Мұсылман мұсылманның бауыры!
Мұсылман мұсылманның бауыры!
22.09.2020
2083
0

 «Түп-түгел Алланың жібіне (Құранға)

жабысыңдар да бөлінбеңдер.

Сондай-ақ өздеріңе Алланың

берген нығметін еске алыңдар»

(Әли-Имран сүресі, 3/103-аят).

 

Бүгінде Ислам әлемінде мұсылмандар түрлі жамағат, мәзһаб, топ, ағым, ұйым, партияға бөлініп талас-тартыс, жаға жыртысу, тіпті бір-біріне қару кезеніп жайратып салғандардың да куәсі болып жүрміз. Өте өкінішті жайт. Неге бұлай болды? Кім кінәлі? Мұның бір шешімі бар ма? Ендеше шағын ғана мақаламызда, түйіні темірден түйілген тақырыпты тарқатып көрейік.

Сенім негіздерінің барлығына бірдей иман келтірген, Жаратушыны бір деп танып, бір кітапқа жүгініп, бір пайғамбардың артынан ерушіміз деген жандардың арасындағы бөліну, алауыздық, талас-тартыс, бір-бірін жек көру, сәлем бермеу, тіпті шыбын құрлы көрмей өлтіре салуының белең алуы мәселенің салдары.  Осындай салдарды тізбектей беруге болады. Бірақ, біздің мақсатымыз бұл емес. Егер кез келген мәселенің шешілуін көздеген болсақ, ең алдымен себебін анықтауымызға тура келеді. Ендеше, себебіне үңілейік.

Біріншіден, мәселенің өзегін улап жатқан ең үлкен себеп – сауатсыздық. Осы ретте, әрбір жамағаттың ұстазы, яки шейхы, көсемі бар, том-том кітаптар жазылып жатыр, сондықтан оларды қалай сауатсыз, білімсіз деуге болады деген сауалдың туындауы заңды. Әрине, сауатсыздықты оқып, жазуды білмеумен шектеуге болмайды. Сауатсыздық – мәселенің шеңберін тарылтып, мәнісіне толыққанды зерделеу жүргізбей, өзіне берілген ақпаратты салыстырып, саралап жатпай жартылай, біржақты таным қалыптастыру.

Екіншіден, ақпараттың ақ-қарасын, дұрыс-бұрысын, жалған-шындығын ажыратуға мүмкіндік беретін ақылды дұрыс қолданбау. Жамағат мүшелері өз-өздерін былай алдап, жұбатады: «мен ақылымды барынша қолданып, бұл жолға саналы түрде келдім, өз таңдауым». Алайда ақылдың мүмкіндіктерін жан-жақты қолданбау мәселені толық көре алмауға, біржақты шешім қабылдауына түрткі болады.

Үшіншіден, ұстаздары мен өзінен алдынғылардан көргендерін сүзгісіз қабылдап, өзінен кейінгіге жеткізетін қасаң қағиданың құрбаны болу. Ендігі бір тілмен айтқанда мұрагерлік. Айталық, қандай отбасыда дүниеге келіп, қандай қоғамда өмір сүрсе, солардың сенімі мен ұстанымына қарай бейімделіп өсу. Яғни, ата-анасы, жақын құрбысы, ұстазы қандай дінде болса сол дінді қабылдау. Бұл жолдың жалғасуының ең басты тетегі – отбасындағы тәрбие мен қоршаған ортаның ықпалы. Осылайша оның ұстанымы аты бар, заты жоқ дүниеге айналып шыға келеді.

Төртіншіден, өзімдікіні өзгертпеймін деген өзімшілдіктен туындайтын – бірбеткейлік. Бұл өте қауіпті құбылыс. Өйткені, бірбеткейлік – бөлінушілікке түрткі болатын ең басты негіздердің бірі. Ал көрсоқырлық адамды ешқашан көгертпейді.

Бесіншіден, мұсылмандардың арасында өзінің ұстанымы, пікір-көзқарасына байланысты талас-тартыстың күшеюі. Талас-тартыстар мұсылмандардың бірлік-ынтымағына сызат түсіреді.

Алтыншыдан, сыртқы факторлардың ықпалы. Бұл мәселеге, саяси, экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық жайттар кіреді. Мұсылмандардың осыншалықты құлдырауына бірден-бір себептердің бірі осы. Яғни, мұсылмандардың арасына түрлі саяси ойындар ұйымдастырып әлсірету. Мұны аңғару үшін әрине, саяси сауаттылықтың жеткілікті дәрежеде болуы шарт.

Әрине, мәселенің себептерін осы айтылғандармен ғана шектеуге болмайды. Дегенмен аталмыш себептерге мән беріп, түзетілетін болса, бірқатар мәселенің шешімі табылатыны сөзсіз.

