Намазхан жар іздеймін немесе...
Намазхан жар іздеймін немесе...
19.02.2020
3411
0

Үйленбеген жігіт ағаларымен әңгіме-дүкен құра қалсаңыз олардың көзқарасы бойынша отбасы құруға лайықты қыз жоқ. Есесіне тұрмысқа шықпаған қыздардың кейбіреуінің көзқарастары да жігіттердің ұстанымдары секілді, ер азамат болып арқа сүйер жігіт жоқ. Енді қайтпек керек?! Кешегі «он үшінде отау иесі» - деген ұстанымды өмірлік бағыт еткен халықтың бүгінгі ұрпағы орда бұзар отызға келгенде де қу тізесін құшақтап бойдақ атанып жүр.

Дін саласында біршама жылдан бері қызмет атқарып келеміз. Түрлі тақырыптарда жастармен әртүрлі форматта кездесулер күн сайын өткізіліп жатады. Сол кездесулерде көпшілік жастардың қоятын сауалы да отбасы құру төңірегінде болып тұрады. Жігіттер қауымы салихалы жар іздейді, олар намаз оқыған, ер жігітті тыңдайтын, өзін һәм ата-анасын құрметтейтін қыз болса екен дейді. Қыздар жағы да осы көзқараста. Отбасының ауыртпалығын көтере алатын жігіт, тұрмыстың арбасын дөңгелететін пысық, өзіне ғана көңіл бөлетін сері, жамандық атаулыдан ада адам болуын қалайды. Бірақ, біз осы қойып отырған талаптарға өзіміз сай келеміз ба деген сауал көпшілік жастардың санасына кіріп-шықпасы анық.

Жарайды, кейбір жігіттерді көз көрді, өзі іздеген намазхан қызды тауып отбасын құрды. Дегенмен арадан уақыт өтіп, шаңырағы шайқалып жатқандар да жоқ емес. Онсыз да біз ажырасу жөнінде әлемде алдыңғы қатарлы мемлекеттердің құрамына кіреміз. Көпшілік жастар намаз оқыса болды бақытты боламыз деген қатаң қағиданы да ұстанатындығы байқалады. Біз мұнымен намаз оқитын әпке-қарындастарымызды, аға-інілерімізді, бауырларымызды жамандап жатқанымыз жоқ, тек құлшылықтың сыртқы көрінісіне қарап баға беруге асықпаңыздар дегіміз келеді. Себебі, ислам діні үлкен үш негізге құралған. Біріншісі, иманы, Аллаға, періштелер мен кітаптарға, пайғамбарларға, тағдырға, ахиретке деген сенімі. Екіншісі, амалдар, намаз, ораза, зекет, қажылық секілді құлшылықтарымыз. Ал, үшіншісі ихсан. Бұны адам баласының мінезі көркем болуды талап ететін үлкен мектеп деп атауымызға болады. Міне жоғарыда аталған үш мәселе бір арнаға тоғысқанда ғана адам баласы һәкім Абайдың тілімен айтқанда кемілдікке жетеді. Өкінішке орай қазіргі қоғамда кейбір жандар құлшылықтың сыртқы формасын мақамына жеткізіп орындағанымен, кемел адамға жеткізер көркем мінезді ұмыт қалдыруда.

Ал, енді әйел деген кім? Отбасын құрғанша аялап, үйленгеннен кейін бар қорлықты көрсетердей ол бейбақ бізге не жамандық жасады? Бар кінәсі ғұмырын әкенің алдында, ананың аялы алақанында өткізіп, сәті келгенде біздің етегімізден ұстап бізге жар болғаны ма?! Ақ некемен аманаттап алған адал жарды қорласақ, өзіміз өзгеден не бақыт күтпекпіз? Керісінше, әйелімен жақсы қарым-қатынас жасап, ер адам мінезінің көркем болуына келсек, Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Көркем мінезді мүмін иманның ең жоғарғы сатысында болып табылады, ал араларыңдағы ең жақсыларың - әйелдеріңе жақсы қарағандарың (жақсы қарым-қатынаста болғандарың)» - деген.

Мұсылманның бұл дүниеде таухид сенімнен кейінгі тапқан ең қымбат олжасы – иманды әйел. Пайғамбарымыздан (с.а.с.) жеткен хадисте:

 «Мына жалған бүтіндей өткінші дүниеден құралған. Бұл жалғанның ең қайырлы дүниесі –  ізгі әйел»,- деген.

Әйел – ер азаматтың үй бикесі, өмірлік жолдасы және перзенттерінің анасы. Сонымен қатар, мұсылманның ар-намысы мен мал-мүлкін сақтаушы да сол әйелі. Егер ер жігіттің таңдап қосылған қосағы ізгі болса, дүниеде берілген жақсылықтардың бірі осы болмақ.

Алаштың Абайының мына бір өлең жолдары жар таңдаудың тамаша формуласы бола алады:

«Жасаулы деп, малды деп байдан алма, 

Кедей қызы арзан деп құмарланба. 

Ары бар, ақылы бар, ұяты бар 

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма».

Абай Құнанбайұлы айтқандай кейбір жігіттер қыз баланың әкесінің байлығы мен мансабына да көз тігіп жатады. Жігіттер маңдай терін төкпей қыз төркіні есебінен тұрмысын түзеп, бай болам десе, бейшара кейіпке енеді. Қазақта «Кедейлік ұят емес, байлық мұрат емес» дегендей, әрбір ер азамат ризық-несібесін өз еңбегімен тапқанға не жетсін?! Ал, жар таңдауда үлкен болашақты ойлау керек. Таңдап тұрған қыздың ертеңгі күні әке-шешеге ибалы келін, перзенттерге перизат ана, ал өзіне адал жар болуын ойлағаны жөн. Ең дұрыс таңдау осы.

Шындап келгенде ата-ананың мақсаты баласының бақытын көру. Келіннің тамағынан бұрын қабағын бағатын ата-енелер де жоқ емес. Топтай келгенде үйдің шырайын кіргізер жақсы жарды бәрі де қалайтыны анық.

Қорыта айтқанда, бозбала мен бойжеткеннің бір отаудың астында баянды өмір кешуі үшін ата-ананың, қоғамның, туған туыстың атқаратын рөлі ерекше. Осыны ескеріп, жар таңдау мәселесіне ата-ана араласса, ағайын-туыс, тілектес жандар ақыл айтса, Аллаға алақан жайылса, жастар жоғарыдағы қағидаларға жүгінсе – Аллаға жағатын азаны, ағайынға жағатын қазаны, баламен қызған базары болатын отбасылар көбейеді деп сенеміз.

Бойдақ жүрген ерлерімізге көз қуанышы болатын иманды әйел, қаракөз қыздарымызға діні берік, мінезі көркем күйеу, ерлі-зайыптыларымызға қайырлы, иманды ұрпақ нәсіп етсін дегіміз келеді.

 

 

«Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру

және үйлестіру» бөлімінің басшысы Медет Мұзапбарұлы

0 пікір