Қазақ халқы – ғасырлар бойы өз дүниетанымын ислам дінімен астастыра қалыптастырған мұсылман халықтарының бірі. Ұлттың дүниеге көзқарасы, өмір сүру үлгісі, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері – барлығы ислам құндылықтарымен өзара байланысып жатыр. Кейбір жағдайларда бұл үндестік бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі нығайтып келеді. Мақалада қазақтың салт-санасы мен ислам дінінің өзара байланысы, тарихи негізі және қазіргі қоғамдағы орны ғылыми тұрғыда сараланады.
«Қазақ халқы исламды өзіне зорлықпен емес, табиғи үйлесіммен қабылдады. Себебі қазақтың бұрынғы сенім-нанымдары мен өмір сүру салты ислам құндылықтарына қарсы келмеді» (Қасенов М., «Ислам және көшпелілер мәдениеті», 2015).
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бір сұхбатында дін мен дәстүр егіз ұғым. Өкінішке қарай, екеуін екі бөлек етіп көрсеткісі келетіндер бар. Салт-дәстүр халықтың дүниетанымы негізінде қалыптасады. Қазақтың әр салтының арғы жағында діни тағылым көруге болады.
Қазақтың салт-дәстүрлері мен исламдағы ұқсастықтар жиі кездеседі. Мысалы: Бата беру – дұға мәдениеті. Қазақ халқы кез келген игі істің алдында немесе артынан бата береді. Бұл – ақсақалдардың, үлкендердің батасы. Исламда мұндай дұға жасау – сүннет амал. Хадисте: «Кім бауырына дұға етсе, періштелер оған да сондай дұға жасайды» (Мүслим).
Бата – тілек емес, ол – ықыласты дұға. Демек, бұл салтымыз – исламдық дүниетаныммен тікелей байланысты.
Қонақжайлық – қазақ халқының «Қонақ келсе, құт» деген түсінігі – исламдағы «мұсылманның мұсылманға құрмет көрсетуі» қағидасымен сәйкес.
Хадисте: «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, құрметтесін» (Бухари, Мүслим). Қонаққа құрмет көрсету – мұсылмандық әдептің ажырамас бөлігі. Бұл хадис адам баласының иманы мен мінезі қонақжайлылығымен де өлшенетінін білдіреді.
Жеті атаға дейін қыз алыспау – шариғатпен үндесу. Қазақта «Жеті ата» заңы – тектіліктің, ұрпақ тазалығының кепілі. Исламда да туыстық қатынасқа тыйым салынған. Осы секілді дін мен дәстүрдің ұқсас жерлері жетерлік.
Қазақ дүниетанымында имандылық – ең биік адамдық қасиет ретінде қаралады. «Иманды бала – ел болашағы», «Имансыздан без» деген мақалдар осыны айғақтайды. Қазақтар бала тәрбиелеуде бесік жырынан бастап, имандылыққа баулиды. Ата-бабаларымыз тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрін ислам дінінің құндылықтарымен байланыстыра білді. Бұл – бабалар даналығы.
Бүгінде қоғамда «дәстүр мен дін бөлек» деген қате ұғым таралып жүр. Бұл – теріс діни ағымдардың ел ішіндегі тұрақтылыққа төндіріп отырған қауіптерінің бірі. Дәстүр мен дінді бөлшектеу – ұлтты тамырынан айырумен тең. ҚМДБ-ның ресми ұстанымы да осыған саяды. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Біздің дәстүріміз – шариғатқа қарсы келмейді. Керісінше, оны халықтық сипатта жеткізудің жолы».
Қазақтың салт-дәстүрі мен ислам діні – бір-бірімен астасқан, ажырағысыз құндылықтар. Ұлттық болмысымызды сақтау – дінімізді сақтау, дінімізді терең тану – ұлттық тәрбиемізді нығайту. Қазақтың ұлттық болмысы мен дүниетанымын қалыптастыруда дін мен салт-дәстүрдің алатын орны ерекше. Ендеше, ата-бабадан келе жатқан салт-сананы шариғаттың шеңберінде жаңғырту – бүгінгі ұрпақтың басты міндеті болуы тиіс.
Қ.Мырзабай
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің бөлім маманы
Қазақтың салт-санасы дінмен үндеседі