Кез келген иманды пенде Құранды Алланың кәламы деп мойындайды. Сондай-ақ Құранды басшылыққа аламын, оны ұстануға тырысамын дейді. Алайда, жоғарыдағы талас-тартыс, жаға жыртыс, бір-бірін жек көру, өлтіргенін көргенде бұл тек қана сөз жүзінде екенін еріксіз мойындайсың. Тіпті Құрандағы мына аят, қоғамдағы бүгінгі көріністің басты тетіктерінің бірін тілге тиеп отырғанына көз жеткізесіз:

«Пайғамбар: «Раббым! Рас менің елім бұл Құранды тастап қойды» деді» (Фұрқан сүресі, 25/30).

Құрандағы құндылықтардың құнын білмегендіктен болар, барша мұсылманның айтатын «Мен Құран мен Сүннетпен жүремін, оларды басшылыққа аламын» деген сөзі, құрғақ сөзге айналғандықтан осындай халге душар болып жүрміз. Егер Құранды тастамағанымыз ақиқат болса, мына аяттарға амал еткен болар едік: 

«Өздеріне ашық дәлелдер келгеннен кейін сондай бөлініп, қайшылыққа түскендер тәрізді болмаңдар. Міне соларға зор азап бар» (Әли-Имран сүресі, 3/105-аят).

Келесі бір аятта былай келеді:

«Түп-түгел Алланың жібіне жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар» (Әли-Имран сүресі, 3/103).

Алланың Елшісі аяттағы «Алланың жібі» деген сөзді «Құран» деп тәпсірлеген (Мүслим, Акдия 10, Фәдаилус-Сахабә 37; Тирмизи, Мәнакиб 31).

Алланың жібі – Құран. Ендеше, Құранда кез келген мәселенің басты шешімі мына бұйрықпен басталады: 

«Оқы!»

Ислам тарихына көз жүгіртіп қарайтын болсақ, Ислам дінінің адамзатқа жарық сәулесін түсірген алғашқы дәуірі араб тарихында «жәһилия дәуірі» яғни надандық, білместік кезеңі, деген атпен қалды. Міне, адамзаттың адам деген атқа кір келтірген аянышты дәуірде, Алланың алғашқы аятының «иқра», яғни, «оқы!» деп келуінің өзіндік себебі бар. «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!», (Алақ сүресі, 96/1)  деп басталуы тектен-тек емес. Раббымыз адамзатқа жіберген үндеуін намаз оқы, иман келтір, не ораза ұста деп емес «Оқы» деген әмірмен бастауы оқу-білімнің маңыздылығын көрсетеді. «Оқы!» деген әмір, тек кітап оқу емес, өзіңді тану, өмірге келудегі мақсатыңды ұғыну, әлем атты кітапты зерттеп-зерделеп оқу. Бір сөзбен айтқанда оқудың барлық түрін қамтиды.

 Хакім Абай «Ғылымсыз ақырет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды» деп ғылым-білім іздену мен оның орны жайлы тамаша ой түйген.  

 

Ақылды дұрыс қолдану

Адамның басқа жаратылыстардан айырмашылығы ақыл иесі болуында. Ақыл жоқ жерде білім-ғылым жайлы сөз қозғау әбестік.

Құран Кәрімнің 275 жерінде «Ойланбайсыңдар ма? Ақылға салмайсыңдар ма?» деп мұсылмандарды ойлануға үндеген.

Ал ақыл жұмсап, ой жүгіртпегендерді жазасыз қалдырмайтындығы Құран Кәрімде былай баяндалған:

«Алла кір-қоқысты ақылын істетпейтіндердің үстіне салады!» (Жүніс сүресі, 10/100-аят).

Ақыл жұмсамағандардың ақыреттегі өкініші Құранда былай білдірілген:

«Олар: «Егер біз сөзге құлақ салып және ақыл жұмсағанымыз да ғой, тозақтықтар қатарында болмас едік» деп өкінеді» (Мүлік сүресі, 67/10-аят).

Ақылды дұрыс жұмсаудың жолы өзіне берілген ақпаратқа салыстырмалы түрде қарап, дұрыс таңдау жасау. Құран аятында сөз тыңдап, олардың арасында дұрыс таңдау жасағандарды ақылды адамның басты сипатына жатқызған:

«Сондай сөзге құлақ салып, сонда оның ең көркеміне ілесетіңдер, міне солар, Алла өздерін тура жолға салғандар. Ал міне солар, ақыл иесі» (Зүмәр сүресі, 39/18-аят).

 

Көзсіз ілесу

Құран көз жұмып, көзсіз еруді қатты сынға алады. Бұл өз кезегінде, ақиқатты көруге тосқауыл болады.   

