Бүгінгі жас – ертеңгі қарт. Осы заңдылыққа бас иген қазақ қашаннан үлкенді сыйлауда жаңылмаған. Аузы дуалы ақсақалы бар ел жастарының қашанда жөнсіздік пен жолсыздыққа бой ұрмасы хақ.
Қария – қазақ қоғамында ерекше құрметке ие адам. Ол – өмір көрген, жақсы мен жаманды ажырата алатын, кейінгіге ақыл айтатын, тәрбиесі мен сөзі жұртқа үлгі болатын жан. Қазақ халқы қарияны әрдайым құрметтеп, төрден орын беріп, батасын алған. Себебі қария – тек отбасының ғана емес, бүкіл елдің тірегі. Бұл мақалада қарт кісілердің өмірдегі, қоғамдағы орнын қарапайым тілмен баяндап өтеміз.
Әр баланың өмірінде ата мен әженің орны ерекше. Баланың алғашқы естіген ертегі, алғашқы алған батасы, жақсы мен жаманның ара-жігін ажыратуы көбіне сол қариялардың сөзінен басталады. Атасы мен әжесінің жанында өскен бала – мейірімді, ұяң, үлкенге құрметпен қарайтын болып өседі. Өйткені олар балаға жай ғана ақыл айтпайды, өз ісімен, өмірімен үлгі көрсетеді.
Қариялар – тәрбиенің тірі оқулығы. Олар айтқан бір ауыз сөз, өмірден алған бір мысалы – кейде бүкіл бір ұрпаққа сабақ болады.
Қазақта «Қарты бар үй – қазынасы бар» деген сөз бекер айтылмаған. Бұрын ауылда бір мәселе туса, үлкен кісіге жүгінетін. Олар дау-шарды бейбіт жолмен шешіп, жастарға жөн сілтейтін. Бүгінгі күнде де қариялар қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жастарға бағыт-бағдар беріп келеді. Ақсақалдар кеңесі, ардагерлер ұйымдары – соның дәлелі.
Олардың өмірден көргені мен түйгені көп. Бір қарапайым кеңесі, айтқан сөзі жасқа жол көрсетіп, теріс жолдан сақтай алады.
Қариялар – ел тарихының куәгері. Олар – шежіре айтушы, ата-бабаның салт-дәстүрін жеткізуші. Бәрін көзбен көріп, жүрекпен сезінген буын. Олардан естіген естеліктер – тарихтың тірі беттері.
Біз бүгін ұялы телефон мен интернеттен көп нәрсе іздейміз, бірақ кейде бір қарияның әңгімесі бүкіл кітаптан да құнды болатынын ұмытпауымыз керек.
Қарияны құрметтеу – ата-ананы құрметтеуден басталады. Үлкенге орын беру, сәлем беру, көмектесу, халін сұрау – мұның бәрі нағыз адамгершілік қасиет. Өкінішке қарай, қазіргі таңда кейбір жастар үлкенді сыйламауды, оларға қол көтеруді де ар көрмей жатады. Бұл – өте өкінішті жағдай. Мұндай әрекет – біздің ұлттық тәрбиемізге жат.
Біз қарт кісілерге қамқор болуымыз керек. Олар бір кезде ел үшін, отбасы үшін еңбек еткен жандар. Қазір сол кісілерге жылы сөз бен жақсы көзқарас ауадай қажет.
Қария – бүгін, жастар – ертең. Бүгін қарияға қалай қарасақ, ертең бізге де сондай көзбен қарайды. Үлкендер бізге не үйретсе, біз де ертең соны кейінгіге береміз. Сондықтан қарияны қадірлеу – болашақ ұрпақтың да тәрбиесін қамтамасыз ету деген сөз.
Бала ата-әжесінен көргенін қайталайды. Егер ол үлкенге ізет көрсетіп, ақыл тыңдауға үйренсе, ол да ертең сондай болады.
Қария – өнегелі өмірдің тірі үлгісі. Олар – өткен мен бүгіннің арасындағы көпір, ұрпақтар жалғастығының негізі. Біз үшін әрбір үлкен кісінің орны ерекше. Олар бар кезде – шаңырақтың шуағы бар, ел ішінде татулық пен тәртіп бар.
Қарттарымыз аман, көңілі риясыз, дені сау болсын! Оларға құрмет көрсету – тек міндет емес, ол – жүректен шығатын адамдық қасиет.
Қ.Молдабек
Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
теолог маманы