Қаңтар атауы
Қаңтар атауы
14.01.2025
395
0

 

«Қаңтар» сөзі негізінен түркілерге тиесілі. Күннің соншалықты қысқарып, қазыққа тартып байланған аттай қаңтарылып тұруына байланысты бұл айды қаңтар деп атайтын болған. Желтоқсанда күн қысқарып, түн ұзарып бітеді. Яғни, күн тоқырайды. Тоқырауға жеткен күн басын көтере алмайтын қаңтарулы аттай одан ары қысқара алмайды. Ай ауысып, ақпан басталар тұста күн қайтадан ұзара түседі. Мұндайда дана халқымыз «Қаңтарда күн қарға адым, ақпанда атан адым ұзарады» – дейді екен.

Алты ай қыстың қаһарына мініп, бұрқылдап, ысқырынып жатар тұсына сай келетін қаңтар айында қазақтар той тойлап, сапарлап ешқайда шықпайды. Мал төлдеп, сақманның басталар уақыты қаңтардың сарышұнақ аязына дөп келеді.

Ертеде жұлдызшылар қаңтарды «дәлу»-деп атаған. «Дәлу» – сөзі тұрақсыздықты, жалғандықты білдіреді. Қаңтар тұрақсыз әрі амалы көп ай. Алғашқы амал – «Күннің таласуы» айдың алғашқы күніне тұспа-тұс келеді. Бұл кезде күн бой көтереді, ауа райы өзгеріп, қар жауады, сырғыма жүреді, боран болуы да мүмкін.

Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов декабрь айын «ақпан» деп атап жазған. Ақпан «жылдың ең соңғы айы» деген пікірді халық календарын зерттеуші М.Исқақов та білдіріпті. Халқымызда «Жылан ысқырып шығады», «Жылқы осқырып кіреді» деген қанатты сөз бар. Осы аптаның соңында ескі жыл бітіп, жаңасы келгенімен, табиғат өзгермейді. Өйткені, жаратылыстың өз заңы бар. Ол наурыздың 21-нен 22-сіне қараған түні өзгереді. Осы кезде жер-дүниенің бәрі жасарады, жасанады.

Табиғаттың тамыршысы атанған қазекең осы кезді Жаңа жыл деп атаған. Сондықтан қоян жылы бітпейді, жүре береді. Ұлудың келуіне әлі ерте... Алда қаңтардың қаһарлы амалдарының бірі де бірегейі – «Қыс шілдесі» келе жатыр. «Сары аяз» деген де атауы бар. Өте айбынды, аязды амал... Осы амал төңірегінде алыпқашпа әңгіме де аз емес.

Әлемдік күнтізбелерді зерттеген ғалым Мыңбай Ысқақов 1963 жылы жарық көрген «Халық календары» атты кітабында қаңтар күннің «қаңтарылып байланатын», одан әрі тұқырып қысқара алмайтын айы екенін жазады. «Түс кезінде күн көзі аспанның оңтүстік жағында және сол күнгі ең биік деңгейде болады. Бұл деңгей күн сайын өзгереді. Оның жыл ішіндегі ең биік қалыпта болатын уақыты жазғы күн тұқырау (22 маусым), ең төмен қалыпта болатын уақыты қысқы күн тоқырау (22 желтоқсан). Қаңтарулы аттың басының жерге жетпейтіні сияқты, қаңтардағы күн көзі де одан әрі төмендеп, көкжиекке жақындай алмайды. Ғасырлар бойы аспанды бақылап, жазық далада өмір сүрген қазақ халқы күн қозғалысының бұл ерекшелігін ерте заманда-ақ аңғарған. Осы бақылаудың нәтижесінде қаңтар атауы шыққан», деп жазады ғалым. Оның атап өтуінше, қаңтарда күн қысқарып, түн ұзарып болады. Осыған сәйкес болғандықтан, ежелгі түркі тілінде безбен таразының таяғы да қаңтар деп аталған: безбеннің бір басы көтеріліп, екінші бас төмендеп барып тоқтайды.

Чуваш тілінде оңтүстік жақты және түс уақытын қаңтар дейді. Бұл да қаңтардың қазақша мағынасына жақын.

Қорыта келе қаңтар мен ақпан – қыстың ең суық айлары. Шаруақор қазақ кейде бұл екі айға жан бітіріп, тіл беріп сөйлетіп қоятыны бар. Ондағысы қатал қысқа қамданып, қымтанып келмесе жағдайдың қиын болатынын ескертуі болса керек.

Қаңтар айының жүзі ауып бітуге айналғанда ақпанға қарап айтыпты дейді: «Боз тоқтыда кұйрық қалды, бозша қызда бұғақ қалды, кырлан, ақпан, қырлан!», – деп, Қаңтардың мұнысы – «қанша қаһарлансам да титықтатуға мұршам келмейді, тоқтыда құйрық, бойжеткенде бұғақ қалды, енді өзің, ақпан, ақыра кірісші, мен алмаған өшімді өзің алшы» дегендей. Демек, жыл он екі айды шаруақор қазақ түрлі кейіпте елестеткен. Олар үшін Қаңтар мен Ақпан қатыгез, дұшпан сияқты.

Қаңтарда шортан қармақ қақпайды, алабұға ауға түспейді, табан балық торға ілікпейді. Қаңтар – Күн сәуле шашқанмен, жылу бермей, қыстың күшіне енер шағы. «Қаңтардың қарлы бораны» аталатын амал айы.

Қаңтар – «Үркер үйден көрінсе, үш ай тоқсан қысың бар» дейтін тоғыз тоғыс айы.

Қаңтар айының ақырғы күндерінде қыс қаһарына мінеді. Түкірген түкірік жерге түспей қатып қалатын сарышұнақ аяз болады. Оны біздің қазақ «қыстың шілдесі» деп атаған.

Қаңтар – атының өзі айтып тұрғандай, күннің барынша қысқарып, байланғандай қаңтарылып тұрып қалуына орай «қаңтар» деп аталыпты. Қыс қаһарына мініп, аяздан ауыл арасындағы қатынас үзіліп қалатындықтан бұл айды адамдар көбіне үйде өткізген. Малдың алды төлдеп, сақманның басталар уақыты да қаңтардың сарышұнақ аязына дөп келген. Сондықтан бұл ай шаруалар үшін бейнетті мезгіл болып саналған.

 

 

  Қ.Салықбаев

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын

ұйымдастыру және үйлестіру

бөлімінің басшысы                                                             

0 пікір