Псевдосәлафиліктің алдын алу
Псевдосәлафиліктің алдын алу
02.02.2021
780
0

«Сәләф» сөзі қасиетті Құранның бірнеше жерінде кездеседі. «Алдыңғы өткендер», «бұрынғылар» деген мағынаны береді. Ислам ғұламаларының көбінің пікірі мұсылмандардың алдыңғы үш толқыны сәләфилер деп аталған. Олар – Пайғамбардың (с.а.с.) сахабалары, табиғиндер (сахабаларды көргендер) мен табаға табиғиндер (табиғиндерді көргендер) исламның әуелгі үш ғасырында өмір сүрген. Құран кәрім мен Пайғамбар (с.а.с.) сүннетіне ғана сүйеніп, соған сай амал еткен. Сондықтан да олар классик сәләфилер, хақ жолдағылар саналды. Ал, қазіргі «сәләфилер» өздерін сол бұрынғылардың жолындамыз дегендерімен, шын мәнінде атына амалдары мен іс-әрекеті сәйкеспейді. Бұлар мұсылмандарды Алланың бірлігіне шақыру, ислам дінін хұрафат-бидағат амалдардан тазалау, дінімізді Пайғамбар (с.а.с.) заманындағыдай қалпына келтіру, араб әлемін біріктіру сияқты мақсаттарды ұранға айналдырып алған, бұл ағымның негізін қалаған Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб. Осылайша, бұл қозғалыс «уаххабизм» деген атаумен бастау алып, танымал болды. Осы жолдағы Мұхаммед ибн Әбд әл-Уаххабтың алғашқы әрекеті пайғамбар (с.а.с) сахабасының қабірін талқандады және Жүбейлидегі Зәйд ибн әл-Хатабтың қабірін жермен-жексен етті. 1803 жылы уаххабилер Меккені, одан соң Мәдинені басып алып, барлық қабірлерді, соның ішінде Айшаның, Фатима (р.а.) және кейбір сахабалардың қабірлерін талқандайды. Осылайша, «бастапқы дінге оралу» ұранын желеу етіп, мұсылмандардың рухани және тарихи құндылықтарын тонау және жою етек алды. [1]

Бұл ағымды ұстанушылардың басты ерекшеліктері бір мазһабпен жүрмеуінде. Ислам әлемінде төрт мазһаб мойындалып, мұсылмандар сол мазһабты ұстанып жүреді. Ал сәләфи ағымы мазһабты мойындамай тек «құран мен сүннетпен» жүру керек деп санайды. Осы тұста басты назарға алатын жайт, егер Құран аяттары мен немесе пайғамбар (с.а.с.) сүннетімен жүретін болса, кейбір аяттар мен хадистерді тура мағынада қабылдау керек болады. Тура мағынада қабылдау үлкен қателікке алып келеді. Бұл мәселеде псевдосәлафи ағымының сенім мәселесінде шейхтарының оғаш пәтуа бергендігін өздерінің кітаптарынан табуға болады. Ал елімізде ҚМДБ ресми ұстанымы Әбу Ханифа мазһабы болып табылады. Бұл мазһаб ҚМДБ-ның құрылуымен бастау алмайды, тарих беттеріне қарасақ Әбу Ханифа мазһабы X-XII ғасырдан бастау алып қазіргі уақытқа дейін жалғасын тауып келе жатқан дәстүрлі мазһаб болып есептелінеді. Сол себепті, Әбу Ханифа мазһабы ҚМДБ-ның құрылуымен бірге бастау алады деу үлкен қате болып саналады. Тарих беттеріне қарасақ қазақ жерінен қаншама ислам ғұламасын өткендігін көреміз. Бұл кісілер ислам дініне қаншама үлес қосқан.

Псевдосалафи ағымының басты қателіктері:

  1. Аллаға мекен беру;
  2. Құран аяттары мен хадистерді тура мағынада түсіну;
  3. Таухидті үшке бөлу.

Сонымен қатар бұл ағымның ең үлкен қателіктері діни білімді толық түсініп алмауында. Сол себепті бұл ағымға ерушілер кейбір діни мәселелерде атүсті қарап түсініп отырады.

Псевдосалафидің алдын алу:

  1. Халықтың діни білімін жетілдіру;
  2. Жастарды ұлттық құндылыққа тәрбиелеу;
  3. Халық арасына салт-дәстүр мен ұлттық тілді дәріптеу;
  4. Жастарға тарихымызды үйрету.

Қорыта айтқанда, қазіргі кезде қоғамда өзекті болып жатқан мәселелердің бірі. Псевдосәлафи ағымының алдын алу үшін жоғарыда айтқандай, халықтың арасында діни сауаттылықты арттыру ең маңызды міндеттердің бірі. Жоғарыда келтіргендей халық арасында ұлттық құндылықтарды, ұлттық тілді, төл тарихымызды дәріптеуміз керек. Сонда ғана ұлттық болмысымызды және дәстүрлі Әбу Ханифа мазһабын сақтап қала аламыз.

 

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ-нің «Оңалту жұмыстарын

ұйымдастыру» бөлімінің маманы                                  Н.Әмзеев                              



[1] http: //www.islam.ru/content/analytics/1233

0 пікір