Орталық Азия маңызды стратегиялық аймақ
Орталық Азия маңызды стратегиялық аймақ
23.12.2025
475
0

«Ежелде Түркістанды Тұран дескен, Тұранда Ер Түрігім туып өскен». Бұл барша түркі ислам жұртына таныс Мағжан Жұмабаевтың өлең жолдары. Қазіргі күнде стратегиялық аймақ атанып отырған Орталық Азия ежелгі Тұран даласы деп атанғаны тарихтан белгілі. Өз заманында Сырдария мен Әмударияны қатар емген сан түрлі түркі ұлыстарының патшалық орнатқан даласы сол заманда-ақ сән мен салтанаттың билік пен патшалықтың нышаны болды. Тұран жері бірнеше ірі экспансияны басынан өткерген өлке. Сол себепті болар қазіргі күнге дейін атауы үш рет өзгерген. Алғашқы Тұран атауынан кейін араб жаулап алушылықтары нәтижесінде Түркістан аталып  XX ғасырдың басына дейін өз маңызын жоймай келді. Сол себепті Мұстафа Шоқай Түркістан Республикасын қайта құрғысы келгені. Уақыт өте келе Қазақстан және Орталық Азияда орналасқан төрт мемлекет Орталық Азия Республикалары деген атаумен атала бастады. «Орталық Азия» термині қазіргі мағынасында тек XIX ғасырдың аяғы мен  XX ғасырдың басында Ішкі Азияны батыс және шығыс бөліктерге бөлген неміс географы Фридрих фон Рихтгофеннің еңбектерінде пайда болды. Оған дейін «Орталық Азия» термині алғаш рет 1843 жылы А. Гумбольдттың еңбектерінде қолданылған.

Шығыстанушы, тарихшы Жар Зардыхан аймақтың кеңестік атауы «Орталық Азия» тек ХХ ғасырда ғана қолданысқа енгенін еске алады. 1975 жылғы Үлкен Кеңес энциклопедиясына сәйкес, Орталық Азия батыста Каспий теңізінен шығыста Қытаймен шекараға дейін және солтүстігінде Арал-Ертіс суайрығынан оңтүстікте Иран мен Ауғанстанмен шекараға дейін КСРО-ның азиялық аумағының бөлігі болып саналды. Қазіргі күнде де ресми атауы Орталық Азия Республикалары болып аталып жүр. Жақында Түркия Республикасы өзінің мектеп оқулықтарындағы «Орталық Азия» атауын Түркістан деп ауыстырды. Бұл дегеніміз аймақ әлі де өз маңызын жоймағаны.

         Жібек жолының қалыптасуы шығыстан батысқа жөңкілген керуен жолдары Тұран даласына соқпай кетпейтін. Қазіргі күнде де сол керуен жолдары қайта жанданып, даму үстінде. 2008 жылы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолын салу бастама көтеріліп қазіргі күнде ел игілігіне берілді.  Қазақстан территориясын басып өтетін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің ұзындығы жалпы алғанда 8445 шақырымды құрайды. Оның ішінде Қазақстандағы жолдың ұзындығы 2787 шақырым шамасында. Айта кету керек, аталған дәліз Қазақстанның бес облысын, атап айтқанда, Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе, Түркістан және Алматы облысының аумағын басып өтеді.

Соңғы кездері алпауыт мемлекеттердің Орталық Азия басшыларымен кездесуі үрдіске айналғандай. Соның бір көрінісі Вашингтонда өткен «C5+1» саммиті. Саммит туралы «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Әлемдік экономиканы зерттеу орталығының директоры Алибек Райпов былай дейді:

«Вашингтондағы C5+1 саммиті – бұл кезекті кездесу ғана емес, сонымен қатар алдағы жылдарға Орталық Азия мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас бейнесін анықтайтын стратегиялық қадам. Қазақстан үшін бұл – өзін Шығыс пен Батыс арасындағы көпір болуға дайын, қуатты және тәуелсіз мемлекет ретінде тағы да жариялауға және ортақ сын-қатерлерді шешу үшін өңірлік күш-жігерді шоғырландыруға бірегей мүмкіндік. Саммиттің табысты өтуі бүкіл өңірдің де, Қазақстанның да халықаралық позицияларын нығайтады, экономикалық өсу мен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жаңа мүмкіндіктер ашады».

Орталық Азияның өңіраралық өзіндік мәселесі де жеткілікті. Соның бірі – су. Аймақты сумен қамтамасыз етіп отырған Сырдария мен Әмударияның су көлемі азайып келеді. Соған байланысты Арал теңізіне құятын судың көлемі теңізге тамған тамшыдай болып тұр. Ал бұл өз кезеңінде тұздың көлемі артып одан ұшқан топырақ аймақты экологиялық зардабына әкелді. Еліміздегі өзендердің 80% трансшекаралық өзендерге жатады. Қазіргі күнде тұщы су көздерін сақтап қалу ортақ мәселе, ортақ шешімге байланысты. Алысқа бармай-ақ, Иран өз астанасын басқа қалаға көшіруді ойластырып жатыр. Себебі тұщы су көздері таусылуға таяу. Алдағы уақытта мұндай мәселемен бетпе-бет келмес үшін Орталық Азия елдерінің тату болғаны маңызды.

Зиябек есімді шежіреші, ақын өлең жолдарында былай депті:

«Ертеде ел Әму, Сырды – Тұран дейтін,

«Түркістан» келіп шыққан бұдан дейтін.

Ол жердің қазіргі аты – Орта Азия

Бес ұлт сыйып отыр бұған еркін», дегендей аймақтың тұтастығы мен тыныштығы дамуы осы бес елдің татулығына байланысты. Ілгеріде өткендер: «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» деген. Орта Азияны мекен еткен ағайынды халықтар бейбіт болғай.

 

 

Қ.Қосмаханов

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

маманы                                                                                   

0 пікір