Дін ежелгі уақыттардан бері адамдардың өмірінде шешуші рөл ойнап келе жатқан маңызды феномен және ол бүгінгі күнде де еш маңызын жойған жоқ. Адамзат үшін қазіргі таңдағы басты міндет – ұлтаралық және дінаралық татулықты сақтау. Себебі татулық пен бірлік орнықпаған жерде берекелі бейбіт өмірдің болмайтыны анық. Дінаралық келісімнің міндеті түрлі дін өкілдері арасындағы өзара келісім мен ынтымақтастықты, толерантты арақатынасты орнықтыру болып табылады. Дінаралық келісім арқылы діни саладағы түрлі шиеленістердің алдын алып, берекелі бейбіт өмірге қол жеткізуге болады.
Соңғы жылдары төрткүл дүниеде орын алып отырған әлемдік деңгейдегі дағдарыстар, геосаяси жағдайдың ушығуы адамзатты алаңдатпай қоймайды.
Қазақ елі ту көтеріп тәуелсіздік алғалы еліміздегі дінаралық қатынас саласында мемлекеттік сындарлы саясат жүргізіп келеді. Дінаралық келісім мен толеранттылық азаматтық бейбітшіліктің негізі.
Ал елімізде әр үш жыл сайын өткізіліп тұратын Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің дипломатиялық келісімді нығайтуда халықаралық деңгейде орны ерекше. Әр съезд өз алдына елеулі мақсат қойып, соны жүзеге асыруда қыруар жұмыстар атқарып келеді.
Осы тұрғыдан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Астана төрінде бас қосқан Съезд жұмысына қатысушыларына: «Қазір жер жүзінде сын-қатерлер көбейіп, халықаралық ахуал ушығып тұр. Соның салдарынан түрлі қақтығыстар көбеюде. Алмағайып кезең ешкімге оңай болып жатқан жоқ. Өкінішке қарай, соғыстың сипаты мен болмысы белең алуда. Дегенмен біз өткен заманнан дұрыс сабақ алып, сындарлы әрі ашық келіссөздерге ұмтылуымыз керек. Мәмілеге балама жоқ. Бұл тұрғыдан алғанда, бүгінгі Съездің мән-маңызы айрықша. Дін басшыларын гуманистік көзқарастарды ту еткен Бейбітшілік елшілері деп айтуға болады. Сіздер ортақ мүдде үшін бірігіп, әлем жұртшылығын игі мақсат жолында жұмылдыруға ниет білдіріп отырсыздар» – деді.
Бұл сөздің саяси лидерлерге ғана емес, діни көшбасшыларға қарата айтылуында өзіндік мән-мағына бар. Себебі, әрбір дін өз сенушісін ізгілікке, бейбітшіліке, мейірбандылыққа, қайырымдылыққа, жақсылыққа тәрбиелейді. Сенушілер діни көшбасшылардың үндеулеріне құлақ асады. ХХІ ғасыр кеңістігінде әлем аумағында таралған діндердің өзара диалогын ұйымдастыру жаһандық деңгейдегі өзекті іс-шаралар қатарына жатады.
Экстремизм, терроризм сияқты жаһандық қауіп-қатерлер, діни төзімсіздік, халықаралық дау-жанжалдар, қақтығыстар, діни құндылықтарды қорлау фактілері белең алып тұрған бүгінгі заманда аталған келеңсіздіктердің алдын алу өте маңызды. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің мақсаты қандай да бір діннің артықшылығын анықтау емес, күрмеуі қиын адамзатқа ортақ мәселелерді өзара бірлесіп шешуге әрекет ету болып табылады. Түрлі дін өкілдерінің басын бір ортаға қосқан мәжіліс өткізу арқылы Қазақстан әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлеріне ортақ бір келісімге келуге мүмкіндік жасап беруде.
Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің уақыт өткен сайын ауқымы мен салмағы да артып келеді. Биыл VІІІ рет ұйымдастырылып отырған съезд жұмысына БҰҰ ерекше қолдау білдірді. Қолдау тек сөз жүзінде ғана емес, съезд аясында БҰҰ Өркениеттер альянсының діни нысандарды қорғау жөнінде арнаулы сессиясын өткізуі арқылы нақты іспен көрініс тапты.
Діни нысандарды қорғау аясында өткен арнаулы сессия жұмысына мемлекет басшысы жоғары баға берді. Сонымен қатар, сан ғасырлық тарихы бар қазақ даласындағы түрлі сенім өкілдерінің қастер тұтып, киелі санайтын орындарына да ерекше тоқталды.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Киелі діни орындар мен нышандарды қорғау арқылы біз, шын мәнінде, адамзат өркениетінің қайнар көзін сақтаймыз. Қазақстанда 18 конфессияға тиесілі төрт мыңға жуық діни бірлестік бар. Біз ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі секілді киелі жерлерді, ертеде және қазіргі заманда бой көтерген мешіттерді, православие мен католик шіркеулерін, Алматыдағы будда орталығы мен «Бейт Рахель Хабад Любавич» сияқты синагогаларды қорғап, қолдау көрсетеміз. Мемлекет діни қауым үшін ерекше маңызға ие барлық қасиетті орындардың сақталуын өз қамқорлығына алған. Маңғыстаудағы Бекет ата мешіті, Іле өзенінің жағасындағы Тамғалы тас будда петроглифтері, Алматыдағы Леви-Исхак Шнеерсонның қабірі, католиктер айрықша ардақтайтын Солтүстік Қазақстандағы Мәриямкөл – осының жарқын мысалы. Киелі жерлер наным-сенімі әртүрлі адамдарды біріктіріп, ұрпақтар сабақтастығы мен рухани байланысты сақтайды. Сондықтан біз үшін бұл жай ғана сәулеттік немесе тарихи ескерткіш емес, бейбітшіліктің, өзара құрмет пен халқымыздың мәдени саналуандығының символы» - деді.
Сондай-ақ, қазақ халқы үшін ғана емес, түбі бір түркі жұртының, барша исі мұсылман қауымының қастер тұтар қасиетті мекені Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне съезд қатысушыларының назарын аудару мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының терең пайымының көрінісі деп санаймыз.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінің ауқымының артқанына әлемдік және халықаралық ұйымдардың жыл сайын қатысу белсенділігімен бағалауға болады. Атап айтқанда, 2003 жылы өткен әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ең алғашқы съезіне ислам, христиан, буддизм, индуизм, иудаизм, синтоизм діндерінен әлемнің 13 елінен 17 діни ұйым өкілдері қатысқан екен. Ал, биыл VІІІ рет ұйымдастырылып отырған съезд жұмысына әлемнің 60-тан астам елінен 100-ден астам делегация қатысты.
Съезд қатысушылары пленарлық және секциялық отырыстарда, діни орындар мен нышандарды қорғау бойынша арнайы сессияда, сарапшылар дөңгелек үстелінде және жас діни көшбасшылар форумында көптеген құнды идея мен ұсыныс айтылды. Мәртебелі қонақтар мен съезд қатысушылары деструктивті ағымдар мен зорлық-зомбылықты қатаң айыптап, қазіргі дағдарыстарды реттеу мүмкіндіктерін қарастырып, талқылады.
Съезд жұмысының нәтижесінде қатысушылардың үндеуі қабылданды. Діни көшбасшылар бүкіл адамзатты әлемнің болашағы үшін өзара ықпалдастыққа, келісім мен бейбітшілікке, әділеттілік пен жасампаздыққа ұмтылуға шақырды.
Рүстем Сабыржанұлы
Түркістан облысының
дін істері басқармасының басшысы
Қазақстан – конфессияаралық келісімнің мекені
