Қазіргі уақытта қоғамды алаңдатып отырған, әліде өзінің өзектілігін жоғалтпаған басты мәселелердің бірі – жат ағым. Қазақстан соңғы он бір жылдықта діни алауыздықтан ауыр зардаптарын шегіп келеді. 2011 жыл, 2012 жыл, 2016 жыл және 2022 жыл Қазақстан тарихында террорлық оқиғаларымен есте қалды. Тіпті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сол кездері болған қанды қырғынды жат ағымының өкілдері жасады деп ресми мәлімдеген болатын. Ал 2022 жылы болған «Қаңтар оқиғасы» мемлекетіміз үшін зор сынақ болды. Онда елімізде деструктивті діни ағым деп танылған «Якин Инкар» ұймының мүшелері қатысқаны белгілі болды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан Республикасының дін туралы заңында діни бірлестіктердің қызметіне толық бостандық берілді, яғни 1992 жылғы 15 қаңтарда «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңы қабылданып 2011 жылғы 11 қазанда өз күшін жойды. Бұл аралықта елімізге заң аясында көптеген халықаралық діни ұйымдар, соның ішінде деструктивті діни ағымдар да шоғырланып үлгерді. Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік ел болғасын, мемлекет өз азаматтарының белгілі бір рухани ғұрыптардың орындалуына кедергі келтірмей, діни таңдау құқығын мемлекет адамға (азаматқа) өз еркіне берілген. Әрине, мұның барлығы еліміздің тиісті заңнамасына қайшы келмесе. Яғни, адамның діни сенім бостандық құқығы өз еркінде, ал егер өзінің жат, теріс ойларын насихаттайтын болса, басқаларды тарта бастаса, онда мемлекет шектеу шараларын қолданады.
Дін – қоғамның ажырамас бөлігі болғандықтан әсіресе жастарымыздың діни санасы деструктивті ағымның ықпалынан адасып түсіп жатқандар да аз емес. Бүгінгі бұқара халықтың басым көпшілігі арасында псевдосалафизм сияқты деструктивті діни ағымға тыйым салу туралы мәселе көп көтеріліп жүр. Неліктен біз оған заң жүзінде тыйым салмаймыз? Себебі псевдосалафилер еш жерде ұйым ретінде тіркелмеген, олар қауымдастық ретінде әрекет етпейді. Ешкім ресми түрде: «Мен салафимін» деп жар салмайды. Біз бұл жеке адамдар екенін білеміз, олар өздерін Ислам дінін ұстанушыларымыз деп санайды, бірақ олар ұйым ретінде әрекет етпейді. Әйтседе, бұл – иделогия, көзқарас, ой, тек наным-сенімдер жүйесі ғана болып табылады. Бұл мемлекеттің тыйым салуды көздемейтіндігіне нақты дәлел. Бірақ, мемлекет осы деструктивті идеологияның таралуына тыйым салу құқығын өзіне қалдырады.
Дінтанушы сарапшылардың тұжырымына сүйенсек псевдосалафизм идеологиясы бастапқы кезде өзіндік ерекшеліктерімен көзге түссе, кейін қоғамға сіңісу мақсатында өздерінің ұстанымдарын өзгертумен айналысуда. Яғни идеологияларын трансформациялау арқылы қоғамның бір мүшесі ретінде өздерін жасыруға көшті. Мысалға қазақ жұртының қалың бұқарасы уахабистер өз атауын «салафиттер» деп өзгерткендігі туралы жақында ғана білді. Салафиттер өздерін Ислам шеңберіндегі жеке және «ең дұрыс» діни ағым ретінде жариялайды. Салафизм деген термин ХХ ғасырдың басында қалыптасқан, осы бағытты насихаттаушы Әлбани: «біз уахабилер емеспіз, салафиттер жолын ұстанамыз» деп жариялағаннан кейін өз атауларын өзгертуге себеп болған. Бұл оған дейін тарихта «Уахабилер қозғалысы» деп танылған. Салафизм мен уахабизм екеуі бір ұғым.
Салафизм сөзінің шығу төркіне келетін болсақ, «салаф» деген алдыңғы өткен буын. Мұхаммед пайғамбар «ең қайырлы буын ол – менің буыным» деген. Ғұламалар пайғамбар, сахабалар өмір сүрген үш ғасырды қайырлы кезең деп атайды.
Псевдосалафизм идеологиясының заңды, мемлекеттік билікті мойындамайтындығы немесе қолдамайтындығы белгілі. Бұл тенденцияның мақсаты мемлекеттіліктің жалғыз түрі – халифат, ал шариғат – құқықтық реттеудің бірден-бір жолы деп есептейді және қасиетті құран мен хадисті теріс интрепретацялауға бейімделген идеология болып табылады. Псевдосалафизм идеологиясының ең маңызды элементі – ислам мемлекетін құру үшін күресу, жиһад идеясын бұрмалап тарату.
Бүгінгі таңда деструктивті діни ағым идеологияларын насихаттау біршама жүйемен іске асырылады. Ақпаратты кітап күйінде және интернет желісінде жаппай мыңдаған жалған діни ақпараттар таратумен айналысады. Осы материалдарды сараптау мақсатында Қазақстанда төрт мемлекеттік органға әлеуметтік, табиғи немесе техногенді төтенше жағдайлар кезінде интернет және байланыс құралдарын бұғаттау құқығы берілді. Осы мекемелер тарапынан жыл сайын интернет ресурстарында 100 мыңға жуық сайттар, күдікті материалдар бұғатталуда.
Еліміздегі діни ахуалды тұрақты ұстау үшін мемлекет тарапынан аз жұмыстар атқарылып жатқан жоқ. Тыйым салынған діни ағымдардың іс-әрекеттеріне тосқауыл қойылып, деструктивті діни ұйым өкілдерінің шырмауында кеткен адамдарды қоғам қатарына қайта қосу үшін әртүрлі шаралар қолға алынған. Жат діни ағымдардың іс-әрекеттеріне, экстремизмге тосқауыл қоюдың ең негізгі құралы ол – профилактика, яғни, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімді жүргізілуі және оңалту жұмыстарын ұйымдастыру. Экстремизмге қарсы күрес жүргізуді екі жолмен жүзеге асыруға болады: ең алдымен, «оқшауланып» кетпеген, экстремисттік идеологияның қақпанына түспеген халықты ескерту мен олардың арасында профилактикалық жұмыстарды белсендірек атқару арқылы. Мұндай жұмыстарға жоғары білімді, білікті теологтармен қатар, психологтар, педагогтар мен дінтанушылар, қоғамдық ұйымдар мен құзыретті органдардың қызметкерлері бірлесе үйлесімді атсалысып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тағы да тиімдірек жүзеге асыру қажет. Ал екінші жол бойынша «оқшауланған» идеологияға жақтасқандармен кешенді түрде тікелей жұмыс жүргізу, әрі оларды қайта оңалту жолдарын, айла-тәсілдерін зерттей отыра, ондай шараларды іске асыруды қолға алу бүгінгі күніміздің талабына айналды.
А.Дүйсен
Түркістан облысының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ теолог маманы
Псевдосалафиліктің алдын алу