Мемлекет және зайырлылық
Мемлекет және зайырлылық
05.05.2022
591
0

«Зайырлылық» сөзінің мәні мемлекеттің діннен, діннің мемлекеттен бейтараптылығы және ар-ождан бостандығы. Зайырлылық сипаты – ізгілік пен қажеттілік. Өркениетті елдер зайырлылық дәстүрін таңдауда. Зайырлы мемлекет – азаматтардың дін ұстану еркіндігі мен діни мекемелердің мемлекеттен бөлінуін білдіреді. Дін мемлекеттік саясаттан тыс. Қазақ елінде мемлекеттік деңгейдегі ресми дін жоқ. Конституция бойынша діни партия құруға жол берілмеген. Мемлекеттік органдар Конституция негізінде салалық заңдарды басшылыққа алып жұмыс істейді. Қазақстанның әр азаматы ұждан бостандығын пайдаланады. Дін ұстану немесе атеист болу – әркімнің өз еркінде.

Зайырлылық – әр адамның дүниетанымдық еркіндігін құптай отырып, қоғамның рухани саласындағы ой-сананың көптүрлілігін мойындау.  Ал зайырлы мемлекет осы көптүрліліктер арасындағы қарым-қатынастың құқықтық негіздерін қамтамасыз етеді. 

Зайырлылық қазіргі әлемдегі көптеген елдердің құқықтық мемлекет ретінде қалыптасып, әрекет етуінің басты қағидаттарының бірі болып саналады. Саяси-құқықтық тұрғыдан зайырлылық мемлекеттік басқару мен әлеуметтік қатынастарды реттеудің діни құқық нормаларынан ажыратылғанын білдіреді. Мемлекеттің зайырлы сипаты оның діннен ажыратылғанымен ғана емес, сонымен қатар атеистік дүниетанымның және басқа да бір дүниетанымның басымдылығын мойындамайтынымен де сипатталады.

Заманауи мағынадағы зайырлылық қағидасы Еуропада пайда болған. Тарихнама тұрғысынан алғанда зайырлылықтың отаны Франция болып саналады. Дегенмен діннің мемлекеттен бөлінуі Ежелгі Антикада байқалған. Қазіргі әлемдік тәжірибеде мемлекет пен дін қарым-қатынасының екі типі кең таралған. Біріншісіне сәйкес – мемлекет діннен ажыратылған, екіншісінде мемлекеттегі белгілі бір дінге (дәлірек айтсақ, конфессияға немесе діни ұйымға) басымдық немесе мемлекеттік мәртебе беріледі. 

Мемлекеттің Атазаңымен бекітілген зайырлылық сипаты – оның іргетасы, мемлекеттің ерекше сипаты. Зайырлылық қағидаты – азаматтардың дүниетанымында, көзқарасы мен діни ұстанымында, күнделікті өмірінде ерекше орын алатын құбылыс.

Еліміздегі діни ұстаным қоғамның бойына зайырлылық пен зиялылықты, имандылық пен салауаттылықты, ұлттық дәстүрмен рухани құндылықтарды дәріптеп, оларды этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынастарды құрметтеу мәдениетіне, дүниетанымдылық пен төзімділікке және этикалық әдетпілікке қалыптастырады. ХХІ ғасырдың әлемдік тәртібі мен бет-бедері айқын болған қазіргі кезеңде демократияны ұлықтайтын зайырлы мемлекеттегі діни ұстаным шын мәніндегі әлемдік өркениетті, адами құндылықтарды, еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қоғамның рухани кемелденуіне қызмет ету керек.

Зайырлы мемлекет азаматтық қоғамның құрамдас элементі ретіндегі діни бірлестіктердің қызметін де реттеп отырады. Мемлекеттің зайырлы сипаты азаматтық қоғам субъектілерінің заңдар мен құқықтық нормаларды қатаң сақтауын және өз қызметтерін осы құқықтық, заңнамалық шеңберде жүзеге асыруын талап етеді. Мемлекет пен қоғам үшін діни алауыздық пен тағатсыздықтың өршуі қаншалықты қауіпті болса, заңдардың, адам құқықтары мен бостандықтарының аяққа басылуы да соншалықты қауіп туғызады. Бірінші жағдай діни фанатизмді туындатса, екінші жағдайда құқықтық нигилизм өріс алады. Зайырлылық сұхбатқа, өзара ынтымақтастық пен түсіністікке негізделе отырып, ал зайырлы мемлекеттілік заңдылық пен құқыққа негізделе отырып, аталған қауіптерден арылуға мүмкіндіктер ашады. Осы негізде зайырлылық – мемлекеттілік пен ұлттық қауіпсіздіктің берік тұғыры болып табылады.

 Зайырлы мемлекет – өз елінің кез келген азаматына заң алдында және қоғам арасында тең болуын қамтамасыз етеді. Сол себепті, зайырлылық ұстанымы мемлекет пен діннің өзара қарым-қатынасын реттейтін ең басты тетік, қоғам тұрақтылығы үшін де ең басты құндылық. Зайырлылық ұстаным – мемлекеттің баяндылығына қызмет ететін, азаматтарының құқықтарының қорғалуы мен сақталуына, бақытты, баянды болуына жеткізетін ең басты шарт екендігін ұмытпайық! 

 

Б.Абдрахман

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелер зерттеу орталығы» КММ – нің

теолог маманы                                                                               

0 пікір