Қазақ даласында қолданылған Шыңғыс ханның «Яса» заңдар жинағынан кейін ең алғашқы қолданған заңдар жинағы Қасым ханның «Қасқа жолы» атты заң. «Қасым ханның Қасқа жолы» туралы қазақтың ауыз екі әңгімелерінде ғана аздаған мәліметтер кездеседі. Дегенмен бұл заң көшпелі ру-тайпаларды жергілікті әдет-ғұрып заңымен ел ішінде тәртіп орнату болатын. Бұл туралы зерттеуші ғалым М.Исахан https://kazislam.kz/ сайтында «Қасым ханның қасқа жолы» – Қазақтың алғашқы конституциясы атты тақырыпта мынадай мақала жариялапты.
«Қасым ханның қасқа жолы» – Қазақтың алғашқы конституциясы Қазақстандағы Ислам Алтын Орда билеушісі Берке хан кезінен бастап, Жошы ұлысы «Ұлы Яса» заңы мен шариғат заңдарын қатар ұстана бастады. «Қасым ханның қасқа жолы» мынадай тараулардан тұрды: 1) Мал-мүлік заңы. Онда мал, жайылым жер туралы мәселелерді реттеуге байланысты нормалар белгіленген; 2) Қылмыстық жаза. Яғни, қылмыстық істер заңында кісі өлтіру, мал тонаушылар сияқты қылмысты жазалаудың нормалары; 3) Әскери ережелер. Яғни, әскери міндетті өтеу заңында әскери қосын құру және әскери міндет өтеу туралы қағидалар берілген; 4) Елшілік заңы. Елшіліктің негізгі құқықтық парыздары мен міндеттерін белгілейтін нормалар; 5) Жұртшылық заңы. Өлім-жітімге байланысты, сондай-ақ, әртүрлі мерекелік шараларды, салттар мен ғұрыптарды атқаруға қатысты бақауыл, жасауыл, тұтқауылдардың міндеттері қатысты құқықтық нормалар. «Қасым ханның қасқа жолының» толық мазмұны сақталмаған. Оның бір себебі, қазақтың билер соты мәтіндік нормалармен емес, даналық пен тапқырлыққа негізделген сот преценденті әдіснамасымен жұмыс істеді. Низамның негізгі қағидалары мен жазалау нормалары белгілі болса, ары қарай билер сияса-шария (шариғаттың саясаты), хила-й шария (айла-шарғы), хикмети-ташриға (шариғат хикметі) әдістерімен қоғамдық қатынастарды ретттеп отырды. Яғни, «Қасым ханның қасқа жолындағы» бес тарауда қазақ қоғамына тән барлық қарым-қатынас түрлері толықтай қарастырылды.
XVII ғасырдың алғашқы ширегіндегі мемлекет және кұкық туралы түсініктердің дені «Есім ханнын ескі жолы» атты ережелермен байланысты. Есім ханның «Ескі жолы» – дәстүрлі қазақ қоғамындағы заңдар жиынтығы. Есімхан 1598-1628 жылдары билік құрған кезінде, өзіне дейін көп өзгеріске ұшырай қоймаған Қасымның заңдарын іс жүзінде қолданды. Бұл заң ережелері: Жерге қатысты заңдарды; Малға байланысты ережелерді; Мүліктік қатынастарды; Қылмыстық іс туралы (ұрлық, кісі өлтіру, қасақана жарақат келтіру); Әйелдердің қоғамдағы жағдайы туралы; Әскери міндеттілік туралы; Дәстүрлі шаралар мен кедейлерге көмектесу туралы мәселелерді қарады. Бұл заң нормалары да жазбаша түрде сақталмаған.
Қазақ халқының өмірінде елеулі болған бертінге дейін ел арасында сақталып келген «Жеті жарғы» заңдар жүйесі.
«Жеті жарғының» толық нұсқасы сақталмаған. Оның үзінділерін К.Шүкірәлиевтің (1804), Я.Гавердовскийдің (1806), А.Левшиннің (1832) жазбаларынан оқуға болады. Сондай-ақ, Н.Гродеков, Л. А. Словохотов, А. П. Чулошников тәрізді орыс ғалымдарының зерттеулері шежіреші Ә.Қайнарбайұлынан алынған нұсқаға жақын келеді.
