Соңғы жылдары әлемде және Қазақстанда діни ағымдардың белсенділігі артып, олардың ішінде радикалды бағыттар қоғамға теріс әсерін тигізуде. Солардың бірі – псевдосәләфизм. Бұл ұғым дін атын жамылып, өзге адамдардың сенімдерін жоққа шығарып, қоғамда алауыздық тудыратын идеологияларды білдіреді. Псевдосәләфизмнің тамыры классикалық сәләфизмнен бастау алады, бірақ оның бұрмаланған және радикалданған түрі болып табылады.
Сәләфизм – исламдағы ең көне бағыттардың бірі. Оның негізі Құран мен Сүннетке сүйеніп, алғашқы үш буын мұсылмандарының (сәләфтар) өмір салтын үлгі ретінде алуға негізделеді.Алайда, 20-ғасырда бұл бағыт радикалды өзгерістерге ұшырады. Псевдосәләфизм радикалды бағыттары дәстүрлі діни құндылықтарды бұрмалап, әлеуметтік тұрақтылыққа, ұлттық бірлікке және жастардың санасына теріс ықпал етуде. Псевдосәләфизм діннің шынайы мәнін терең түсінбейтін, өздерін таза дінді ұстанушылар деп есептейтін адамдар мен топтардың әрекеттерімен сипатталады. Бұл ағым дәстүрлі діни құндылықтарды жоққа шығарып ұлттық салт-дәстүрлер мен тарихи мұраларды бидғат (жаңалық) деп атап, оларды теріске шығарады және қоғамды екі категорияға бөледі: Біз (дұрыс жолдағы адамдар) және олар (адасқандар)деп айып тағады,көшбасшыларын абсолютті түрде қабылдап өз лидерлерінің айтқандарын күмәнсіз орындайды, бұл радикалдық қадамдарға алып келуі мүмкін. Псевдосәләфизм ағымының жақтаушылары діни сауатсыздыққа сүйенеді, құран мен хадистердің мәнін бұрмалап, оларды өз идеологияларын насихаттау үшін пайдаланады. Псевдосәләфизмнің қоғамға тигізетін қауіптері жайлы атап өтсек олар: Радикалдану: Бұл ағымға ергендер бейбітшілікті насихаттайтын дін қағидаларын бұрмалап, экстремистік көзқарастарды қабылдауы мүмкін. Жастар арасындағы діни сауатсыздық оларды псевдосәләфизмнің ықпалына түсіреді. Бұл әлеуметтік желілер мен бейресми уағыздар арқылы жүзеге асады. Бұл ағымды ұстанушылар өз жақындарын адасушылар деп, отбасылардың ажырауына немесе қоғамдағы бөлінушілікке алып келеді. Ұлттық бірлікке қатер: Ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерді теріске шығару қоғамның біртұтастығын әлсіретеді. Экстремистік ұйымдарға тарту арқылы псевдосәләфизмнің кейбір өкілдері террористік ұйымдармен байланыс орнатып, қауіпті әрекеттерге шақыруы мүмкін.
Елімізде псевдосәләфизмнің таралуын шектеу және оның қауіптілігін азайту үшін біршама шаралар атқарылуда. Діни сауаттылықты арттыру арқылы қоғамда, әсіресе жастар арасында дәстүрлі дін мен радикалды идеологиялардың айырмашылықтарын түсіндіру және мешіттер мен діни орталықтарда білікті имамдар, теологтардың көмегімен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Радикалдардың интернет арқылы насихат жүргізуін шектеу үшін онлайн кеңістікте қадағалау механизмдерін күшейту қажет. Радикалды идеологияны насихаттайтын ұйымдарға және жеке тұлғаларға қарсы қатаң шаралар қолдану арқылы тосқауыл бола аламыз. Экстремистік әрекеттерге қатысы бар адамдарды анықтап, олардың заң алдында жауап беруін қамтамасыз ету қажет, сонымен қатар әлеуметтік желілер мен БАҚ-та (Интернет-ресурстар, теледидар, радио, газет-журналдар т.б) дәстүрлі діннің құндылықтарын түсіндіретін сапалы материалдарды көбейту жұмыстары атқарылуда. Жат ағымдардың жетегінде кетпес үшін ата-аналар да балалардың діни білім алуына жауапты болуы тиіс. Балалардың қандай ақпаратты қайдан алып жүргенін бақылап, оларға діннің шынайы мәнін түсіндіру маңызды.
Сәләфизмге қарсы күрес — бұл тек діни экстремизмге қарсы әрекет емес, жалпы қоғамның тұрақтылығы мен тыныштығын сақтаудың бір жолы. Қоғамның әрбір мүшесі діни радикализацияның алдын алу үшін өз рөлін түсініп, дұрыс бағытты таңдауы керек. Жастарды дұрыс тәрбиелеп, оларды теріс ағымдардан қорғау — өте маңызды. Сонымен қатар, мемлекет те, дін өкілдері де бірге жұмыс істеп, халықты ақпараттандырып, радикалды идеологиялардың зиянын түсіндіруі қажет. Тек осылайша, сәләфизм сияқты теріс ағымдардан қорғануға болады.
Қорыта айтатын болсақ — біз шариғат пен дәстүрді сабақтастыра білген халықпыз. Солардың арқасында бізде ешқашан да діни алауыздықтар, келіспеушіліктер болмаған. Жоғарыда айтылған мәселелердің алдын алу үшін жұдырықтай жұмылып, ілім мен білімді жеткізіп, жастардың көкірек көзін ашу керек. Ал бұл жағдайда тек дін мамандары ғана емес еліміздің әрбір азаматы үлес қосуы керек.
Қ.Мырзабай
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің бөлім маманы