Адам баласында сондай бір ұлы сезім бар ол шынында ешқашан сөнбейді. Бір көңіл бар ешқашан азаймайды. Бұл отанға сезім, жұртқа деген махаббат көңілі. Міне осы сезімді, міне сол көңілді әрқашан да жүрегіміздің түбінде сақтауымыз керек.
Расында отан біздің ең асыл да бағалы орнымыз, Отан дегенде сезім, көңіліміз, жан дүниеміз құлшынып тұру керек.
Отанды шынайы махаббатпен жақсы көруді Алла Тағала хазіреті Адамның жүрегіне жайлатқан.
Белгілі Ислам ғалымы Имам Ғазали: «Адам Отанын қаласа, сонау шөлде болса да елін, жерін барынша сүйеді. Отанға деген махаббат сезімі – шынайылықтың белгісі. Адам Отанынан басқа жерде тыныш бола алмайды»,-деген.
Ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі Ислам дінімізде Отанды сүю иманның белгісі екені айтылады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) Меккеден Мадина қаласына көшіп кетіп жатқанда жылады. Қатты күйзелген күйінде Мекке қаласына қайта-қайта қарап: «Аллаға ант етемін, әлбетте, сен Алланың ең жақсы мекенісің және Алланың ең жақсы қаласысың. Егер мені сенен шығармағанда, өзім еш шықпас едім»,-деген. (Фатхул барии). Пайғамбарымыз (с.а.с.) туған жерінен кетуге мәжбүр болды. Бірақ үнемі өзінің туып өскен жеріне ұмтылатын еді.
Сонымен келесі бір хадисте: «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі күнәсіне өкініш білдіріп, оңаша құлшылық жасағанда егіліп жылаған көз, екіншісі Отанды қорғап, күн-түн демей шекеара күзеткен көз» делінген.
Ұзақ жылдар бойы отаршылдық қамытын киген қазақ халқы талай нәубет пен запыран заманды бастан өткізгенімен, қаншама ғасырдан бері бойымызға сіңіп, санамызда жаңғырған асыл қасиеттерді жоғалта қойған жоқ. Осындай имани қасиеттер біздің ұлтымыздың абыройын асқақ етіп, төрткүл дүниедегі тәмам жұртқа жақсы жағынан көрсетіп отыр. Қашаннан да күнделікті өмір сүру дағдысы Ислам дініне сәйкес келетін біздің қазақ отаншылдықты, имандылықты, елжандылықты төрге оздырып, адамгершілік қасиетті ардақтап келеді.
Тек адам ғана емес, мал екеш малда өзінің туып өскен жері ыстық болғаны соншалық ештеңеге айырбастамайды.
Ата-анамыз бен өзіміздің кіндік қанымыз тамған ыстық та сүйікті Отанымыз біз үшінде қимас Отан.
Біздің де сонау дәуірлерден бері тамырын тереңге жайған бір ғана Отанымыз бар. Ол – Қазақ жері. Осынау алып, кең-байтақ қазақ жерін көздің қарашығындай қорғап, оны шексіз сүю әр қаны қазақтың міндеті және азаматтық борышы. Өйткені қазақтың Қазақстаннан басқа Отаны жоқ. Осы Отан деген сөздің түпкі мағынасына үңілер болсақ, оның қаншалықты қастерлі ұғым екендігіне көз жеткіземіз.
Себебі Отан деген тек туып өскен жерің ғана емес, ол – күнделікті отбасы – ошақ қасың, ауасын жұтып, суын ішіп, байлығын жаратып отырған байтақ далаң, қариясы мен ақ жаулықты аналары бар алтын ордаң, қадірлі ата – анаң, сүйікті жарың, бауыр-етің балаң жүрген туған елің.
Отаншылдық – Отанын жан-тәнімен сүйіп, оған қалтқысыз қызмет ету ғана емес. Отаншылдық – ең алдымен өз Отанының тарихи тек-тамырын, ғұмыржолын, қадір-қасиетін терең білу және өз Отаны үшін асқақ сезімдерге бөлену деген сөз. Отаншылдық – білім мен тәрбиенің тұғыры болуға тиіс деуіміздің сыр-себебі осында.
Міне, осы туған ел мен жерге ие болу, амандығын ойлау, өскелең ұрпақтың болашағына жауаппен қарау, ел татулығы мен тыныштығын және рухани бірлікті сақтау – әрбір мұсылманның парызы.
Отанды, елді құрметтегенде атақ алу, абыройға кенелу үшін емес, «ұрпағым, елім болашақта жетім болмасын, отансыздықтың азабын тартпасын» деген қағиданы берік ұстанған жөн. Жер бетінде отансыз ұлттар қаншама?! Оларды әр жерде дәл біздің еліміздегідей бауырына басып, жақсылық жасап отыр деп тағы айта алмаймыз. Жергілікті ұлтпен алауыздық танытып отырғаны қаншама?! Біздің де ұрпағымыз біреудің қас-қабағына қарамай, біреудің қолына қарап дәметпесін десек, атадан қалған асыл мұраны сақтап, ақылды ұрпақ тәрбиелеу қасиетті парызымыз. Туған ел, туған жер үшін жасалатын жақсылықтардың барлығы ізгі ниеттен, иманнан туатыны даусыз. Сол себепті Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Отанды сүю – иманнан»,-деп хадисінде бекер айтылмаса керек-ті.
Сөзімізді қорытындылай келе айтарымыз, жастарымызды, өскелең ұрпақты туған еліне, жеріне деген махаббат, ұлттық патриотизм, ұлтжандылық сезімінде тәрбиелеу әрқайсысымыздың мойнымыздағы парызымыз деп түсінуіміз керек.
Д.Аманов
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы
Отанды сүю – адал жүректен