Баланың алғашқы ұстазы – ата-ана. Адам баласының өмірге келуінен бастап тұлға болып қалыптасуына дейінгі жолында ең үлкен рөл атқаратын орта – отбасы. Отбасы – әрбір адам үшін ең алғашқы әлеуметтік орта, ал сол ортадағы тәрбие – баланың болашағына, өмірлік бағытына тікелей әсер етеді. Сондықтан «Отбасы – бала тәрбиесінің алғашқы мектебі» деп бекер айтылмаған. Бұл – өмір заңдылығы. Бала алғаш сөйлеп, алғашқы қадамын жасағанда, қасында кім болады? Әрине, анасы мен әкесі. Олар баланың тілі мен мінезін, жүріс-тұрысын қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Ата-ананың әрбір іс-әрекеті, сөйлеу мәдениеті, қарым-қатынасы балаға тікелей әсер етеді. Яғни бала көргенін қайталайды, естігенін сіңіреді. Ата-ана тарапынан берілетін мейірім, қолдау, тәртіп пен талап баланың өзін-өзі бағалауын арттырады, сенімді болуына ықпал етеді. Ал керісінше, ескерусіз қалған, дұрыс бағыт берілмеген бала өмірде өз орнын табуы қиын болады.
Отбасы – тәрбие тамыры. Отбасы – әр баланың мінез-құлқы, өмірге көзқарасы, болашақтағы тағдыры қалыптасатын ең маңызды орта. Баланың дүниетанымы, адамгершілік қасиеттері, дұрыс сөйлеп, дұрыс жүріп-тұруы, үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болуы секілді өмірлік әдеттері ең алдымен отбасында қаланады.Ата-ана – баланың алғашқы ұстазы. Олардың әр сөзі, әрекеті – бала үшін үлгі. Егер ата-ана мейірімді, сабырлы, әділ, жауапты болса, бала да дәл сол қасиеттерді бойына сіңіреді. Ал отбасында ұрыс, қатігездік, тәрбиесіздік жиі кездессе, баланың бойында да соған сәйкес теріс мінездер қалыптасуы мүмкін.
Тәрбие негізі – ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас. Баламен дұрыс қарым-қатынас орнату – тәрбиенің басты кілті. Бұл жерде ата-ана:
- Баланың пікірін тыңдай білуі,
- Қателессе де, түсіндіре отырып жөн көрсетуі,
- Үнемі мейірім мен қолдау танытуы,
- Бірақ тым еркелетіп жібермеуі қажет.
Баланы тек «тыңда», «істеме» деп бұйыру емес, бірге талқылап, түсінісу – оның тұлға болып қалыптасуына жол ашады.
Ұлттық тәрбие – тәрбиенің алтын өзегі. Қазақ халқы бала тәрбиесіне ерекше мән берген. «Бала – бауыр етің», «Бесік тәрбиесі – бесіктен», «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген даналық сөздерден-ақ ұлтымыздың тәрбиелік ұстанымдарын аңғаруға болады. Бала дүниеге келген сәттен бастап ең алғашқы тәрбие мен білімді, өмірдің алғашқы сабағын отбасынан алады. Бұл – ғасырлар бойы дәлелденген шындық, өмір тәжірибесінің тұжырымы. Дәстүрлі тәрбие – ұлттық құндылықтың негізі. Қазақ халқы бала тәрбиесіне ежелден ерекше мән берген. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақал – сол тәрбие мектебінің дәлелі. Бала әкеден батырлықты, шешендікті, табандылықты үйренсе, анадан мейірімділік пен әдептілікті сіңірген. Қазақ отбасында ата мен әже тәрбиесі де ерекше орын алған. Олардан балалар салт-дәстүрді, шежірені, үлкенді сыйлауды, сөз қадірін ұғынуды үйренген. Бұл – ұрпақ сабақтастығының көрінісі.
Тәрбие – тек сөз емес, іс-әрекет. Балаға қанша ақыл айтқанмен, ата-ананың ісі басқа болса, сөздің пайдасы аз. Балалар айтқаннан гөрі көргенді қайталайды. Егер ата-ана кітап оқыса, бала да қызығады. Егер ата-ана дөрекі сөйлесе, бала да солай үйренеді. Сондықтан ең тиімді тәрбие – жеке үлгі арқылы тәрбиелеу.
Қазіргі отбасы және тәрбие мәселелері. Қазіргі уақытта көптеген отбасылар тұрмыстық қиындықтармен қатар, тәрбиелік дағдарысты да бастан өткеріп жатыр. Кей ата-аналар уақыт таппай, баламен шынайы сөйлесуге, бірге уақыт өткізуге мән бермейді. Смартфон мен интернет баланың жаңа «тәрбиешісіне» айналған. Бұндай жағдайда бала мейірімділікті, сыйластықты емес, агрессия мен бетпақтықты қабылдауы мүмкін. Сондықтан отбасындағы жылылық пен тәртіпті қайта қалпына келтіру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Қорытындылай келе, Отбасы – кез келген ұлттың, елдің іргетасы. Ал сол іргетастың беріктігі – отбасындағы тәрбиеден басталады. Бала отбасында тек білім алып қана қоймайды, өмірге деген көзқарасын қалыптастырады. Әр ата-ана ұрпағына жақсы тәрбие бергісі келсе, ең алдымен өз әрекетін, сөзін, қарым-қатынасын дұрыстауы керек. Себебі, Отбасы – бала тәрбиесінің алғашқы және мәңгі мектебі. Ал сол мектептегі алғашқы сабақтар – бүкіл өмірге әсер етеді.
М.Салиходжаев
Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
теолог маманы
Отбасы – бала тәрбиесінің алғашқы мектебі
