Адам бұл дүниеге бекер келмейді. Кез келген пенде – өз ғұмырында белгілі бір рөл атқарады. Бірақ сол рөлді қалай сомдаймыз, нені артта қалдырамыз – бұл біздің таңдауымыз. Өшпес із қалдыру – өмірге мән беріп, өзіңнен кейінгі ұрпаққа өнеге болу.
Ұлы Абай: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады», – дейді. Расында да, адам байлығымен емес, мінезімен, қызметімен, қалдырған ізімен есте қалады. Жақсы сөз, адал еңбек, шынайы көмек – осының бәрі жүрекке жылы тиіп, адам есімін ұмыттырмайды.
Тарихта қаншама ғалым – ғұламалар осы уақытқа дейін өз өмірлерін толығымен ғылымға арнап, белгілі бір діни, не болмаса дүниәуи бағытта өздерінен кейін ғылыми еңбек қалдырып, жақсылық жасап, адамдар сол ілімнен сусынданып, қажеттеріне қарай іске асырған, сауапты іске өз үлестерін қосқан болатын.
Әйгілі тәпсірші Ибн Жәрир әт-Табари қырық жыл бойы үздіксіз күнделікті қырық бет ғылыми еңбек жазып отырғандығы туралы мәліметтер келтіріледі. Қырық беттен тұратын еңбекті шағын кітапша деп қабылдайтын болсақ, онда демек әт-Табари әр күні бір ғылыми еңбектің авторы атанып отырғанын аңғарамыз. Дәл осы әт-Табаридің тәпсір ғылымындағы еңбектері, қазіргі таңда ислам әлемінде мұсылмандар арасында аса құнды еңбектердің біріне айналып отыр. Бұл дегеніміз, әт-Табари өзінен кейін көпшілікке пайда әкелетін өшпес із қалдырғандығын ұғындырады.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте: «Адам қайтыс болса, оның (барлық істеген) амалы тоқтайды. Тек үш жолмен (сауап) үздіксіз барып тұрады: жариа садақа (яғни ел игілігі үшін салған көпірі, мешіті, медресесі, мектебі, ауруханасы т.б.); ел пайдаланатын ілім; артынан қалған ізгі ұрпағының дұғасы», – делінген.
Лұқман Хакімнің баласына жиі өсиет айтып, тәрбие беріп, туралыққа, ізгілікке бастаған игі сөздерді айтқандығы туралы Құран Кәрімде: «Сол уақытта Лұқман өз ұлына үгіт бере отырып: Әй ұлым! Аллаға серік қоспа! Күдіксіз (Аллаға) ортақ қосу зор зұлымдық. ... Әй ұлым! Тарының салмағындай болса да бір жар тастың ішінде болса да көктерде не жерде болса да Алла оны (қиямет күні) келтіреді. Расында Алла өте мүлайым, толық білуші. ... Әй ұлым! Намазды толық орында. Дұрыстыққа бұйырып, бұрыстықтан тый. Басыңа келген ауыршылыққа сабыр ет. Рас бұлар маңызды істерден», – деген аяттар кездеседі. Міне осы үлгіде әр ата-ана бала-шағасына дұрыс тәрбие беріп, ізгілік жолында өсірсе, туралықты нұсқаса, өзі дүниеден өтсе де, ізгі ұрпағының ол үшін жасаған дұғасы жоғарыда хадисте айтылғандай үзілмей оған барып тұратын болады.
Көп адам өмірден не алып кетсем екен деп ойлайды. Ал, керісінше, «не қалдырамын?» деп сұрақ қойсақ, өміріміздің бағдары өзгереді. Бұл – тек материалдық дүние емес, рухани мұра, ақыл-кеңес, ізгі амал болуы да мүмкін. Балаға дұрыс тәрбие беру, айналаға шапағат шашу - міне, бұл да өшпес із.
Мектеп қабырғасындағы мұғалімнің мейірімі, дәрігердің жан сақтау жолындағы еңбегі, қарапайым шопанның мал бағып, елге адал қызмет етуі – осылардың барлығы өмір жолындағы іздер. Бұл істер көзге көрінбеуі мүмкін, бірақ ел жүрегінде сақталады.
Бүгінде технология дамыған заман. Ақпарат ағыны көп, өмірдің де қарқыны жоғары. Бірақ соның ішінде адамгершілік, қарапайымдық, шынайылық секілді қасиеттер ешқашан мәнін жоғалтпайды. Өйткені олар – адамның адам болып қалуының негізі. Ал осы қасиеттер арқылы біз нағыз мәңгілік із қалдырамыз.
Қорытындылай келе, әр адам – өз өмірінің авторы. Тағдырымыз – біз салатын жол. Сол жолда шын жүрекпен еңбек етіп, айналамызға жылу сыйласақ, өз ізімізді де жарық етіп қалдыра аламыз. Өмір – қысқа. Ал жақсы есім мен жарқын іс – мәңгілік.
Д. Аманов
Түркістан облысының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы