Қазақстан – ғасырлар бойы түрлі этнос пен дінді ұйыстырған, бейбітшілік пен келісімді басты құндылық еткен мемлекет. Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін халықтың діни еркіндігі қалпына келтіріліп, мешіттер, медреселер мен діни оқу орындары ашыла бастады. Дегенмен, алғашқы жылдары елімізде діни кадрлар жеткіліксіз болғандықтан, көптеген жастар шетелге барып білім алуға мәжбүр болды. Бұл жағдай, өкінішке қарай, сыртқы діни идеологиялардың енуіне, дәстүрлі емес ағымдардың таралуына себеп болды. Көптеген жастарымыз шетелдік радикалды ұйымдардың ықпалына түсіп, ел ішіндегі діни тұрақтылыққа қауіп төндірді. Осыдан кейін қоғам мен мемлекет діни білім беру мәселесіне ерекше көңіл бөле бастады.
Діни білім – тек Құран мен хадисті жаттау ғана емес. Ол – рухани тәрбие, дүниетаным, елдік сана мен ұлттық болмыстың тұтастығы. Сондықтан діни білім беру жүйесі ұлттық және зайырлы құндылықтармен үндесе отырып дамуы керек. Осы мақсатта Қазақстанда Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті, медресе-колледждер, теология және дінтану факультеттері жұмыс істеуде. Бұл оқу орындары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бағытына сәйкес, ханафи мәзһабы мен матуриди сенім мектебін негізге алады. Олар тек діни пәндермен шектелмей, тарих, философия, әлеуметтану, құқық, психология сияқты зайырлы ғылымдарды да қамтиды. Мұндай үйлесімділік арқылы діни маман – қоғаммен тіл табысатын, парасатты, сабырлы, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген тұлға ретінде қалыптасады.
Бүгінгі таңда діни білім алу үшін міндетті түрде шетелге барудың қажеті жоқ. Керісінше, рухани іргетас өз еліміздің топырағында қалануы тиіс. Отандық оқу орындарында білім алған маман елдің тарихын, мәдениетін, тілін, ұлттық ерекшелігін жақсы біледі. Ол өз халқына түсінікті, қолайлы әрі қауіпсіз діни насихат жүргізе алады. Өз еліміздегі оқу орындары материалдық және ғылыми тұрғыдан жылдан-жылға дамып келеді. Мемлекеттік гранттар бөлініп, оқу бағдарламалары заман талабына сай жетілдірілуде. Діни кадрларды даярлауда тек діни басқарма емес, мемлекет те белсенді түрде қолдау көрсетуде. Бұл – діни білімнің стратегиялық маңызын көрсететін нақты мысал.
Діни сауаттылық – экстремизм мен радикализмнің алдын алудың ең тиімді жолы. Діни мәтіндерді дұрыс түсінбеу, интернеттегі жалған уағызшыларға сену, тарихи және ақида тұрғысынан қате идеяларға бой алдыру – жастарды жат ағымдарға жетелейді. Мұндай қауіптің алдын алу үшін отандық діни білім беру жүйесін үздіксіз жетілдіру қажет. Имамдар мен ұстаздар діни мәселелерді ғылыми тәсілмен, терең таныммен түсіндіруі тиіс. Сонымен қатар, діни білім – ұлттық тәрбиеге де негізделуі қажет. Қазақ халқының дін мен дәстүрді үйлестірген тәжірибесі – бүгінгі ұрпақ үшін рухани бағдар.
Қазіргі уақытта мемлекет пен қоғам арасындағы ынтымақты сақтау үшін діни кадрлардың сапалы болуы аса маңызды. Олар – тек діни рәсімдерді атқарушы емес, сонымен қатар қоғамдағы рухани тәрбиешілер. Сол себепті де олардың білім деңгейі, мәдениеті, зайырлы көзқарасы мен ұлттық санасы жоғары болуы керек. Бұл талаптар отандық оқу орындарында нақты жүзеге асып келеді. Қазақстанда қалыптасқан діни білім жүйесі – ұлттық қауіпсіздіктің, рухани тұрақтылықтың және конфессияаралық келісімнің кепілі.
Сондай-ақ отандық діни білім беру тек мешіттер мен медреселермен шектеліп қалмауы керек. Мектептер мен жоғары оқу орындарында да дін туралы базалық білім беру – бүгінгі күннің талабы. Жастардың діни сауаттылығын ерте жастан қалыптастыру, оларға діни плюрализм мен зайырлылықты дұрыс түсіндіру – ел болашағы үшін маңызды қадам. Бұл ретте «Зайырлы мемлекет және дін негіздері» секілді пәндердің мазмұнын жетілдіру, мамандарды қайта даярлау, оқулықтарды сапаландыру жұмыстарын жалғастыру қажет.
Қорыта айтқанда, отандық діни білім – елдің ішкі тұрақтылығы мен рухани қауіпсіздігінің негізі. Діни білім беру жүйесі – ұлттық мүдде мен мемлекеттік тұтастықпен тікелей байланысты маңызды сала. Сондықтан Қазақстанда діни білім беру жүйесін дамыту, оны заман талабына сай үйлестіру, шетелдік ықпалдан арылту – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болуы керек. Рухани іргетас өз елімізде қаланған жағдайда ғана діни фанатизм мен бөлінушіліктің алдын аламыз. Отандық біліммен сусындаған, ұлттық рухпен тәрбиеленген имам – елге қызмет ететін, халыққа түсінікті тұлға. Сондықтан да діни білімді шетелден іздемей, өз еліміздің рухани орталықтарын қолдау – болашақтың баянды жолы.
Ұ.Перден
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
бөлім маманы