«(Мекке мүшріктеріне) Алла түсірген (Құранға) бой ұсыныңдар делінсе, олар: «Жоқ, үстінде ата-бабаларымызды тапқан жолға ілесеміз» деді. Егер аталары еш нәрсені түсінбеген әрі тура жолда болмаған болса да ма? (Сонда да солардың жолымен жүре ме?)» (Бақара сүресі, 2/170-аят).

Сондай-ақ көшбасшылары мен үлкендердің сөздерін сүзгіден өткізбей қабылдаудың соңы өкінішке соқтырады. Мұндай ермелердің ақыреттегі шағымдары тағы сол Құран Кәрімде былай баяндалған:  

«Раббымыз! Басшыларымызға, үлкендерімізге бой ұсындық та бізді солар адастырды» дейді» (Ахзаб сүресі, 33/67-аят).

 

 

 

Талас-тартыстан сақтану

Құранда бөлінушілікке, күш-қуаттың кемуіне түрткі болатын басты себептердің бірі – өзара талас-тартысқа бой алдыру.  Мұның соңы бірлік-ынтымақтың ортасына сызат түсіріп, әлсіреп ыдырауға ұшыратады. Бұл жайлы Құранда былай баяндалған:  

«Аллаға және Оның Елшісіне бойұсыныңдар және өзара тартыспаңдар. Олай болса рухтарың түсіп, күш-қуаттарың кетіп қалады» (Әнфал сүресі, 8/46-аят).

 

Мүминдер бауыр

Келесі бір Құран аятында мұсылмандардың бір-бірлерінің бауыры әрі досы, қамқоршысы екенін білдірген:

«Шын мәнінде, мүминдер бауыр. Сондықтан екі бауырыңның арасын жарастырыңдар. Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөленерсіңдер» (Хұжрат сүресі, 49/10-аят).

Нұғман ибн Бәшир (р.а.) риуаят етілген бір хадисте Алла Елшісі (с.а.с) былай бұйырған: «Мұсылмандар бір-бірлерін жақсы көру мен бір-бірлеріне қамқорлық көрсетуде бір дене сияқты. Дененің бір жері ауырғанда, басқа ағзалар да соның себебінен ұйқысы қашып, дене қызуы көтеріледі» (Бұхари, Әдеп 27; Мүслим, Бирр 66). Міне, жоғарыдағы аяттар мен хадис иман келтіргендердің бір-бірімен бауыр екендігін әрі жығылғанына демеу, сүрінгеніне сүйеу болу керектігін айқын көрсетеді.

Ислам дінін қабылдаған Жапон елінің азаматынан «Исламды қабылдауыңа не себеп болды?» деп сұралғанда «Шын мәнінде мүминдер бауыр» (Хұжрат сүресі, 49/10-аят) деген аятты оқығаннан кейін «Мұсылман болдым» деп жауап берген екен. Өйткені мұндай бауырмашылық адамдардың ұлты, түрі мен түсі, тегі, ағайын-туыстыққа қарамайды. Алайда дініміз талап еткен бауырмашылықтың үлгісін бір-бірімізге көрсете алмасақ, ондай жағдайда әлі де Ислам жайлы мәліметіміздің аздығын, дінімізді дұрыс тани алмағанымызды білдіреді. Бұл бауырмашылықтың негізі имани достықта. 

Құран Кәрімнің келесі бір аятында бұл жайлы былай баяндаған: 

«Иманды (мүмин) ерлер мен иманды (мүмин) әйелдер – бір-біріне дос, қамқоршы» (Тәубе сүресі, 9/71-аят).

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистері Құран аяттарын қуаттап, әрі тарқата отырып бірлікке шақырып, бөлінушіліктен қайтарады.

«Қоштасу хұтбасы» деген атпен Ислам тарихына енген Пайғамбар лебізі барша мұсылмандарға, күллі адамзатқа мәңгі өшпейтін өмір өлшеміне айналды. Сол хұтбада мұсылман мұсылманды бауыр деп есептеу керектігі жайлы айтып өткен: «Сөзіме құлақ қойып, зерделеңдер! Мұсылман мұсылманға бауыр. Олай болса барлық мұсылмандар бір-бірінің (діндес) бауырлары. Діндес бауырларыңның разы болмаған жағдайда ақысын жемеңдер».

Мұның барлығы барша үмбетке айтылған нақты үндеулер. Ислам діні мұсылмандардың ынтымақ-бірлігіне баса назар аударады. Сондықтан да Құранның мұсылмандардың арасындағы бауырмашылықты нығайта түсетін дұғасын әрдайым оқып, онымен амал етуді ұмытпайық! 

 

 

                                                          Түркістан облысы Төлеби ауданы

                                                          Леңгір қаласы Мәуліт мешітінің

                                                          имамы

                                                          Саурбаев Үсен Мырзаханұлы

0 пікір