Қабірді зиярат ету әдебі
Қабірді зиярат ету әдебі
02.12.2024
194
0

    Қасиетті Құранда айтылғандай Алла Тағала адам баласын тіршілік иелерінің ең ардақтысы етіп жаратқан. Сондықтан тірі адам қандай құрметті болса, қайтқан кісілер де сондай қадірлі. Сол себепті адам тәні көмілген зираттарды құрметтеу, таза ұстау, қорғау, бүлінген жерін түзету секілді бірқатар әдептерді ұстану тірілер үшін талап етіледі. Ислам дінінде қайтыс болған кісіні жерлеудің үкімі – парыз. Өйткені мәйіт көмілмей қалатын болса, «адам» деген ардақты жаратылысқа жасалған үлкен құрметсіздік әрі күнә болады. «Зиярат» сөзі – арнайы көруге бару мағынасын білдіреді. Қабірді зиярат ету ханафи мәзһабы бойынша мұстахаб іс. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.) қабірлерді зиярат еткен және біздерге зиярат етуді өсиет еткен. Әнәс ибн Мәликтен (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.а.с):        

   «Мен бұрын сендерді қабірлерді зиярат етуден тыйған едім, енді оны зиярат етіңдер. Өйткені ол жүректі жұмсартады, көзден жас шығарады, ақыретті еске салады», – деп айтқан (имам Мүслим).                                  

   Қабірге баруға, оны зиярат етуге шариғатымызда рұқсат. Себебі, Пайғамбарымыз (с.а.с): «Қабірді зиярат ету өлімді еске түсіреді»,-деген. Ал енді қабірге түнеуге болама  деген сұрақты екіге бөліп қарастыруға болады.          Бірінші – біз үлкендерден «Егер далада қалсаң, молға барып  түне» дегенді  естейтінбіз. Бірақ, кейбір кітаптарда моланың ішінде жын-шайтандар паналайды деген. Моланың ішіне түнеген жағдайда жын-шайтанның адамға зияны тиюі мүмкін бе? Жалпы алғанда моланың басына түнеуге бола ма? деген сұрақтарға жауабымыз. Егер айдалада адасып кеткен кісіге амалсыздан мазарға түнеуіне рұқсат. Бұл жағдайда ішінен  Құран сүрелерін оқып  жатқаны  абзал. Екінші – қабірді басу, оған отыру, дәрет сындыру және қабірде ұйықтау «мәкрүһ» дейді ғалымдарымыз. Бұған байланысты Сахих Муслимде риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с): «Әлдекімнің шоққа отырып, киімін өртеп, терісін күйдіріп алуы қабірге отыруынан анағұрлым абзал», – деген. Бұл хадис қабірде ұйықтаудың да мәкрүһ екенін меңзеп тұр. Сонымен қатар біздің кейбір қазақ бауырларымыз  мола, қабір аралап сол жердегі өмірден өткендерден  байлық, балалы бола алмай жүргендер бала сұрап жатады. Алайда, қасиетті Құран Кәрімде «Күллі аспан әлемі мен жердің бар билігімен иелігі бір Аллаға тән. Ол қалағанын жаратады. Қалағанына қыз сыйлайды (береді), қалағанына ұл сыйлайды (береді). Яки қалағанына ұл мен қызды бірге береді. Сондай-ақ қалағанын бедеу етеді. Шүбәсіз, Ол бәрін білуші, бәріне толық құдіретті» деген аятқа көңіл аударсақ, бір Аллаға сиыну мен дұға жасау керектігін білдіреді.                      

    Өкінішке орай, жаназа намаздарына қатысып жүріп, біраз олқылықтарды көзіміз шалып қалады. Оны білместіктен істеп жатыр дейін десең, жаназа бізде жиі боп тұрады. Имамдар да айтпай жүрген жоқ. Алайда, қабір басында адамдардың ойнап-күліп, тіпті, темекі шегіп тұрғанын көргенде айтарға сөз таппайсың-ау! Осы біздер зиратқа зияратты дұрыс жасап жүрміз ба? – деген сауал қою арқылы, бұл сауабы мол істің, шама келгенше, дұрыс жолын түсіндіруге тырысайық:       

   Қабірді зиярат ететін адам мынадай әдептерді білуі керек:                         

  Зияратқа дәретпен бару;

  Қабірді сипаудан, сүюден аса сақ болу;

 Қабір үстін басып кетпеу үшін арнайы белгіленген жолдармен жүру. Қабірдің үсті мәйіттің хұқына  жататындықтан оны зияратқа барған адам басудан аса сақ болуы қажет;

  Дүниеден өткен қабір иелерінің жақсы сипаттарын еске алу;

  Құран аяттарын оқығанда қатесіз оқу;

  Құран оқып, дұға жасағанда Құбыла тарапқа бет бұру;

  Қабір басында бос сөз бен күлкіден сақтану;

   Сөз соңында қабірді зиярат етіп, марқұмдарға дұға ету, ақыретті әркез еске алып жүрудің мүмин адамға тигізер пайдалары өте көп. Абай Хәкім:

Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,

Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.

Ертең өзің қайдасың білемісің?

Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ! – деп, біздерді қайтатын күніміз жайында ойлануға шақырған. Өмірдің жалғандығын ойлау арқылы, адам баласы бұл қысқа ғұмырында әр адамның қадірін біліп, олармен сыйласуға тырысып, барынша жақсылық амалдар жасап қалуға қамданады.

 

       Ә.Болат

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы        

 

0 пікір