Нашақорлыққа салыну – болашағыңа балта шабу
Нашақорлыққа салыну – болашағыңа балта шабу
05.02.2024
1413
0

Қазіргі уақытта кейбір адамдар өміріне, мүлкіне, қоғамдағы жағдайына үлкен зиян келтіретін аурулармен ауырады. Соның бірі – «ғасыр обасы» атанған нашақорлық дерті. Нашақорлық адамды Құдай бұйырған адал өмірден айырады, отбасын құрдымға кетіріп, денсаулығына ауыр зиян келтіреді де қылмыстың жолына түседі. Атап айтқанда, қарапайым ойын-сауық, қарапайым қызығушылық, жастардың «дәмін татуы» кейіннен оған толық құмарлыққа апарады.

Жастар арасында нашақорлықтың таралуы ересектер арасында таралудан да қатерлі екені белгілі. Халықтың бұл бөлігі есірткіге тәуелді болған сайын қоғамның болашағына қауіп төнеді. Тәжірибе көрсеткендей, нашақорлықтың алғашқы қадамы 11-17 жастағы жасөспірімдер арасында жиі байқалады. Олар өлімнің не екенін терең ұғынбайтын жаста есірткіге ұрынады. Өлімнен үлкендер қорқуы мүмкін, жастар қорықпайды. Нашақор үшін өлім – өмір сүрудің мәнін жлғалтудан бастау алады. Жастар психологиясына жүргізілген зерттеулер нәтижесінде олардың орта іздейтіндігі, өзіне ұқсас жолдасы жоқ жасөспірім жапанда жалғыз қалғандай сезінетіндігі дәлелденген.                                         

Ислам дінінде өзіне және өзгеге зиян келтіру қатаң түрде айыпталған. Ал есірткіге тәуелділік екі жағдайда да адамзат баласына орны толмас қайғыға душар болуына себеп саналатын лас әрекет. Алла Тағала адамға ненің зиянды, ненің пайдалы екенін сезініп, құрдымға кетіретін істен бойды аулақ ұстауы үшін ақыл мен ой қабілетін дарытқан. Ардақты Пайғамбар (с.а.с.) хадисінде: «Адамдардың көбі қадіріне жете бермейтін екі нығмет бар, ол – денсаулық және бос уақыт»,- деген. Сондықтан да әрбір адам денсаулығының түзулігіне шүкіршілік ете білуі абзал. Осы сынды нығметтерге залал келтіру, берілген өлшеулі ғұмыр мен зор байлық саналатын денсаулықты құрдымға жіберетін түрлі зиянды әдеттерден аулақ болу әрбір ақыл иесі үшін міндет болып табылады.   Ғұлама Ибн Хажар әл-Мәккидің «Фатауа-и Исламия» атты еңбегінде адам денсаулығы мен қоғамға келтіретін ауыр зиянның 120 түрі көрсетілген. Абу Дауд риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Ойды мас қылып, тұншықтыратын нәрсенің бәрі харам»,- деп ескерткен. Ибн Сирин (р.а.) былай деген: «Өзін-өзі құрдымға тастау – Алланың мейірімінен үмітсіздіктің белгісі». Имам Бухарида келген құдси хадисте: «Құлым өзін-өзі өлтіруге асықты және берген өміріме маған шүкіршілік етпеді. Сондықтан мен оған жәннатты мәңгілікке харам еттім»,- делінген.                                                                                                                          

Бір сөзбен айтқанда, нашақорлық кез келген қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен кедергі болып табылады. Дені сау адам таңертең ертерек тұрып, жуынып, таңғы жаттығуларын жасап, тамақтанады, жұмысына барады. Бір күндік уақытын достарымен немесе жанұясымен қызықты өткізеді. Өзі қалағанындай кез келген нәрсемен айналысып, уақытын текке жібермейді. Ал нашақор адамды алатын болсақ, ол әдеттегідей тәуелділігімен, сол  есірткіні іздейді де тұрады. Бір күндік өмірі басқалардан ақша талап етумен, есірткіні қалай да тапсам деген ойлармен ғана өтеді. Басқаларды ұмытып, өз әлемінде ғана өмір сүреді. Бұл өмірлердің қайсысы жақсырақ деп ойлайсыз? Есірткіге құмар адамдардың қылмыстық істердің ауыр түрлеріне баруы жиі кездесетін жағдайлардың бірі. Осы қатермен күресудің негізіесірткінің таралуы мен қолданылуына шек қою. Сонымен қатар, тәуелді ететін есірткі заттарының рух және тән саулығына келтіретін зияндары жайлы кеңінен ақпарат беру. Отбасы қатынастары және қоғамдық байланыстар тұрғысынан жағымсыз нәтижелерге көзінің жетуін қамтамасыз етіп, зиянды заттарды ұсынғандарға қалай «жоқ» деп айту керектігін үйретуіміз қажет. Ең бастысы, жастарға зиянды заттар мен оларды қолданудың нәтижелерін түсіндіргеннен қорықпау керек. Түсіндірме жұмыстары арқылы олардың қызығушылығы артып кетпейді. Керісінше, дұрыс мәліметі болмаса әсіре күшейтілген өтірік мағлұматтар оны еліктіріп, қызықтырып әкетуі бек мүмкін. Сондықтан бұл зұлымдыққа тойтарыс беру әрқайсымыздың міндетіміз.

 

Б.Шаймерден 

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

«Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру» бөлімінің

 маманы                                                                                     

 

0 пікір