Қазақ халқы орнын басар ұрпағының денінің саулығы мен ой санасының дұрыс қалыптасуына қатты мән берген. Оған әсер ететін дәстүрлі мәдениетіміздің бір бағыты – халықтың ұлттық ойындары. Ұлттық ойынды ата-бабамыз баланың көзқарасын, мінез-құлқын қалыптастыратын тәрбие құралы деп санаған. Сондықтан баланың жан-жақты дамуын көздейтін, оның тілін жаттықтыратын, қимыл-қозғалысын жетілдіретін, белсенділігін арттыратын сан түрлі ұлттық ойындарды ойлап тапқан. Өзге халықтар сияқты қазақтың да ертеден қалыптасқан, атадан-балаға мұра болып жалғасып келе жатқан ұлттық ойын-сауық түрлері бар. Зер салып байқап қарайтын болсақ ойын-сауықтар қазақтың ұлттық ерекшелігіне, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тығыз байланысты қалыптасқан. Адамды жастайынан ат жалын тарттырып, бәйге шаптырып, дене тәрбиесін дамытуға, оны батылдыққа, ептілікке, тапқырлыққа, күштілікке, төзімділікке тағы да басқа адамгершілік қасиеттерге баулуға бағытталған.
Қазақ халқының спорттық ойындарының қайсысы болмасын белгілі бір ізгі мақсат пен терең ойға негізделген. Бірінші кезекте ұлттық ойындарды атап өтсек: асық ату, садақ тарту, ләңгі, ер жете келе көкпар тартып, бәйге шауып, теңге іліп, қыз қуу сынды ойындарымен ұлттық дәстүрді дәріптеп келеді. Қарапайым асық атудағы ойыншының жас ерекшелігін ескерсек баланы қырағылық, мергендік пен діттегеніне дөп тигізетін ұқыптылыққа баулитын ойын түрі. Сонымен қатар садақ тарту қазіргі таңда ұлттық спорт ойын түрі болса, ертеректе жаукершілік заманда қорғаныс, шабуыл, аңшылық құралы болған. Садақ тартудың ерекшелігі ептілік пен мергендік, қырағылық пен біліктілікті шыңдайтын ойын түрі болған. Бұл жайында «Өз балаларыңа садақтан оқ атуды, суда жүзуді және атқа мінуді үйретіңдер», – деп айтылуы күш-қуатты, біліктілікті, ептілікті шыңдайтын спорт түрлерін ата-бабаларымыз ұлттық негізге сай дамытып, ғасырлар көшінде сүннетті берік ұстап, ислам діні үкімдеріне бас иген. Қазіргі таңда садақ ату ойыны спорт түрі болып олимпиадаларда жүлделі орындар иегерлерін анықтайтын дәрежеге жеткен ойын болып даму үстінде.
Салауатты өмір салтын қалыптастырып, деннің саулығын нығайтатын ұлттық рухты көтеретін осындай тартысты да қызықты ұлттық ойындардың бірі – көкпар. Ежелден белгілі қазақ халқы жылқыға жаны жақын болған. Мінсе көлігі, жесе асы болған жылқы малымен түрлі ойындар ойлап тауып, ұлттық дәрежеде ұлықтаған. Соның санаттары көкпар, теңге ілу, бәйге, аламан бәйге. Бұл жөнінде Мұхаммед (с.а.с.): «Адам баласы атты соңғы күнге дейін тастамас, өйткені сол арқылы оның бұл дүниеде де олжасы бар, ақыретте де сыйлығы бар», – деген хадисі келген. Атқа міну, садақ ату, күрес пен жүгіру созылмалы аурулардың бірден-бір дауасы.
Қазіргі, жаңа Қазақстан егеменді ел болып, іргемізді биік, керегемізді кең етіп жанданғанда ұлттық ойындарымызды ұлттық спорт ретінде жандандырып жатырмыз. Соның ішінде ұлттық спорт ойындары да соңғы жылдары жаңа қарқынмен даму жолына түсіп, заманға сай жаңғыру үстінде. Жас ұрпақтың қай ойын түрін болмасын бойына сіңіріп ұғынуы, өзі үшінде, ұлтымыз үшінде пайдалы. Осы ұлттық ойындар арқылы ата-бабаларымыз ұрпақтың береке-бірлігі мен ынтымағын сақтап отырған. Шындығында, тұрмыс-тіршілігімізде қазақтың ұлттық ойындарының алатын орны айрықша. Әрбір ұлттық ойын адамды өмір сүруге бейімдеп ғана қоймай, қиындыққа қарсы тұра білуге, шыдамдылыққа үйретеді. Сонымен бірге ұлттық ойыннан спорт пен патриоттық тәрбие айқын аңғарылады. Мұның өзі қазақтың ұлттық ойындарының бала тәрбиесінде маңызы зор екендігін дәлелдейді. Ал өскелең ұрпаққа ұлттық тәрбие беру – бүгінгі ата-ананың басты міндеті. Салауатты өмір салтын ұстанған, сауатты да қуатты ұлттың ұрпағы болайық.
Е. Ештай
Телог маман
Өскелең ұрпақтың ұлттық ойынды ұғынуы