Елімізде шетелден келген түрлі кереғар діни ағымдар туралы көп айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ олардың ішінде түрік тариқаттары мен жамағаттары туралы мәліметтер некен саяқ. Сондықтан Түркиядан келген «Нұршы» діни ағымының қоғамға теріс әсері туралы айтуды жөн көрдік.
Бәдиүззаман Саид Нұрси 1877 жылы Түркияның Битлис уәлаятының Нұрс деген ауылында дүниеге келді. Тоғыз жасында өзінің ағасына еліктеп білім алуға бел буды. Алайда дәстүрлі медресе жүйесіне тұрақтай алмай, бірнеше медресе ауыстырған соң ауылына қайтады. Өз заманындағы белді ғұламалармен ғылыми тақырыптарда тартыстарға түсіп оларды жеңіліске ұшыратады. Кейіннен әйгілі бола бастаған Саид Нұрсиға заманының ғалымдары Бәдиуззаман яғни заманының теңдессіз тұлғасы деген лақап ат береді. Осы кезден бастап оның белсенді өмірі басталады. 84 жылдық өмірінің көп бөлігін қуғын-сүргінде, түрмеде өткізген ол Түркиядан жиырмасыншы ғасырда шыққан ең маңызды ойшылдар мен күрескерлердің қатарынан орын алды.
Ол өзінің өмірін екі кезеңге бөледі; ескі Саид кезеңі және жаңа Саид кезеңі. Ескі Саид кезеңінде ол көбінесе саяси әлеуметтік қозғалыстарда белсенді рөл алып, елдің көптеген аймақтарында қызмет етеді. Ал жаңа Саид кезеңі болса біздің тақырыбымызға қатысты. Ол кезеңде Саид Нұрси тек өзінің он төрт томнан тұратын «Рисале-и Нұр» атты жинақтарын жазумен, насихаттаумен және жан-жаққа таратумен айналысты. Бұл еңбектерін жатқа білген тоқсанға жуық кітабының сол заманға сай қайта өңдеу деп есептесек те болады.
Оның шығармаларының алты мың бетті қамтитын рисале жинақтарының кейбір негізгілері мыналар: «Сөздер», «Мектубат», «Лемалар», «Шұғалар», «Аса-и Мұса», «Месневи Нурие», «Ишаратул-Иғжаз» т.б. Бұл еңбектерін жиырма сегіз жылдай уақыт ішінде жаңа Саид кезеңінде қуғында жүрген және қамаудағы кездерінде жазып шықты.
Нұр шәкірттері, шәкірт, нұр жамағаты немесе нұршы атаулары өзін Бәдиуззаман Саид Нұрсиге қатыстыратын барлық жамағаттардың ортақ атаулары. Солардың ішіндегі ең кең тараған атау – нұршылар. Тіпті Саид Нұрсидің өз еңбектерінде де нұршы атауы кездеседі. Осының өзі нұршылықтың бір жамағат немесе қоғамдық қозғалыс екеніне айқын дәлел. Ал жамағаттар деп айтуымыздың себебі, Түркияда Саид Нұрсидің идеяларын және еңбектерін негізге алатын бірнеше жамағат пайда болды. Олардың бөлек-бөлек жамағат болуы Саид Нұрсидің өлімінен кейін орын алды. Атап айта кетсек, «Йени асия» газетін шығаратын, көбінесе интеллектуалды адамдардан құралған Йени асия жамағаты, Рисале-и Нұр кітабын бастыру, тарату, насихаттау бағытын ұстанған «языжылар» яғни жазушылар, діни қайнар көз ретінде тек рисале жинақтарын оқумен ғана шектелетін немесе соның аясында шектеулі ғана діни кітап оқитын «окуюжылар» яғни оқушылар жамағаты т.б.
«Окуюжылар» деп аталатын әлеуметтік топтың жамағат ретінде Қазақстанда жасаған қызметі, Саид Нұрсидің кітаптарын қазақ тіліне аудару десек болады. Қазірге дейін оның еңбектерінің үштен біріне жуығы және ең негізгілері саналатын томдары қазақ тіліне аударылған. Ол жамағат осы кітаптарды аударып, халыққа насихаттауды өздерінің ең басты мақсаты деп санайды.
