Мәзһаб ұғымы мен мәні
Мәзһаб ұғымы мен мәні
27.04.2023
1372
0

Тарихтан баян болғандай пікір алуандылығына байланысты ислам әлемінде көптеген мәзһабтар пайда болған. Алайда күллі мұсылмандарға белгілі ислам құқығында 4 мәзһаб, сенімде 2 бағыт бар. Ислам құқығында – Ханафи, Мәлики, Ханбали, Шафиғи. Ал сенімде – Матуруди және Ашғари мәзһабы. Әлемнің көптеген мұсылман елдері, Балқан түбегі, Түркия, Ауғаныстан, Пәкістан, Орта Азия даласы және көптеген түркі халықтары – имам Әбу Ханифаның жолын ұстанады. Соның ішінде бізде яғни қазақ халқыда бармыз. Ата-бабамыз исламның сүнниттік бағыттағы Ханафи мәзһабы Матуруди ақидасын ұстанған.

Қоғамда дінді ұстанушы болсын, болмасын «неге біз мәзһаб ұстанамыз, мәзһабсыз жүрсек болмайма?»,-деген сауалдар болып жатады. Бұл сұраққа жауап бермес алдын «мәзһаб» деген не? ол бізге керекпе? деген сұраққа жауап берсек. Мәзһаб сөзі араб тілінен аударғанда – жол, көзқарас, деген мағыналарды білдіреді. Қайнар көзі – Құран мен сүннетке негізделген илаһи жүйе. Бұл ұғым ардақты елші Мұхаммед Пайғамбар (с.а.с.) кезінде болмады. Мұсылмандар арасында қандайда бір қиындық туа қалса Мұхаммед пайғамбардан (с.а.с.) барып сұрайтын. Алла елшісі дүниеден өткен соң халық арасында қандайда бір түйткілді мәселе болса шешімін сұрау үшін сахабалар мен табиғиндерден барып жүгінетін. Өйткені Алла елшісі Мұхаммед (с.а.с.) «Менің сахабаларым аспандағы жұлдыздар секілді, қайсысының соңынан ерсеңдерде адаспайсыңдар» деген хадисін басшылыққа алатын. Уақыт өте келе ислам дінін әр түрлі климаттық белдеуде орналасқан мәдениеті, тілі, дәстүрі, өмір сүру дағдысы бөлек түрлі халықтар қабылдай бастады. Осындай жағдайда мұсылмандардың діни сұранысын қанағаттандыратын жолбастаушы қажет болды. Орын алып жатқан түрлі саяси жағдайларға байланысты «ағымдар» пайда бола бастады. Алғашқы мәзһабтар ретінде – муржия, муғтазила, харижия секілді ағымдар пайда болды. Бірақ барлығы да сенім мәселесінде қателікке ұрынып, Муташабиһ аяттардағы Алла Тағаланы кемшіліктерден пәктеудің орнына оған ғана тән іс-әрекеттерге төрелік жасап, көптеген мұсылмандардың адасуына себеп болды.

Құран Кәрімнің Нахыл сүресінің 43 аятында: «Білмесеңдер білім иелерінен сұраңдар»,-деп бұйырғандай шариғатта ғалымдардың соңынан еру қарапайым халық үшін міндет. Ал ғалымдар халыққа шариғатты үйретуші әрі түсіндіруші болып табылады. Себебі қарапайым халық өздігінен шариғат пәтуасын шығара алмайды. Адасқан ағымдарға алғаш болып соққы жасап, мұсылмандарды фикһ пен сенімде дұрыс арнаға бұрған алғашқы ғалым Имам Ағзам Әбу Ханифа (Нұғман бин Сәбит) болды. Тартыстардың пайда болуына негіз болған «амал мен иман» мәселесі. Көптеген ағымдардың көзқарасы бойынша амал мен иман бір. Амалы жоқтың иманы жоқ. Демек ол кәпір деген ұстанымды ұстанады. Мұндай жағдай қазіргі күнімізде де орын алып жатқаны белгілі.

 Ханафи мәзһабы бойынша «амал иманнан бөлек, амал иманның жемісі және күнәһар адамның ақыреттегі халі Алла Тағаланың қалауына байланысты. Қаласа кешіреді, қаласа жазалайды. Сондай-ақ иман келтіріп намаз оқымағанның үкімі – кәпір және тозақтық емес күнаһар мұсылман болып табылады. Үкім беру Алланың ісі»,-деп бұл мәселеге араласуды қате санаған. Яғни қандайда бір мұсылман тілін кәлимаға келтіріп амал етпесе де ол мұсылман. Атақты Жәбірейіл хадисінде Жәбірейіл періште Алла Елшісінен ислам мен иманды бөлек сұрау арқылы амал мен иманның бір еместігін жеткізе келе  періштенің келу себебі «сендерге діндеріңді үйрету үшін келді»,-деп түсіндіреді.

Соңғы уақыттары «Құран мен сүннет тұрғанда бізге мәзһабтың не керегі бар?» немесе «сен кімнің жолымен жүресің Әбу Ханифаменбе әлде Пайғамбардың жолымен жүресіңбе?»,-деп шиеленістер шығарып, мәзһабты керексіз етіп жүргендерге көзіміз куә. Мәзһабсыз-ақ құлшылық етеміз деп өздері сәләфилік бағыттағы ғалымдардың шығарған пәтуаларымен амал-ғибадат етіп жүргенін байқайсыз. Мәзһабты жоққа шығару «Құран мен сүннетке» қарсы шығумен тең. Алла Елшісі Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) дүниеден өтерінде: «Ей мұсылмандар! Мен сендерге екі нәрсені қалдырып барамын. Егер осы екеуін бекем ұстап, амал етсеңдер ешқашан адаспайсыңдар. Ол – Құран және сүннет», деген екен. Теріс діни ағым өкілдері теңдесі жоқ ғалым деп есептейтін Ибн Тәймия былай депті: «Ислам мәзһабтары жұмаққа жетелер жолдар». Ал мәзһаб мұсылмандардың құлшылығын жеңілдету үшін құрылған һәм тура әрі қатесіз жол.

Қорытындылай келе айтпақ болғанымыз «мәзһаб» мұсылмандардың құлшылық-ғибадатын, өзара қарым-қатынасын жеңілдететін қоғам үшін қажетті жүйе. Жоғарыда аталған 4 мәзһабтың қайсысының етегіне жармассақ та тұп-тура Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.) мен оның асхабына апарар төте жол. Дегенмен ата-бабасы қай мазхабты ұстанып өтсе, ұрпақта сол жолмен жүргені абзал. Мұсылманның мақсаты Алла және оның елшісінің бұйырған жолымен жүру болса, тек қана «мәзһаб» ұстану арқылы болмақ.

 

Қ.Қосмаханов

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

маманы                                                                                     

0 пікір