Адам баласының табиғатында сезіну – ақылдан бұрын пайда болатын ерекше қасиет. Адам дүниеге келген сәттен бастап, алдымен сезінеді, содан кейін барып ойлай бастайды. Бұл – жаратылыс заңы. Отбасы деген ұғым – жай ғана шағын әлеуметтік бірлік емес, ол – адам баласының ішкі әлемінің айнасы. Осы кеңістікте адамның эмоциялық әлемі мен қарым-қатынас дағдылары тікелей бір-бірімен астасып жатады. Сол себепті отбасындағы берекенің, түсіністіктің, өзара құрметтің қалыптасуында эмоционалдық интеллекттің рөлі өте маңызды.
Эмоционалдық интеллект дегеніміз – адамның өз сезімдерін тануы, түсінуі, оны басқаруы және өзгенің эмоциясын да байқай алуы, оған лайық жауап қайтара алуы. Бұл қабілет адамға тумысынан берілуі мүмкін, алайда оны саналы түрде дамытпаса, өмірдің түрлі саласында, әсіресе отбасында айтарлықтай қиындықтар туындайтыны жасырын емес. Эмоционалдық интеллект – бұл тек жұмсақтық, не биязылық емес, бұл – адамгершілікке негізделген парасаттылық, сабыр, ішкі тәртіп пен зейіннің үйлесімі.
Қазіргі қоғамда көптеген отбасылық дағдарыстардың, жанжалдардың, ажырасулардың басты себебі ретінде материалдық жағдай, әлеуметтік қысым, үшінші жақтың араласуы айтылып жатады. Бірақ терең зер салсақ, оның түбінде эмоциялық байланыстың үзілуі, бір-бірінің ішкі жан дүниесіне немқұрайлық, сезімдік сауатсыздық жатыр. Яғни, күйеу мен әйел бір-бірінің не сезініп тұрғанын түсінбейді, түсінгісі де келмейді. Сөз бен әрекет арасында үйлесім жоқ, ішкі күйді ашық айта алмау, тыңдай алмау – бәрі де эмоционалдық интеллекттің жетілмегенінен хабар береді.
Эмоционалдық интеллекттің негізгі компоненттері бар: өзін-өзі тану, өз эмоциясын басқару, басқаға жанашырлықпен қарау және қарым-қатынасты тиімді басқару. Бұл – кез келген отбасылық жағдайды дұрыс реттеуге көмектесетін ішкі құрал. Мәселен, ашу үстінде бірден жауап қатпай, алдымен өз ішкі күйін бақылап барып сөйлеу – бұл тек әдептілік емес, жоғары эмоциялық интеллекттің көрінісі. Немесе жұбайың шаршаңқы, көңілсіз екенін көріп, оған ұрса жөнелмей, не үшін олай екенін байыппен сұрау – бұл да ішкі кемелдік.
Отбасында жиі кездесетін диалогтардан мысал келтірейік. Бір тарап: «Сен мені тыңдамайсың!» десе, екінші тарап: «Сен де мені түсінбейсің!» деп жауап береді. Бұл – шынайы тыңдаудың, өзара сезінудің жоқтығы. Адам тыңдағанда тек құлағымен емес, жүрегімен де тыңдауы керек. Әр сөздің ар жағында қандай көңіл күй жатқанын сезу – бұл үйренуді талап ететін қасиет. Эмоционалдық интеллект дамымаған жерде адамдар сөзге емес, тек әрекетке қарап, өз түсінігінше шешім шығарады. Ал бұл – қате ұғынуға, ренішке, ұзақ үнсіздікке әкеледі. Бұның барлығы үй ішіндегі атмосфераны улап, баланың да психикасына әсер етеді.
Егер әке мен ана өзара түсіністікке қол жеткізсе, эмоциялық жақтан бір-біріне серік бола білсе, ол үйдің баласы өзіне сенімді, ашық мінезді, жанашыр болып өседі. Өйткені бала ересектердің қарым-қатынасын тікелей ішкі модель ретінде қабылдайды. Егер ата-ана бір-біріне үнемі салқын, дауыс көтеріп сөйлесетін болса, бала үшін бұл – қалыпты жағдай болып қалыптасады. Ол кейін өз отбасында да дәл осы үлгіні қайталауы мүмкін. Яғни эмоционалдық интеллект тек ересектердің қаруы емес, болашақ ұрпақтың да мінез-құлқына тікелей әсер ететін фактор.
Зайырлы қоғамда әр адамның дүниетанымы мен діни сенім бостандығы құрметтеледі. Бірақ осы кеңістікте де жалпыадамзаттық құндылықтар – сезімге құрмет, бір-бірін тыңдай білу, жанашырлық, сабыр мен түсіністік секілді қасиеттер бәріне ортақ. Дін мен ғылым осы тұста тоғысады. Дін – адамға рухани бағдар берсе, ғылым – сол құндылықтарды күнделікті өмірде қалай қолдану керектігін үйретеді. Ал эмоциялық интеллект – осы екеуінің арасындағы көпір.
Пайғамбар Мұхаммедтің (с.а.с.) отбасындағы қарым-қатынасы, жұбайларына деген құрметі, ашық сөйлесуге бейілділігі – эмоциялық интеллекттің ең жоғары үлгісі десек артық айтпаймыз. Ол (с.а.с.) ешқашан дауыс көтеріп сөйлемеген, тыңдаған, сезінген, түсіндірген. Бұл үлгіні қазіргі заманның тілінде эмоционалдық парасаттылық деп атауға болады.
Отбасы – қоғамның ядросы. Егер сол ядро ішкі қысымнан жарылса, оның жаңғырығы бүкіл қоғамда естіледі. Сондықтан эмоционалдық интеллектті дамыту – тек жеке бастың жетілуі емес, тұтас ұрпақ тәрбиесіне әсер ететін қоғамдық қажеттілік. Бұл қасиет арнайы курстан емес, күнделікті өмірден, кішігірім шешімдерден, ұстам мен байсалдылықтан, тыңдай білуден қалыптасады.
Қорытындылай келе, отбасыдағы эмоционалдық интеллект – рухани тәрбиемен астасқан ішкі мәдениет. Ол – отбасындағы тыныштықтың, түсіністіктің, шынайы бақыттың негізі. Эмоцияны басқара алу – күш емес, парасат. Ал парасатты отбасы – тыныш қоғамның іргетасы.
Н.Әбухан
Түркістан облысы дін істері
басқармасының «Дін мәселелерін
зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы
Отбасыда қарым-қатынастағы эмоционалдық интеллект