Дегенмен жамағат өз ішінде бірнеше тармақтарға бөлінген. Бұл тармақтардың саны оншақты болып табылады. Бұл тармақтардың ішінде ең танымалы және кең ауқымда жұмыс жасап жатқаны Мұхаммед Фетхуллах Гүлен жетекшілігіндегі топ. Мұсылман әлемінің артта қалу себебі білім мен ғылымда кенжелеп қалуында деп түсінетін Гүлен тобы білім саласында жүргізген жұмыстарымен танымал. Өздерінің қызметі жүрген барлық елде білім ордаларын ашуда, жамағаттың жұмысын солар арқылы жүргізуде. Қазақстандағы қазақ-түрік лицейлері де осы жамағаттың білім ошақтары болып табылады. Әлемнің жүзден астам елдерінде мектептер ашқан бұл жамағат жылда Түркияда дәстүрлі «түрік тілі олимпиадаларын» өткізеді.
«Пантүркизмді және панисламизмді уағыздайды» - деп Нұр жамағаты Ресей Федерациясында тиым салынған. Сондай-ақ Өзбекстан билігі де бұл жамағатқа қырын қарайды.
Жалпы алғанда Түрік жамағаттары Сауд Арабиялық уахабшылар сияқты бай емес. Олардың қаржылық мүмкіндігі шектеулі. Негізгі қаржыландырушылары қарапайым жұмысшыдан үлкен кәсіпкерлерге дейінгі аралықтағы адамдар болып табылады. Олардың барлығы табыстарының белгілі бөлігін зекет, қайырымдылық, құрбан ретінде өздері байланған жамағаттарға аударып отырады. Сонымен бірге жамағаттар жағдайы төмен жастарға жатын орын, стипендия тағы басқамен қаржылай көмек беріп оларға дінді үйретеді әрі оқуын аяқтауға көмектеседі. Оқу бітіріп табыс таба бастаған жас одан кейін өмір бойы жамағатына көмектесіп отырады. Бұл жүйе түрік жамағаттарында жақсы жолға қойылған.
Қазақстанда түрік жамағаттардың көбінің тіпті олардың тармақтарының да орталықтары бар. Олар Қазақстанның барлық аймағында дерлік жайылған деуге болады. Түрік жамағаттарына байланған адамдардың саны уахабшылардан мен яссауишылардан кем болмауы мүмкін. Бірақ Түркиядағы тиымдардан сабақ алған олар тыныш жұмыс жүргізеді және өздерін қоғам өкілдерінен бөле-жарып ұстамайды. Егер интеллигенция өкілдерінің арасында таралуын салыстырсақ онда олардың саны тіпті уахабшылармен яссауишілерден де көп болуы мүмкін. Себебі түрік жамағаттарының білім саласында көбірек жұмыс істейтінін жоғарыда атап өттік. Қазірдің өзінде бақылап қараған адамға түрік жамағаттарына жұмыс жасайтын медиа мен баспаханаларды, ірі БАҚ құралдарының журналистерін ажырату қиын емес.
Ал енді бұл араб, түрік, парсы, пәкістандық жамағаттардың арасындағы Түрік жамағаттарының уахабшылардан басты діни айырмашылығы бұларда әруақты құрметтеу бар. Бұл, ислам дінін орта ғасырда қабылдаған түркі халықтарының жаңа дінді өздерінің дәстүріне сәйкестендіруімен байланысты болса керек. Яғни халықтардың арасындағы салт-дәстүр ерекшелігі әр халықтың исламды өздеріне тән етіп алуына себеп болған сияқты.
Қорыта келе «Нұршы» түрік жамағатының жалпы қоғамға теріс әсері, олардың ел аумағында қызмет етіп жатқан басқа да шетелдік діни конфессиялар, діни ұйымдар әлі де кең ауқымда зерттелу қажет. Халық көп жағдайда ерекшеліктері мен қауіптілігінен хабарсыз қаншама жамағат пен ұйымдар елімізде жұмыс жасап жатқандығы бізге беймәлім. Ендігі кезекте осы жамағаттардың әрқайсысын жекелей зерттеп, қоғамға залалын анықтау бүгінгі күннің талабы.
Түркістан облысы қоғамдық даму
басқармасының «Дін мәселелерін
зерттеу орталығы» КММ маманы Ж.Жорабек
Нұршы түрік жамағатының қоғамға теріс әсері