Ислам діні адамзатты өзара ынтымақ пен пен татулыққа, бірлік пен сүйіспеншілікке шақырады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әнбия» сүресінің 92-аятында: «Міне барлығың сенімі ортақ бір үмбетсіңдер. Ал Мен Раббыларыңмын. Ендеше Маған ғана құлшылық етіңдер», – деп бұйырған.
Ардақты Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандарды: «Бір-біріңді жек көрмеңдер, бір-біріңе көреалмаушылық қылмаңдар, бір-біріңнен теріс айналмаңдар! Уа, Алланың құлдары! Бір-біріңе бауыр болыңдар!», – деп мұсылмандарды бауырмалдыққа шақырған (имам Бұхари, Мүслим).
Мұсылман жамағатының бірлікте болуына ықпал ететін негізгі себеп – бір сенімде, бір мәзһабта болу. «Мәзһаб» сөзі «жол, бағыт, көзқарас» деген мағыналарды білдіреді. Ал шариғатта арнайы тәсілдер, ережелер арқылы Құран мен сүннеттен шығарылған үкімдер мен көзқарастар жиынтығына «мәзһаб» делінеді.
Мәзһабты бөліну емес, керісінше шариғат үкімдеріне әркім өз бетінше амал етпес үшін, бір жолды ұстану деп түсінуіміз қажет. Қазіргі таңда бүкіл ислам әлемі мойындайтын төрт мәзһаб бар. Ол: Ханафи, Мәлики, Шафиғи және Ханбали мәзһабтары. Біздің ата-бабаларымыз ғасырлар бойы Ханафи мәзһабын ұстанып келді. Осы себепті де олардың арасында дін мәселесінде алауыздық орын алмай, бірлік пен ынтымақта болды.
Ыбырай Алтынсарин бабамыз өзінің «Мұсылманманшылықтың тұтқасы» атты еңбегінде: «Мужтаһид ғұламалар арасындағы ұлықтары төртеу: имам Ағзам, имам Мәлік, имам Шафиғи, имам Ахмад ибн Ханбал. Бұл төртеуі шариғат мәнісін толық тексеріп, халыққа түсіндіріп берді. Біз ол төрт имамның ішінде имам Ағзам мәзһабында боламыз, яғни имам Ағзамның үйреткен шариғаты бойынша іс етеміз», – деп жазған.
Кейіннен ғана мәзһабты жоққа шығарып, жамағат арасында түрлі алауыздық салып, мұсылмандардың жік-жікке бөлінуіне себепші болған топтар пайда болды. Олар жамағат арасында күдікті ойлар салып: «Сен Құран, сүннетпен жүресің бе, әлде мәзһабпен жүресің бе?», «Мәзһаб имамдарының барлығы: «Хадис сахих болса сол менің мәзһабым», – деген. Ендеше, сахих хадиске амал етсең, мәзһабтан шыққан болмайсың», – деген сұрақтар қою арқылы өз қатарларына қосқысы келеді.
Қазіргі таңда: Мәзһабпен жүресің бе әлде сүннетпен жүресің бе? – деп сұрақ қоятындарды кездестіріп жатамыз. Бұл сұрақ арқылы «мәзһаб» ұстану сүннеттен тайғандай, жаңашылдық (бидғат) жолы етіп көрсеткісі келеді. Ал түптеп келгенде, бұл сұрақ жөнсіз, діни білімі жоқ, сауатсыз адамдарды шатастыру үшін қойылатын сауал. Шариғат үкімдерінің қайнар көзі Құран және хадистің әрбір сөзінің тілдік негізгі бірнеше мағынасымен қатар ауыспалы мағыналары да бар. Тіпті, кейде аят пен хадистердің бір әрпінің өзі бірнеше мағынаны білдіреді. Аяттардың түсу себептері, кейбір себептерге байланысты хадистердің бір-біріне қарама-қайшы сияқты көрінетін жерлері де кездеседі. Бұларды кез келген қарапайым адам тереңнен талдап, ара-жігін ажыратып, шариғи үкім шығара алмайды. Осы себепті де Алла Тағала қасиетті Құранда: «Білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар», – деп білім иелеріне жүгінуді бұйырған («Нахыл» сүресі, 43-аят).
