«Отан үшін отқа түс – күймейсің» – бұл тек қанатты сөз емес, бұл – әрбір азаматтың жүрегінде жатталуы тиіс өмірлік ұстаным. Бұл сөзде терең мағына, айқын патриоттық рух және елге деген адалдық жатыр. Адам баласы үшін туған жерден артық, қастерлі орын жоқ. Отан – адамның кіндік қаны тамған жері, ата – бабасының ізі қалған киелі мекен, ұлттық рухтың бесігі.
Бұл мақал еліміздің тарихында сан рет дәлелденген. Отан алдындағы парызын адал атқарған батыр бабаларымыз, ержүрек азаматтарымыз осы ұстаныммен елдің бостандығын, тәуелсіздігін қорғап, өмірін арнады. Сол үшін де бұл сөз ұранға, өмірлік қағидаға айналған. Отан ұғымы әр адам үшін ерекше. Ол тек географиялық аймақ немесе шекарамен шектелмейді. Ол – ана тілің, ұлттық болмысың, тарихың, мәдениетің, салт – дәстүрің. Отан дегеніміз – туған жерге деген сүйіспеншілік, халыққа қызмет ету, ел игілігі үшін еңбек ету. Бұл сүйіспеншілік – адам баласының бойындағы ең асыл сезімдердің бірі. Отан үшін жан аямай күресу, қиындыққа төтеп беру – бұл азаматтықтың биік үлгісі. Бұл ұстанымда тек соғыс немесе майдан туралы емес, бейбіт күндегі еңбек, білім, мәдениет, ғылым саласындағы қажырлы еңбек те жатыр. Бейбіт өміріміз, ашық аспанымыз, аяулы бүлдіршіндеріміздің шат күлкілері, ата – аналарымыздың жайлы өмір сүруі еліміздегі тұрақтылық пен татулықтың арқасы. Осынау қасиетті Отан баршамызға ортақ болғандықтан, оны қорғау – біздің нағыз перзенттік парызымыз. Расында, біздің бейбітшілік пен берекелі еңбек етуімізде балаларымыздың өсіп – өніп, кемел адам болып қалыптасуында Отан қорғаушылардың орны, олардың қайсарлығы мен жауынгерлік рухы ерекше орын алады. Олардың жүрегінде Отанға, халыққа деген сүйіспеншілік берік орнығып, ержүрек ұлдар ел шекарасын қырағы күзетеді. Сахаба Ибн Аббас (р.а) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с): «Екі көздің иесін тозақ оты күйдірмейді: бірі – Алладан қорқып жылаушы, екіншісі – Алла жолында ұйықтамаған (шекара күзеткен)», – деп айтады. Сондай – ақ, тек әскерилер ғана емес, осы жер бетінде өмір сүріп жатқан барлық азаматтар мейлі медбике болсын, мейлі дәрігер, кәсіпкер болсын баршасы Отанын қорғауы қажет. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай заманымызда Тәуелсіздігіміздің тұғырын құлатқысы келетін арандатушыларға қарсы қарумен ғана емес, қажет болған жағдайда сөзбен әрі әрекетпен қарсы тұрған абзал. Бүгінде Отан үшін отқа түсу ұғымы мүлде басқа сипатқа ие. Бейбіт заманда елге адал қызмет ету, білім алып, ғылыммен айналысу, ұлттық құндылықтарды сақтау, экономика мен мәдениетті дамыту – бұл да нағыз отансүйгіштік. Бүгінгі күні әрбір жастың ел болашағы үшін сапалы білім алуы, кәсібін жетілдіруі, қоғамға пайдалы болуға ұмтылуы – үлкен ерлікпен пара – пар іс. Отаншылдық – бұл жай сөз емес, бұл – нақты іс. Елдің әл – ауқатын жақсартуға қосқан әр үлес, адал еңбек – бұл өз Отаныңа деген құрметтің көрінісі. Сондықтан жастарды тек ұраншылдыққа емес, нақты әрекетке, білім мен парасатқа, жауапкершілік пен адамгершілікке тәрбиелеу маңызды.
«Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген сөз бізге тек батырлықты емес, адамгершілікті, жауапкершілікті, адалдықты, еңбекқорлықты, ұлтжандылықты үйретеді. Бұл – әрбір қазақ азаматының жүрегінде жатталып, іс – әрекетінде көрініс табуы тиіс қағида. Елін сүйген, жерін қадірлеген адам ғана үлкен мақсаттарға жетеді. Отанды сүю – сөзбен емес, іспен дәлелденетін қасиет. Қандай кезең болса да, елдің бірлігін, тыныштығын сақтап қалу, ел игілігі үшін аянбай еңбек ету шынайы – патриотизм. Осы ұлы мұрат жолында әрбіріміз жауапкершілікпен еңбек етсек, Қазақстанның болашағы жарқын болмақ.
Ә.Болат
Түркістан облысының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ–нің
Мақтаарал, Жетісай ауданындағы бөлімінің маманы
Отан үшін отқа түс күймейсің
