Қанағат қарын тойғызады
Қанағат қарын тойғызады
18.11.2025
489
0

Қазіргі заманда да қанағат өз маңызын жоғалтқан жоқ. Әсіресе материалдық құндылықтар шектен шығып тұрған қоғамда қанағат – нағыз ерліктің бір түрі. Бүгінде жарнамалар, әлеуметтік желілер, трендтер адамға үнемі «жетпей жатырсың», «тағы да ал» деген сигнал беріп тұрады. Соларға бой бермей, шынайы қажеттілік пен артық қалау арасына сызық жүргізе білу – үлкен даналық.

Қанағат – өмірді жеңілдететін қасиет. Ол адамды сабырға үйретеді, жан тыныштығын береді. Өмірінде тепе-теңдік орнайды. Тіпті психологиялық тұрғыдан алып қарасақ та, қанағатшыл адамдардың күйзеліске ұшырауы сирек, өйткені оларда салыстыру аз, өзімен-өзі келісімде болады.

Қанағатсыздық адамның шүкірін өшіреді. Шүкір өшсе – тәкаппарлық көбейеді. Ал тәкаппарлық – адамның рухани күйреуінің бастамасы. Сондықтан аз да болса – өзіңдікі, жетпесе де – жетеді деген сеніммен өмір сүру нағыз ер мінез. Бақыт – көп нәрседе емес, бар нәрсенің қадірін білуде.

Бүгінгі қоғамға ең қажет – рухани байлық. Байлық – тек мүлік емес, сабыр, риза болу, қолда барға шүкір ету. Сол арқылы адам іштей еркіндік табады. Өмірдің әр сәтінен мән іздей бастайды. Қанағатсыз адам үнемі асығыста, үнемі жарыс үстінде. Ол тоқтамайды, дем алмайды, күле алмайды. Өйткені көңілі тоймайды.

Адам баласы бұл дүниеге келгенде бос емес, белгілі бір мақсатпен жаратылған. Сол жолда жүріп, түрлі сынаққа тап болады. Ол сынақтардың бірі – нәпсі мен қанағаттың ара жігін айыра білу. Қазіргі қоғамда жетіспеушілік емес, шектен тыс тойымсыздық жиі байқалады. Көптің көкейінде – «тағы да», «тағы да жақсысы», «тағы да үлкені» деген ой. Ал осы шексіз қалау шын мәнінде адамды бақытты ете ме?

Қарапайым ғана мысал. Екі адам бар делік. Бірі ай сайын орташа табыс тауып, өмірінің әрбір сәтіне шүкір айтып жүрсе, екіншісі бірнеше есе көп табыс таба тұра, бітпейтін жетіспеушілікпен өмір сүреді. Біріншісінің жүрегі тыныш, екіншісі – мазасыз. Неге? Себебі біреуі қанағатты өмір салтына айналдырса, екіншісі нәпсінің шексіз жүгін арқалап келеді.

Қанағат – бұл адамның жан байлығы. Ол ешқашан қалтадағы ақшаға, қолдағы дүниеге қарап өлшенбейді. Қанағатшыл адам аздан да молшылық көреді, шүкір етеді. Ал шүкір – рухани дамудың алғашқы қадамы. Осы тұста қазақтың: «Қанағат – қарын тойғызар» деген нақылы шындыққа толықтай сәйкес келеді. Бұл тек тамаққа қатысты емес, бүкіл өмірге қатысты кең мағынадағы нақыл сөз.

Ал қанағатшыл адамда уақыт бар. Ол сәтке шүкір етеді, адамдармен қарым-қатынасын қадірлейді, азды көп деп, қолындағыға тәубе дейді. Мұндай жанның көзі күлімдейді, өмірге риза жүреді.

Қорытындылай келе, өмірдің мәні – иеленуде емес, қадірлеуде. Қанағат – байлықтың шынайы өлшемі. Көптің арасында тыныш өмір сүріп, көп нәрседен үміт етпей-ақ бақытты болуға болады. Ол үшін ішкі өлшем мен рухани тепе-теңдікті табу қажет. Ал оның кілті – қанағатта.

 

 М.Серікұлы

 

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы                                                                                  

0 пікір