Өмір әдемі, оны босқа өткізбе
Өмір әдемі, оны босқа өткізбе
16.07.2025
12
0

 

Өмір – бір-ақ  рет берілетін баға жетпес сый. Ол – қуаныш пен қайғы, үміт пен арман, табыс пен сынақтар қатар жүретін ғажайып сапар. Адам баласы осы өмір жолында  өзін табуға, мақсатын жүзеге асыруға, айналасына жақсылық сыйлауға ұмтылады. Сондықтан өмірді босқа өткізбеу – әр адамға жүктелген үлкен жауапкершілік.

Өмірдің мәні әркім үшін әр түрлі болуы мүмкін. Біреу үшін ол – отбасы бақыты, біреу үшін – білім мен жетістік, енді біреу үшін – елге қызмет ету. Бірақ бәріне ортақ бір нәрсе бар: өмірдің өзі – сұлулық. Таңғы күннің шуағы, ананың мейірімі, достың жанашыр сөзі, баланың күлкісі – бәрі өмірдің көркем көрінісі. Осы сұлулықты сезіне білу де – өнер.

Өмірді босқа өткізбеудің жолдары:

Мақсат қойып, соған ұмтыл; адамның өмірі мәнді болуы үшін алдына мақсат қоя білуі керек. Мақсатсыз өмір – желкенсіз қайықпен тең. Күнделікті өмірде өзіңе пайдалы іс жаса, дамуға ұмтыл. Өйткені өмір – тек дем алып, уақыт өткізуден тұрмайды. Ол – армандарға ұмтылу, жақсылық жасау, өзіңді табу жолы. Әр күн – жаңа мүмкіндік.

Уақытыңды қадірле; уақыт – қайтып келмейтін қазына. Әр сағатты, әр күніңді пайдалы іспен өткіз. Бос отырғаннан гөрі, жақсылық жаса, жаңа нәрсе үйрен, денсаулығыңа көңіл бөл. Уақытыңды бағала – уақыт алтыннан қымбат. Бүгінгі күнің – ертеңгі жетістігіңнің іргетасы.

Жақсы адамдармен аралас; өмірде сенің алға ұмтылуыңа, жақсылыққа жетуіңе әсер ететін – айналаңдағы адамдар. Позитивті, еңбекқор, адал адамдармен бірге болуға тырыс. Олар саған шабыт береді.

Жаның тыныш, жүрегің таза болсын; өмірді әдемі көру үшін ішкі жан дүниең де таза болуы керек. Кек сақтау, ренжу, өтірік айту – өмір сұлулығын көруге кедергі. Кешірімді, сабырлы, мейірімді болуға тырыс. Ішкі тыныштықты тап – кешірімді бол, реніш жинама, жүрегіңді тазартып жүр.

Кішкентай сәттердің өзін бағала; – өмір – тек үлкен жетістіктер емес, күнделікті ұсақ қуаныштардан тұрады. Таңғы шай, жақсы әңгіме, табиғатты тамашалау – осының бәрі өмірдің әсем сәттері.

Қорыта келе өмір – қысқа, бірақ ол шексіз мүмкіндіктерге толы. Сол мүмкіндікті дұрыс пайдалана білу – әр адамның қолында. Өмір – шексіз мүмкіндіктер алаңы. Оны қалай өткізу – әр адамның жеке таңдауы. Бірақ сол таңдау болашақтағы өкініштің немесе ризашылықтың негізі болмақ. Әрбір ересек жан өз ғұмырының құрылысшысы. Демек, өмірдің әдемілігі де, мағынасы да – біздің әрекетімізде, сөзіміз бен көзқарасымызда.

Бүгінгі күн – ертеңгі естелік. Сол естеліктер өкіндірмей, шабыттандырғанын қаласақ, өмірімізді босқа өткізбейік. Қолымызда бардың қадіріне жетіп, жүрекпен өмір сүрейік.

 

Қ.Салықбаев

 

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын

ұйымдастыру бөлімінің басшысы                                     

 

 

0 пікір