Міржақып Дулатұлы – қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырған, ұлттық сананы оятуға ұмтылған рухани көшбасшы. Ол – қазақ көсемсөзінің негізін қалаған, Алаш қозғалысының алдыңғы шебінде жүрген ұлтжанды тұлға.
Міржақып 1885 жылы Қостанай өңірінде дүниеге келіп, бастапқы білімін ауыл молдасынан алады. Торғайдағы екі сыныптық мектепте оқып жүрген кезінде Ахмет Байтұрсынұлымен танысып, ұлттық ағартушылық бағытқа бет бұрады. Бұл кездесу оның болашақ бағыт-бағдарына зор әсер етті.
1907 жылдан бастап «Серке», «Қазақ», «Айқап» басылымдарында мақалалар жариялап, елдің саяси-әлеуметтік мәселелерін көтерді. 1909 жылы Уфа қаласында Міржақыптың «Оян, қазақ!» атты өлеңдер жинағы жарық көреді. Бұл кітап қазақ халқын оянуға, білімге, елдікке үндейтін, ұлттық сана-сезімді көтеруге бағытталған алғашқы әдеби-публицистикалық еңбектердің бірі болды. «Оян, қазақ!» деп халыққа жолдаған үні – отарлық бұғауда қалған елдің еңсесін көтеріп, оянуға үндеген серпіліс еді. Бұл ұран Міржақыптың шығармашылық жолының символына, ал өзі – елдің оянуына себепкер болған ағартушының бейнесіне айналды.
Міржақып Алаш қозғалысының белсенді мүшесі ретінде 1917 жылғы жалпыұлттық Алаш партиясының құрылуына атсалысты. Ол Алаш автономиясы мен Алаш Орда үкіметін құруға белсенді қатысып, ұлттың өз мемлекеттігін қалыптастыру идеясын дәріптеді. Сонымен қатар, «Қазақ» газетін шығаруға қатысып, ұлт баспасөзінің дамуына зор үлес қосты.
Міржақып Дулатұлы – ұлттық рух пен еркіндік идеясын ту еткен, өз халқының жарқын болашағы үшін күрескен ұлы қайраткер. Оның әдеби мұрасы мен саяси еңбектері бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалауға жол ашқан рухани қазына болып табылады. Бүгінде оның есімі ел есінде – мектептер мен көшелерге аты берілген, шығармалары қайта басылып, ғылыми зерттеулерге арқау болуда.
Міржақып Дулатұлы – өзінің бүкіл саналы ғұмырын ұлтының болашағына арнаған, сөзімен де, ісімен де қазақ елінің тәуелсіздікке ұмтылысын бейнелеген тарихи тұлға. Оның мұрасы – рухани қазына, ал есімі – ұлт жадында мәңгі сақталар ардақты есім.
Бүгінде Міржақып Дулатұлының дүниеге келгеніне 140 жыл толып отыр. Қазақ руханияты мен тәуелсіздік жолындағы күресте ерекше орын алатын бұл тұлғаның мұрасы – тек өткеннің емес, бүгінгі ұрпақ үшін де баға жетпес қазына. Алаш ардақтысының азаттық жолындағы еңбегі, ағартушылық қызметі мен көсемсөздері – ұлт санасын оятуда маңызды рөл атқарды. 140 жыл өтсе де, оның елге деген жанашырлығы, ұрпаққа аманат еткен мұраттары бүгінгі күнде өзектілігін жойған жоқ. Міржақып Дулатұлы – мәңгілік ел идеясының жаршысы, ұлт болашағына жол сілтеген шамшырақ.
Міржақып Дулатұлы – қазақ халқының рухани оянуына үлес қосқан қайраткер, ұрпақ санасын сергіткен ағартушы. Оның шығармашылығы мен саяси қызметі бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның дамуына рухани бағыт беретін бағдаршам іспеттес. Міржақыптың идеялары мен еңбегі – тек өткеннің емес, қазіргі күннің де өміршең қазынасы, ұлттық сана мен мәдениетіміздің алтын тірегі болып қала береді.
Ұ.Тұрсын
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің маманы

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru