Қазіргі таңда ажырасудың себебі, осы мәһірдің дұрыс өтелмеуінен, яғни арзан дүниемен алдауынан болып жатыр. Мәһір мәселесі жастардың арасында сәнге айналып кеткен. Отбасы құрып, шаңырақ көтеру өмірдегі ең маңызды қадамдардың бірі. Сондықтан оның шарттары мен талаптары заң жүзінде ғана емес дін негізінде де дұрыс орындалғаны абзал.
Исламдағы ер адамның әйелі алдындағы міндеттері туралы айтатын болсақ, негізінен олар материалдық сипатта екені мәлім. Мәһір ұғымының қай қоғамнан қазақ дәстүріне сіңгені белгісіз, алайда, қазақ халқында есте жоқ ескі заманнан келе жатқан «қалыңмал беру» дәстүрі бар.
Қалыңмал – Орталық Азия, Кавказ және Сібір халықтарының дәстүрінде қалыптасқан, қалыңдықтың отбасына күйеу жігіттің ақша немесе басқа да құнды заттар беру дәстүрі.
Ертеде қалыңмал деп қыздың жасауына кіретін заттарды дайындау үшін қалыңдықтың ата-анасына берілетін төрт түлік малды айтса, қазір ол ақшалай беріледі. Мәһірге келетін болсақ, бұл ислам дінімен байланысты ұғым. Оның қалың малдан айырмашылығы мәһірді ер адам әйеліне тікелей береді және ол неке сыйлығы болып табылады. Мәһірге қалыңдықтың рұқсатынсыз ешкім қол сала алмайды, себебі ол – әйелдің жалғыз, қорғансыз қалған жағдайда материалдық, мұқтаждық көрмеуі үшін жасалатын қамқорлық.
Қазақ дәстүріндегі қалыңмалды ислам шариғатындағы мәһір деп есептеуге қатысты ғалымдардың бірнеше көзқарасы бар.
1. Кейбір Хорезмдық және одан да басқа ғалымдар қыздың артынан келетін қалыңмалды тездетіп берілетін мәһір деп санаған. Имам әл-Касани: «Неке қию барысында қыз разылығын ашық айтуға ұялғанындай, мәһірін сұрауға да қысылады. Қыздың үндемеуі оның разылығын білдіргеніндей, мәһірін әкесі алып жатқанда да үндемеуі разы екендігін білдіреді. Әдетте әкесі мәһірді алғаннан кейін үстіне қаражат қосып, қыздың артынан жиһазын алып барады», – деген.
2. Кейбір ғалымдар қалыңмалды ұзатылып жатқан қызға белгілі бір нәрсенің (жиһаз т.б.) есесіне берілетін сыйлық деген. Ибн Абидин: «Неке қиярда «дустиманды» мәһір деп айтса, онда ол тездетіліп берілген мәһір есебінде болады әрі күйеуі жасауын алып келуді талап ете алмайды. Ал неке қиярда мәһір деп айтылмаса, ол қарымта қайтару шартымен берілген сыйлық болып саналады. Мұндай жағдайда әдет-ғұрыпқа сай қыз тарапынан жасау талап ете алады, – деген» деп келтіреді.
Қалыңмал мен мәһірдің мән-мағынасы, өзіндік жолы бар және олар әртүрлі. Біріншісі – ұлттық дәстүрге негізделсе, екіншісі – діни талап. Олар бірге де, бөлек те өмір сүре алады – бұл әр отбасының көзқарасына байланысты.
Осы жағдайға байланысты өткен жылы 18 қарашада Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасы мәһір мен қалыңмал мәселесі бойынша пәтуа шығарды. Көптеген басылымдар, егер қалыңмал берілген болса, онда мәһір қажет емес деп түсінді. Алайда ҚМДБ былай деп мәлімдеді:
– Күйеу жігіттің тарапынан төленген қалыңмал, қыздың келісімімен оның жасауына жұмсалатын болса, мәһір ретінде есептелуі мүмкін. Қалыңдықтың ата-анасына немесе туыстарына берілетін сыйлықтар мәһір болып саналмайды, – делінген пәтуада.
Бұл мәлімет күйеулердің дәстүрлі түрде қалыңмал мен мәһірді қатар беретін өңірлерге қатысты айтылды. Қарапайым тілмен айтқанда, муфтият мәһірді алып тастаған жоқ, тек бір ғана сыйлықпен шектелуге болатынын айтты. Егер қалыңмал қалыңдықтың меншігінде қалса, ол мәһір ретінде есептеледі. Бірақ қалыңдықтың ата-анасына берілген сыйлықтар мәһір болып есептелмейді.
Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлы: «Мұндай «қос сыйлықтың» бірігуі қалыңдықтың келісімімен ғана мүмкін екенін»,-атап өтті.
Әйел затының күйеуіне қарсы шығып, мәһірді алып бермегені үшін дау шығаруы орынсыз, ер азаматым деп сенім арту керек, сол кезде ер адам мәһірді айтқызбай-ақ әйеліне тарту етеді. Бақытты отбасын құру және сақтау екі жастың қолында. Отбасындағы құндылықтар, сыйластық пен махаббат осы мәһірмен шектеліп қалмасы белгілі. Мұндай қымбат дүниелерден де артық құндылық – отбасы екенін түсіну қажет.
А.Сейдуәлі
Түркістан облысы дін істері
басқармасының «Дін мәселелерін
зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы
Қазақ дәстүріндегі мәһір берудің көрінісі