Отандық діни білім берудің маңыздылығы
Отандық діни білім берудің маңыздылығы
06.03.2025
390
0

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында дін, идеология, руханият саласына көңіл бөлінбей қалғаны рас. Жетпіс жыл атеистік кезеңнен шөліркеп шыққан халқымызға діннің, ұлтымыздың рухани құндылықтары өте қажет болды. Мұның орнын толтыру үшін ұлт пен діннің жоғын жоқтаушы азаматтарымыз халықты исламмен қайта қауыштыру үшін, ислам діні кең таралған араб елдеріне діни білім алуға аттанып жатты.

Ислам әлемінің белді университеттерінде оқып, білікті мамандардан білім алған жастарымыз исламның қайнарынан сусындап, қазіргі таңда еліміздегі дін саласының мамандары ретінде жұмыс жасап жатқан азаматтар бар.

Алайда заңды діни оқу орындарынан бөлек, күмәнді діни оқу орнын аяқтаған кейбір жастарымыз сол жақтағы астыртын, жасырын діни ұйымдардың қатарына қосылып жатты. Мұндай күмәнді оқу орнын оқыған жастар елімізге келгеннен кейін, еліміздің діни-рухани ерекшелігін ескермей, халықтың салт-дәстүрін жоққа шығарып, түрлі дау-дамайлар мен елдің ауызбіршілігін кетіретін жағдайларға алып келді. Одан бөлек деструктивті діни ұйымдардың қатарына қосылған өз азаматтарымыз тарапынан террористік оқиғалардың ортасынан табылып жатты. Өз елінен, жерінен, ата-анасы мен туған-туыстарынан безінген жастарымыз пайда болды.

Одан қала берді 1992 жылы 15 қаңтарда қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңда діни бірлестіктердің заңды түрде тіркелуіне орасан зор мүмкіндіктер беруі елімізде сырттан келген діни ұйымдардың еркін жұмыс жасауына, олардың елімізде кең қанат жаюына алып келді. Елімізде 2011 жылы 48 діни конфессия болғанын осыдан ақ көруімізге болады. Сонымен қатар діни білім беретін оқу орындарына бақылаудың жоқтығы, олардың жеке дара түрлі бағыттарда болуы халықтың діни түсінігінің әрқилы қалыптасуына алып келді.

2011 жылы 11 қазандағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң қабылданып, еліміздегі діни жағдайды реттеудің алғашқы қадамдары жасалды. Діни ұйымдар қайта тіркеуден өтіп, 48 діни конфессиядан 17-ге қысқарды. Діни ұйымдардың жұмысына бақылау күшейіп, діни білім беру бір жүйеге қойыла бастады.

Елімізде исламдық діни білім Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының құзырына беріліп, барлық мешіттер, діни оқу орындары, медреселер, Құран жаттау орталықтары бір орталыққа жүгінетін болды. Бұл ел арасындағы әркелкіліктің алдын алып, бүкіл Қазақстан мұсылман жұртшылығының діни түсінігі Ханафи-Матуриди мазхабтарының аясында дамитын болды.

Елімізде «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігіне (ҚМДБ) қарасты 9 медресе, республикалық Имамдардың білімін жетілдіру ислам институты, республикалық қарилар дайындау орталығы сияқты діни білім беру ұйымдары қызмет атқарады.

Дегенмен елімізді дінді ғылыми-академиялық түрде зерттеу тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ басталған болатын. Сол кезде жаңадан ашылған Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің алғаш ашылған мамандықтар қатарында Қазақстан бойынша алғаш жұмысын бастаған дінтану кафедрасы да бар болатын. Университет осы уақыт ішінде еліміздегі ең білікті дін саласындағы мамандарды даярлап, олар Қазақстанның дін саласындағы барлық орындарда қызмет атқарып жатыр.

Алматы қаласында орналасқан Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университеті дінтанушы, теолог, исламтану мамандарын даярлап жатыр.

Бүгінгі күн талабына сәйкес дін мамандары басқа ғылым салаларымен етене жұмыс жасай алуы тиіс. Өйткені жат ағымдармен күресте тек қана діни білім емес психология, әлеуметтану, философия ғылымдары мен тіл мамандарының көмегі ауадай қажет екені рас. Сол себептен дінтану, теология, исламтану мамандықтарымен қатар, психология-дінтану, философия-дінтану, араб тілі-дінтану сияқты бірлескен мамандықтарды оқыту қолға алынып жатыр.

Бұл мамандықтардың ерекшелігі дінді тек сырттай талдау, бағалау, пайымдаумен шектелмей, діндердің ішкі болмысын зерделей оқытату. Дін ұстанушының сана сезімін зерттейтін, түсіндіретін пәндер тағылымын тәжірибемен ұштастыруға, дінтану ғылымын өз кезегінде екінші бір шетін көзқарас болып табылатын атеизм ұстанымдарын біржақты қабылдаудан сақ болуға мүмкіндік беретін аталған мамандықтың еліміздің діни және дінтанулық білім жүйесінде өзіндік орны болары сөзсіз.

Діни және дінтанулық білім бір-бірінен ажыратылғанымен, түпкі мақсаты бір. Ол – дін туралы түсінікті дұрыс қалыптастыруға, теріс көзқарастардан сақ болуға, өзге діндер мен сенімдерге құрметпен қарауға, дәстүрлі рухани құндылықтарды қадірлеуге, «имандылық» ұғымын дұрыс түсінуге және бағалай білуге жетелеу. Ол  үшін діни білімін отандық оқу орындарында алу маңызды.

 

Б.Өтеген

 

Түркістан облысы дін істері

басқармасының «Дін мәселелерін

зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы                                     

 

 

0 пікір