Қазақ әдебиетінде білім мен ғылымды насихаттау дәстүрі
Қазақ әдебиетінде білім мен ғылымды насихаттау дәстүрі
22.04.2025
498
0

            Қазақ әдебиеті – ұлттық таным мен мәдениеттің көркем шежіресі. Ол халықтың салт-санасын, дүниетанымын ғана емес, ұлт болашағы үшін маңызды саналатын білім мен ғылымға деген көзқарасын да айқын көрсетеді. Әдебиеттегі білім мен ғылым идеясы – қоғамның дамуына ықпал ететін негізгі ұстанымдардың бірі ретінде ғасырлар бойы өз маңызын жоғалтқан жоқ. Абай Құнанбайұлының «Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» деген жолдарынан ғылымға деген шексіз сенімі мен құрметі байқалады. Оның көзқарасы Шығыс пен Батыс ілімдерінің тоғысынан туындаған терең гуманистік идеяларға негізделген. Қазақ әдебиеті ислам дінімен тығыз байланысты. Исламда білім – парыз, ал ғалымдар пайғамбарлардың мұрагерлері деп есептеледі. Бұл ой қазақ жыраулары мен ақындарының шығармаларында да көрініс тапқан. Мысалы, Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани сынды діни тұлғалардың еңбектерінде білімді болу – адамдық кемелдікке жетудің жолы ретінде сипатталады. Ислам дінінің қазақ әдебиетіне ықпалы білім мен ғылымды тек прагматикалық мақсатта емес, рухани дамудың, адам болмысының бір бөлігі ретінде қарастыруға негіз болған. Бұл – қазақ ойлау жүйесіндегі гуманистік және тәуелсіз бағыттағы дүниетанымның қалыптасуына үлкен ықпал еткен маңызды фактор.

            ХХ ғасырдың басындағы Алаш қозғалысы өкілдері – Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев және басқалар – әдебиет пен баспасөзді халықты білімге жетелеу құралы ретінде қарастырды. Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» жинағындағы өлеңдері надандықты сынап, ұлтты оқу-білімге шақырса, Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» жинағы тікелей оятушылық миссия атқарды. Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» өлеңінде:

            Арыстандай айбатты,

            Жолбарыстай қайратты...

            Қырандай күшті қанатты –

            Мен жастарға сенемін! – деп, білімге құштар, рухы биік жастар бейнесін сомдайды.

           Кеңестік кезеңде әдебиетте ғылым мен техникалық прогрестің жетістіктері кеңінен насихатталды. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы Абайдың білімге құштарлығы, Шығыс пен Батыстың әдебиеті мен ғылымын қатар меңгеруге ұмтылысы жан-жақты көрсетілді. Сонымен қатар Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сынды жазушылардың шығармаларында оқу-ағарту, ғылым игеру тақырыптары жиі қозғалды. Қазақ әдебиетінде білім мен ғылым тек жазба әдебиеттен басталмайды. Халық ауыз әдебиетінде де білімге, зердеге, парасатқа ерекше мән берілген. Мысалы, ертегілер мен жырларда ақылды батыр, дана қария, білімді қыз бейнесі жиі кездеседі. «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деген мақал – халық даналығының айғағы. Асан қайғы, Бұқар жырау секілді жыраулардың толғауларында ел басқару үшін тек күш емес, білім мен ақыл керек екені көрініс табады. Демек, қазақ халқы білімді кісіге ежелден құрметпен қараған.

            Тәуелсіздік алғаннан кейінгі әдебиетте білім мен ғылым тақырыбы ұлттық жаңғырумен үндесті. Қазіргі заман қаламгерлері – шығармаларында шетелде оқыған, ғылым-білімге ұмтылған қазақ жастарының жаңа бейнесін қалыптастыруда. Әдеби үдерісте жаһандану мен ұлттық рух арасындағы тепе-теңдік мәселесі жиі қозғалып, білім мен ғылым – ұлтты сақтайтын іргелі тірек ретінде қарастырылады. Бұл – қазақ әдебиетінің заманмен үндесіп, қоғам талабына бейімделе алғанын көрсетеді.

             Қазақ әдебиетіндегі білім мен ғылым идеясы – үзілмейтін дәстүр. Абайдан бастап қазіргі ақын-жазушыларға дейінгі қаламгерлер білім мен ғылымды ұлттың болашағы ретінде бағалаған. Бұл тақырыптың әдебиетте көрініс табуы – оның тек жеке тұлғалық даму емес, тұтас ұлттың өркендеуі үшін маңызды екенін дәлелдейді. Бүгінгі күні бұл идея әдебиет арқылы жаңа буынға жол көрсетіп, ұлттың интеллектуалдық келбетін қалыптастыруға себеп болуда. Қазақ әдебиетіндегі білім мен ғылым идеясын жалғастыру – тек жазушылар мен әдебиетшілердің ғана емес, әрбір азаматтың міндеті десек артық айтқанымыз емес. Біз бұл үрдіске бірнеше жолмен үлес қоса аламыз. Ең алдымен, өзіміз білімге ұмтылып, үздіксіз ізденісте болуымыз керек. Одан кейін – жас ұрпақты ғылымға баулу, оқуға шабыт беру, ұлттық әдебиетімізді насихаттау арқылы үлгі көрсету – әр ата-ана, әрбір ұстаз, барша зиялы қауым өкілінің міндеті. Сонымен қатар қазіргі заман талабына сай жаңа әдеби шығармалар жазу, ғылыми контент өндіру, әлеуметтік желіде білім мен ғылымды дәріптеу де үлкен үлес. Біз білім мен ғылым жолында бірігіп еңбек етсек, әдебиетіміз де, мемлекетіміз де биікке көтеріледі.

 

 

Қ.Мырзабай

 

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ-нің  теолог маманы                                                          

0 пікір