Жеті жарғы заңдар жинағында тек қана саясат пен тәртіп қана емес дінге байланысты да арнайы баптар қарастырылған. Біздің күнімізге жеткен бөліктерін де дінге қатысты мынадай баптар қарастырылыпты:
1. Құдайға тіл тигізген адам, егер тіл тигізгенін жеті адам дәлелдеп, куәлік берсе, өлім жазасына кесіледі. Өлім жазасы шариғат талабына сәйкес таспен атып орындалады.
2. Өзге дінге кірген, соның ішінде христиан дініне кірген адам, өз мал-мүлкіне, қатын баласына иелік хақынан айырылады. Себебі мал-мүлікке, адам жанына ру ортақ. Осы себепке байланысты «шоқыншының» мал-мүлкін, қатын-баласын ағайын-туыс бөліп алса қылмыс болып табылмайды.
3. Өзін-өзі өлтірген, жазалаған адамдарға жаназа оқылмайды, олар ру қорымынан бөлек жерленеді.
4. Адам өлер алдындағы өсиетін ағайындар мен молданың алдында айтуы қажет. Егер де ауылда молда болмаса, өсиетті жақын ағайын, жолдас арасында айта береді.
5. Шариғат жолы әуелі Құран кәрімге, одан кейін хадистер мен сүннетке негізделеді. Осы себепті даулы мәселелер бойынша /істер/ шешімді діни оқуды меңгерген, шариғатты жақсы білетін және адалдығымен елге танылған адамдар айтуы қажет.
6. Қарыз беруші қарызын өсімімен алуға қақы жоқ.
7. Қарызын қайтара алмаған адам қызметімен өтейді.
8. Шариғат бойынша әкеден қалған мұра ұлдарына екі есе, қыздарына бір есе тәртібімен бөлінеді.
9. Марқұмның өз баласы болмаса аға-інісі екі есе, апа-қарындасы бір есе мұра алады.
10. Егер марқұм көзі тірісінде біреуге қарыз болса, бала-шағасы оны өтеуге міндетті.
11. Ұрлық жасаған адамның ұрлағаны 10 тилләден (теңге) көп болса бір қолы кесіледі.
12. Ұсақ заттар (сабын, балық, құс) ұрлық болып табылмайды, жаза кесілмейді.
13. Ерлі-зайыпты адамдар арасында кездесетін көзге шөп caлy /зина/ 4 куә көзбен көріп мойындатса өлім жазасына /таспен атып/ кесіледі.
14. Зинаға байланысты жалған куәлік берген адамга 30 рет дүре соғылады.
15. Шариғат бойынша арақ, ішіп ләйліп жүрген адамға 80 рет дүре соғылады.
16. Діннен шығу – иртидад /ислам/ өлім жазасына кесіледі /таспен атып өлтіру/.
17. Қоғамдық тәртіпті бұзу, ел басшысына, үкіметке қарсы көтеріліс, өлім жазасына кесіледі.
29. Адам өлтірген қылмыс бойынша қазы қылмыскерді өлім жазасына кеседі /қысас/.
30. Егер өлген адамның туыстары кешірім берген жағдайда, қыл- мыскер құн төлейді/дийа/.
31. Егер қылмыс, не дау шешімі шариғатта /құран, сүннет, хадис/ көрсетілмеген болса, қазы өз түсінігі бойынша жаза кеседі/тазир/
32. Шариғат кембағал адамдарға қайыр сұрауға рұқсат етеді. Сарт қоныстарында ақсақал өзі бас болып «Тәңірінің хақы» деп қайыршыға қамқорлық жасайды. Қазақ арасында да кем адамға, дін өкіліне, ел кезіп жүрген дуанага көмек бірінші міндет болып есептеледі, себебі бәрі Алланың ісі, бұйрығы делінеді.
Жеті жарғы заңдар жинағына байланысты мәліметтер тарихшы, этнограф Ж.Артықбаевтың «Жеті жарғы мемлекет және құқық ескерткіші» еңбегінен алынды. Жоғарыда көрсетілген кейбір баптар XIX ғасырға дейін қалада өмір сүріп жатқан сарт-қазақтар арасында орындалып келгені байқалды. Қарап тұрсаңыз заңнын барлық баптары Құран және Сүннетке негізделген. Бұл жаза рәсімдерін «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген ұстанымда болған би, ақсақалдардың атқарғаны анық.
Қ.Қосмаханов
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
теолог маманы