Ана тілдері арабша әрі Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарды көзі көрген сахабалар және сахабаларды көзі көрген табиғиндердің өздері діни мәселелерде араларындағы білімділеріне жүгінген. Кейінгі ғасырлардағы адамдардың Әбу Ханифа (Алла оны рақымына алсын) секілді мужтәһид ғалымдардың шығарған үкімдерімен жүруге қаншалықты зәру әрі мұқтаж екені айтпаса да түсінікті. Ал «Мен мәзһабпен жүрмеймін, тек Құран мен сүннетке амал етемін», – деп өз бетінше әрекет еткен адамның ақиқаттан адасуы әрі өзгелерді де адастыруы әбден мүмкін.
Мысалы, физика ғылымында білгірлердің анықтаған тұрақты формулалары бар. Қарапайым адамдар сол формулаларды қолдана отырып, есеп шығарады. Ал оны қолданбаймын деп бас тартқандар өздері сондай формулаларды ойлап табуы ләзім. Ол үшін ондай адам өзінің алдындағы білгірлерден де асып түсіп, білімі олардан да терең болуы қажет. Олай болмаса, бұрынғы формулаларды қолданбаймын деуі бекер. Міне, дәл осы тәрізді мәзһаб ұстанбаймын деген адамның ісі де бос әурешілік.
Сондықтан да мәзһабты Исламнан бөлек, Пайғамбар сүннетінен өзгеше жол деп түсіну қателік. Мәзһаб имамдары – Құран аяттары мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннет жолын бізге түсіндіріп, амал етуге оңайластырып берген үлкен мужтаһид ғалымдар. Құран аяттары мен хадистерді лайықты дәрежеде түсініп, одан үкім шығара алмағандықтан, біз сияқты қарапайым адамдардың мәзһаб ұстануы міндет.
Мәзһаб имамдарының: «Егер хадис сахих болса, сол менің мәзһабым»,-дегені рас. Алайда бұл сөз кез – келген қарапайым адамға емес, тек мужтаһид деңгейіне жеткен ғұламаларға айтылған. Ханафи мәзһабының ғалымы Ибн Ғабидин (Алла оны рақымына алсын): «Аталмыш сөз (Құран мен хадис) мәтінін терең түсінуші, оның ашық мағыналы және үкімі жойылғанын жақсы білетін ғалым адам үшін айтылғаны күмәнсіз. Егер мәзһаб ғалымдары қандай да бір дәлелді қарастырып, оның әлсіздігін анықтап, одан қайтып, кейін күштірек дәлелге сүйеніп, онымен амал етіп жатса, оны мәзһабтан деп тану дұрыс. Міне сол кезде ол мәзһаб ғалымының рұқсатымен жүзеге асқан болып есептеледі. сол үшінде мазһаб имамдарының: «Егер хадис сахих болса, сол менің мәзхабым», – деген сөзін, «Егер хадис амал етуге жарамды болса, онда ол менің мәзһабым», – деп түсінген дұрыс».
Бұдан түсінетініміз – кез келген Имам Бұхари не болмаса Мүслим сияқты ғалымдардың хадис жинақтарын оқып алып, хадисте былай деп айтылған екен деп, оған амал жасауға асықпай, ғалымдардың түсіндірмесін білуіміз қажет. Кей адамдар оқыған хадисіне бірден амал етіп, оны іс жүзінде жүзеге асыруды сүннетке деген ерекше сүйіспеншіліктің көрінісі деп түсінуі мүмкін. Бірақ ондай адамдар сүннетке деген сүйіспеншілігі себепті емес, аталмыш салада маман болмауы себепті қателікке бой алдырады.
Қорыта айтқанда, мәзһаб ұстану адасушылық емес, керісінше қажеттілік. Ешбір мәзһаб Құран мен хадистен, жалпы Исламнан бөлек, өз бетінше жол емес. Халыққа дінді ұстануға жәрдем беретін жеңіл де, жүйелі жол. Ал мәзһабты жоққа шығарып, өз бетінше Құран және сүннетпен жүремін деу – қателікке бой алдыруға, бөлінуге, адасушылыққа себеп болады. Сондықтан да бір мәзһабпен жүріп, араңдатушы топтардың арбауына еріп кетуден сақ болғанымыз жөн.
Міржақып Алиасқар
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
«Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»
бөлімінің маманы
Мәзһаб ұстанудың маңызы
