың жазылмаған заңы.
Қазақтың қонақжайлығы тек бір рулы елге ғана емес, басқа ұлт өкілдеріне де таралған. Тарихқа көз жүгіртсек, ашаршылық жылдары, соғыс кезінде немесе түрлі саяси жағдайларға байланысты қазақ жеріне көптеген өзге ұлт өкілдері қоныстанды. Сол кезеңдерде қазақ халқы барымен бөлісіп, өз шаңырағына өзге этностарды паналатты. Бүгінде Қазақстанның көпұлтты болуының бір себебі де осы кеңпейілділіктен бастау алады.
Бүгінде де қазақ халқы құдайы қонақ дәстүрін ұмытпай, қонақжайлылықты жоғары ұстайды. Қалада немесе ауылда болсын, қазақ отбасылары үшін үйіне келген қонақты риза ету, кең дастарқанын жайып, жылы қабақпен қарсы алу міндет деп саналады. Құдайы қонақ дәстүрі уақыт өткен сайын өзгергенімен, оның басты қағидалары – мейірімділік, кең пейілділік, бір-біріне деген адалдық пен сыйластық – қазақ халқының мәдениетіндегі маңызды орнын сақтап келеді.
Қалалық жерлерде өмір сүру ырғағы өзгергенімен, ауылдық жерлерде дәстүр әлі де сақталуда. Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін мейрамдарда – Наурыз, Құрбан айт, Тәуелсіздік күні сияқты мерекелерде қонақ күту, дастарқан жаю дәстүрі жалғасып келеді.
Сонымен қатар, туризм саласында да қазақтың қонақжайлығы ерекше рөл атқарады. Қазақстанға келген шетелдік саяхатшылар қазақтың кең дастарқанын, қымыз бен шұбатын, ұлттық тағамдарын жоғары бағалайды. Туризмді дамытуда дәл осы қасиет – халқымыздың басты артықшылықтарының бірі.
Қазақтың қонақжайлылығы – ата-бабадан мирас болған баға жетпес құндылық. Ол тек жеке адамға емес, бүкіл қоғамның мәдениеті мен рухани дамуына әсер ететін үлкен фактор. Бүгінде ұлттық болмысымызды сақтау үшін осы қасиетті дәстүрді жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа үйрету – әрбір азаматтың міндеті. Егер әр халық қазақтай қонақжай болса, әлем мейірімге толы болар еді!
А.Құрманбек
Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
теолог маманы
Қазақы қонақжайлылық – әлемге үлгі
