Мәзһабсыздық – қауіпті жол
Мәзһабсыздық – қауіпті жол
21.10.2024
458
0

Қазіргі таңда кейбір азаматтардың: «Құран, сүннет, салафилер жолын ұстанамыз»,- деп мүжтаһид имамдарға еріп, бірлікте ғибадат етіп жүрген мұсылмандар қауымын жікке бөліп, түрлі бүлік тудырып жүргені өкінішті.

Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.) имам Бұхари және Мүслимде келген хадисінде: «Адамдардың ең жақсылары менімен бірге өмір сүргендері, сосын оларға ергендер, сосын оларға ілескендер»,- деген.

Бұл кезең – сахабалар, табиғиндер және тәбаға табиғиндер дәуірі. Міне, осы кезеңдер салафи салихтер заманы. Бұл мәселені өздерін «салафиміз» деп жүрген жалған ағым өкілдері жақсы білсе де, алдыңғы алтын үш ғасырдағы үкімдерден кейінгі шыққан барлығы «бидғат» дейді. Бірақ, өздері аталған сөздерінің кері тарапын ұстанады. Ислам әлемі бірауыздан қолдаған төрт ұлы ғалым имам Ағзам әбу Ханифа, имам Ахмад Ханбали, имам Шафиғи және имам Маликтің жолын ұстанушыларды адасқанға балап, Ибн Таймия мен Ибн Қайюм секілді басшыларының сөздерінен өзге ештеңені мойындамайды. 

Бұл ағымның тарихына үңілсек, олар хижридің төртінші, миләди оныншы ғасырда пайда болған. Бұл туралы ғалым Әбу Захра өз еңбегінде: «Салафия дегеніміз хижри төртінші ғасырда пайда болған топты білдіреді. Олар ханбали мәзһабына жататын және «Біздің көзқарастарымыз бен пікірлеріміз Ахмад ибн Ханбалдың ойларына барып тіреледі»,- деген. Кейінірек хижри жетінші ғасырда бұл бағытты Ибн Таймия қайта жандандырып, көптеген мәселелерге жаңалық енгізді. Одан кейін хижридің он екінші ғасырында бұл көзқарастар Араб түбегінде қайта жанданып, бұл жұмысты Мұхаммед ибн Абд әл-Уаххаб жасаған»,- деп мәлімдеген.

Демек, псевдосалафилер Араб түбегінде үш кезеңнен тұратын өз ойлары мен көзқарастарын дамытты. 1970-1980 жылдары алғашында сағат шебері болған және тағайындалған ұстаздан тәлім алмаған Насруддин Албани есімді адам осы идеяларды насихаттап, «уаххаби» атын «саләфи» деп өзгертті.

Псевдосалафизмнің негізін салушылар өмір сүрген кезеңді алып қарасақ, сол кездегі ірі ғалымдар салафизм идеясын таратушы ағымның негізін салушыларға ғылыми теріс пікірлер айтып, олардың жолының қателігін дәлелдеген. Атап айтқанда, Ибн Таймия өз заманының көптеген ғалымдары, қазылары мен фақиһтары тарапынан сынға ұшыраған. Жалған сенімдері үшін бірнеше рет түрмеге жабылған. Ибн Таймияның шәкірті Имам Заһаби ұстазына хат жазып, жалған сенімінен қайтуды сұраған.

Хижридің он екінші ғасырында өмір сүрген, жалған салафизм идеясын кең көлемде таратуға тырысқан Мұхаммед ибн Абдул-Уаххабқа өз дәуірінің ғұламалары сөгіс айтқан және әкесі мен ағасы оның ұстанған бағытының дұрыс емес екенін айтып, оған қарсы кітап та жазған болатын.

Ғалым Әнуар шах Кашмири өзінің әйгілі «Файдул Бари» еңбегінде Мұхаммед ибн Абдул Уаххаб туралы: «Мұхаммед ибн Абд әл-Уаххаб Нәжди білімі аз ақымақ адам еді. Ол біреуді күпірлікпен айыптауға тырысты. Оған күпірлік пен оның себептерін жақсы білетін, күпірлік ғылымын жетік меңгерген адам ғана кіре алады»,- деп пікір білдірген.

Бүкіл Ислам қауымы қаншама ғасырлардан бері мойындайтын әрі құрметтейтін төрт фиқһ мәзһабын кейбір «мәзһабсыздар» жоққа шығарып, олар туралы лайықсыз сөздерді айтып жүргендігін құлағымыз шалады. Мәзһабтан бас тарту – салафи салихтардың жолынан бас тарту деген сөз және ешбір күмәнсіз бұл іс адасушылыққа апарады. Өйткені, имам Тахауи, имам Қудури, имам Сарахси, имам Ғазали, имам Науауи, Бурхануддин Марғинани және көптеген мужтахид ғалымдардың өзі төрт мазһабтың бірін ұстанған.

Осы орайда, ғалым Мұхаммед Сайд Рамазан Бутидың сенімге селкеу түсіріп, ірітқі тудыратын ғалымсымақтарға қарсы: «Мәзһабсыздық – Ислам шариғатына іріткі салатын қауіпті бидғат»,- деген сөзі ақиқат екендігіне тағы бір рет көзіміз жетеді.

Фиқһ мәзһабтарының қалыптасу тарихын зерттеп, олар жайлы көбірек нақты ақпараттар алған сайын тамыры тереңде жатқан сахабалар мен табиғиндер қалыптастырған сара жол екендігіне көзіміз жетеді және кейбір мәзһабсыздар мен атой салып жүрген жалған салафилердің: «Мәзһаб ұстану – бидғат», «имамға еру – сүннеттен бет бұру»,-деген секілді әңгімелерінен бүліктің иісі аңқып тұрғандығын байқауымызға болады.

 

      Б.Шаймерден

      Түркістан облысының дін істері басқармасы                                             

     «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің                                        

     Мақтаарал, Жетісай ауданындағы маманы                            

 

 

 

0 пікір